20.08.2021, 14:33
Оқылды: 59

Құс фабрикасының таныстырылымы өтті

Дүйсенбіде «Samgau» коворкинг орталығында ауыл іргесінде бой көтеріп жатқан «Тасқала құс фабрикасының» таныстырылымы болып өтті. Оған аудан әкімі Алдияр Халелов және ауыл тұрғындары мен сала мамандары қатысты.

қ1

Осыдан екі жылдай уақыт бұрын қолға алынған шаруашылық ақырындап бой көрсетіп келеді. Ауданға Орал қаласы бағытынан кіреберіс жолдың маңында құс фабрикасының құрылысы жүргізіліп жатқаны баршаға мәлім. Бүгінгі кездесуде аталмыш шаруашылықтың басшысы Ізбасар Кенжалиев бейнекөрсетілім арқылы өзінің атқарып жатқан жұмыстарын таныстырып өтті.

- Жалпы, құс шаруашылығымен айналысып келе жатқаныма 20 жылдан асты. Осыған дейін аудан орталығында өткізілген құс шаруашылығы бағытындағы жәрмеңкеге бірнеше мәрте қатыстым. Сол тұста құстың балапанын сатып аламын деушілерге жеткізіп беріп отырдық. Соңғы кездері «Неге өзіміз құс фабрикасын салмаймыз?» деген ой келді. Содан 2018 жылы құс фабрикасының жобасын жасақтауға кірістік. «Жалғыздың үні шықпас» дегендей, бұл игі бастамаға аудан басшысынан бастап, біршама адамдардың көмегі болды. Құс фабрикасына қолайлы орын тауып, одан әрі идеямызды қолдау бағытында көмектерін аямады. Нақтырақ айтар болсам, кәсіп ашып, шаруашылықпен айналысамын дегендердің қолын қақпайды. Көп уақыт оздырмай құс фабрикасының орнын белгілеп, құрылыс жұмыстарын бастап кеткен болатынбыз. Артынша карантинге тап болып, жұмысымыздың одан әрі қарқынды жүруіне кедергілер болғаны рас. Бірақ алға қойған мақсатқа жету бағытында өз жұмысымызды жандандырып келеміз. Алдағы уақытта аудан тұрғындары қалаға бармай-ақ, балапандарды өзімізден келіп сатып алатын болады. Ауылдастар үшін бұның өзі көп жеңілдік. Сонымен қатар құстың жұмыртқасы мен еті де сатылымда болады. Тұрғындарға қолжетімді бағамен жеткізуді де ойластырамыз. Тасқалалықтар бүгінгі күнге дейін жәрмеңкенің болатын уақытын күтіп жүретін. Болашақта ауыл тұрғындары кез келген уақытта барып, құс фабрикасынан керегін сатып алады. Аталмыш шаруашылық орны үш кезең бойынша салынуда. Әзірге бірінші кезеңін жүргізіп жатырмыз. Алдымен екі қора салып, оған 100 000 бас бройлер әкелмек ойымыз бар. Бұл тек бастамасы ғана. Сонымен қатар 50 адамға дейін жұмыс орнын ашуды жоспарлап отырмыз. Оған тек жергілікті адамдарды тартқымыз келеді. Тек қана тауық емес, сонымен қатар үйрек пен қазды да толтырғымыз келеді, - дейді «Тасқала құс фабрикасы» ЖШС-ның басшысы Ізбасар Кенжалиев.

қ2

- Аталған жоба іске асып жатса, тасқалалықтар үшін өте тиімді болмақ. Сабылып қалаға шаппай-ақ, ауылдың іргесіндегі құс фермасынан ала салғанды жөн санайтындардың қатары көбейетіндігі сөзсіз. Осы кездесу барысында бизнестің тек тиімді жағын ғана ойластырмай, экологиялық жағдайы туралы да сұрап көргенбіз. «Негізінен экологиялық бағыттағы ережелерге сәйкес құс фабрикасы салынып жатқан орын мен ауылдың арасындағы қашықтық 300 метрден кем болмауы тиіс. Ол ережелер аталмыш құс фабрикасында сақталған. Тіпті одан да алыс қашықтықта орналасуда. Сондықтан қолға алған игі істерін алаңсыз жүргізе берулеріне болады, - дейді «Анар-ай» ЖШС-ның жобалаушы экологы Сұлушаш Құдабаева.

Жиын барысында аудан әкімі Алдияр Сансызбайұлы құс шаруашылығымен айналысуды қолға алған іскер азаматтарға сәттілік тіледі. Құрылыс жұмыстарын уақытында аяқтауды және нақты істі жүргізуді қадағалап айтты. Құс шаруашылығын дамытатын орынның тезірек іске қосылуын аудан жұртшылығы асыға күтуде.

 

Әсет Баян,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале