5.10.2021, 12:52
Оқылды: 91

Құт дарыған үлкен үй

Иә, жетінші мәрте ұйымдастырылған «Мерейлі отбасы» байқауының бас жүлдесін бөкейлік Нағым Тәжімұратовтың отбасы жеңіп алды. Бөкей жұртшылығы бұларды байқауға қатысып, жүлде алмас бұрын-ақ мерейі үстем, құт дарыған отбасы ретінде жақсы таниды.

9C50E8B7-45F3-4EA9-BB9E-48B2508E4382

Нарынның Нағымы

Бірлігі мығым, берекелі әулеттің отағасы Нағым ағамыз кез келген ортада ісімен де, сөзімен де төрден орын алатын азамат. Дәл осындай болмаса, ауылдың үлкен-кішісі жабылып, «Нарынның Нағымы» деп мерейтойлық кеш өткізер ме еді?..  Әулеттің ғана емес, тұтас ауылдың ағасы болуы үшін жастың үлкендігі емес, сөзі мен ісінің сайлылығы емес пе ең керегі?

Ағамыздың көшбасшылық қасиеті сонау бала жастан қалыптасса керек. Мектеп бітіргеннен кейін арман қуып, Алматы аттанады. «Сондағы мақсатым заңгер болу еді. Ауылдағы мал баққан майдангердің баласымын. Таныс жоқ, тамыр жоқ, өз біліміме сеніп барғанмын. Емтиханнан өте алмай қалдым. Бұрыла салып, ауылға кетпей, дұрыстығына жетейін деп ректордың алдына дейін бардым. Сол кездегі ҚазМУ-дың ректоры Өмірбек Жолдасбеков заңгерлікке түсу қиын деп, мехфактың даярлық тобында оқуға кеңес берді. Бір жыл оқып, «таңдаған мамандығым, жүрек қалауым емес» деп кері ауылға қайттым» – дейді. Сол бір жыл ішінде староста да боп үлгерген Нағым ағамыз он, жиырма, отыз, елу жылдық кездесулерде шақырусыз қалмайды. Группаластарымен, тіпті курстастарымен әлі күнге тығыз қарым-қатынаста. Шымкент барып, Алматы асып, сол группаластарының қуаныш-қайғысында бірге жүреді. Бұл да ағамыздың адам қасиетіне жақсы мысал.

Алматыдан келген соң дәнекерлеуші боп қызметке кіріседі. Жәнібек айналып келген бензовозы бар, басқасы бар сынып келсе, полигондағы әскерлерге апарып дәнекерлетіп келетін. Қолы епті Нағым ағамыздың қадірі асты. «Сол кез үшін анау-мынаудың қалтасын түспейтін 430 рубль жалақы алдым» деп қояды кейіпкеріміз. Елегезек жас сол кездегі ауыл басшысы Бейсенбі Ғұбашевтің көзіне түседі. «Шофер болсаң қайтеді?» деп қасына шақырады.  

– Ағам Қуанышпен жақсы араласатын, сөзі өтімді, танысы көп Бейсақаңның сөзін жерге тастамай, 430 рубль жалақыны 160 рубльге айырбастап, қызмет ауыстырдым. Бұған өкінген емеспін.  Ағайдың қасында жүріп, көп нәрсені үйрендім. Өмір мектебінен өттім. Сол кездегі басшылық қызметтегі ағаларымыздың мысы басым, беделі мықты еді ғой. Бір тілім қағазға шаруасын жазып, қолыңа береді де, «мені сәлем айтып жатыр дерсің» дейді. Сол сөзімен-ақ Саратов, Волгоградқа дейін барып, шаруамызды оңынан шешіп келеміз. Кейін гараж меңгерушісі ғып тағайындады. Аты бар да, заты жоқ еді. Жоғын түгендеп, барын арттырдық. Бертін келе Шамғон Қажығалиев сияқты арыстарымыз концерт қоятын орынға айналды. Гараждан соң қойма меңгерушілігіне ауыстым.  Кейін техникумды сырттай бітіріп, зоотехник те боп жасадым. Осы кезде кеңшарлардың тарап, жекеменшікке пай алып шығып жатқан кез еді. Бөрлі ауылы пайды бірден бір адал бөліскен ауыл деп айта аламын. Ортақ меншік тек әлдінің уысында, не тістегеннің ауызында, ұстағанның  қолында кеткен жоқ. Тең бөлістік. Сосын да болар, ауылымыз іргесі ажырамай бір үйдің балаларындай боп, бірге тірлік етіп келеміз, – дейді кейіпкеріміз.

7F6D4453-8D6B-4293-A827-2B978C858EB4

Ағамыздың сөзі аузында ғой. Бірақ сол бірлікте ұстап келе жатқан бір адам болса, осы Нағым аға екенін айта кеткен жөн. Марқұм әріптесіміз Ерлан аға Сайхаденов: «Ауылды ұйытып ұстайтын аға буын ғой. Біздің ауылда Нағым ағаның алдынан ешкім шықпайды, ешқайсысы да ол кісіні жүре тыңдамайды. Той-томалақта да, қазада да ауыл халқын жұмылдыратын осы ағамыз. Қыртымбай әңгіме, бос күлкі көбейіп кетсе, ағамыз ұрысып азаптанбай, жөткірініп, тамағын кернесе болды, сөзден тыйылып, тәртіпті бола қаламыз ғой» дейтін ағаның беделі турасында.

Ағамыз тек тәртіпке қана емес, ауылдағы қайырлы іс, қайырымдылыққа да бастамашы. Ол көмек қолын созған жандардың арасында ауылдас та, басқа қалада тұратын қандастарымыз бен өзге ұлт өкілдері де бар. Қаладағы қаңғыбас орыс әйеліне көмектесіп, адам қатарына қосқанын білетіндер аңыз ғып айтады. Қолдау білдіріп, қолтығынан демеп қана қоймай, бүгінгі күнге дейін тығыз байланыс ұстап, қал-жағдайын біліп тұратын. Үйі, тіпті қора-қопсысы өрттенген ауылдасқа да ауылдағы ағайынды жұмылдырып, асарлататын да осы ағамыз. Әңгіме басын осы тақырыпқа бұрғанымда «Иә, үй өртеніп, біреуі профлист, екіншісі кірпіш, үшіншісі ағашын, басқалары ақшасын беріп, ағайындық таныттық. Одан бері де талай су ағып, талай мұз еріді. Қайталай беріп неғыламыз? Бейтаныс орыс әйелінің «бәрін басынан бастаймын, адам боламын» дегеніне иланып көмектескенім де рас. Көмектескен мен емес мықты, сөзіне тұрып, қайта сүрінбеген ол мықты ғой» деп маңайлатпайды.

Ағамызды сонау Алматыдағы жасдәурен шақтан танитын өз әріптесіміз,  ой түзер корефийіміз, ҚР ақпарат саласының үздігі Есенжол Қыстаубаев:

– Нағымды Алматыдан танимын. Алматыдағы зәулім ғимараттардың қабырғасында ол ағаның қолтаңбасы қалған. Сол кезде салынған «Алтын дән» қонақүйі, әкемтеатр, студенттер жатақханасының құрылысына бір кісідей тер төккен. Бұйыртса, келер жылы ҚазМУ-дың елу жылдығы тойланбақ. Үлкен істер жоспарланды. Сол істердің басы-қасында осы Нағым жүр. Ағаң жас кезінен тік сөйлеп, тіке жүретін, қай-қай ортаға да пайдасы тимесе, зияны тимейтін адам ғой. Сол кездің өзінде селтеңбай жүріс, жауапсыздықпен жаны қас еді. Оның бас қондырғысының өзі басқаша ғой. Қай факультетте оқимын десе де қабілет-қарымы бар еді, айтқанынан танбай, ауылға тартып отыр. Ауылға кеткеннен ештеңеден ұтылған жоқ, ұпайы түгел. Нағым сияқты тегінде бар, болмысынан бай адамдар жоғалмайды ғой, – дейді.

– «Депутат қандай болу керек?» десе, мен «Нағым Тәжімұратовтай болу керек» дер едім. Ол кісінің телефоны тәулік бойына қосулы тұрады. Балшықты, боранды күні жолда қалған жолаушы да, кісісі өлген қаралы үй де осы ағамызға қоңырау шалады. Ағамыз біреуінің де меселін қайтармайды. Жылдары спорттық шаралар, олимпиадаға баратын балаларымыз да тиісті орнына жеткізіп салу осы ағамыздың міндеті еді. Мектепте музей ашуға да осы ағамыз ұйытқы болды, қомақты қаржысын салды. Әлеуметтік желіде Д.Қонаевтың мінез құлқы, қарапайымдылығы туралы көп оқимыз ғой. Сондай жазбаны оқысам, өз ағам Нағым Қитанұлын көргендей боламын, – дейді біздің кейіпкеріміз туралы.

Ізгілік ұялаған жанұя

Әйел – үйдегі ырысың,

Ұл – айбарлы қылышың.

Қыз – түздегі өрісің,

Келін – кеңейген тынысың.

Қиямет көрсең де ғұмырдан

Табаның таймасын тұғырдан, – деп Ескелді би айтпақшы, Нағым ағамыздың жары Гүлнәр да, ұл-қыздары да ел аузында жақсы аты жүрген жандар.

Гүлнәр апамыз да осы ауылдың тумасы. Ол да арман қуып, Алатау барған. Апамыз сөзге жоқ. «Мені қайтесің, ағаңды жазсаң, болды ғой» деп бас тартып бақты. «Қарапайым, қара жұмыс жасадық. Сатушы да болдым, хатшы да болдым. Мақтанарлық ештеңе жоқ» дейді. Апайым сыпайы болуға тырысып, сөзден қашса да, суыртпақтап отырып, үлкен жүрек, кереметтей сабырдың иесі екенін білдім. Отыз жеті жылдай енесімен тұрып, ақ жауып, арулап көміпті. «Ой, айтады екенсің, кім олай етпей жатыр?» дерсіз. Жөн-ақ, апайымыз екінің бірі қолынан келмейтін ерлік жасапты. Бір емес, екі бірдей сәбиін абысынының бауырына салып беріпті.   Негізі баласын басқаның бауырына салып беру нақ осы отбасында бұған дейін де бопты. Ең үлкендері Құрмантай нағашысының қолында өсті. Бүгінде Нағым аға да, інісі Меңдібай аға да осы дәстүрді қатаң сақтап, әке ісін жалғастырыпты.

– Иә, балаларымызды шешейіміздің (үлкен абысынының) бауырына салып бердік. Бізден артық қарамаса, кем қарамады. Бар тілектері балалардың үстінде еді. Тіпті балалар мектепке барды деп, жоғары оқу орнына түсті деп осылар үшін қоныс аударып та отырды. Бүгінде ағайымыз да, шешейіміз де о дүниелік боп кетті, бірақ рухтары тірі ғой. Еміреніп, «менікі» дей алмаймыз. Ағайымыз Қуаныш бұрынғының ақсақалдарындай шежірешіл, қазына кеуде қария еді. Абысынымыз Зоя орыс жерінің қызы еді. Еркін, ерке, би болған адам. «Сәбилеріңді бізге берсеңіз қайтеді?» деп сұрап, қабағымызға да қарамайтын. Алғысы келсе, «киім-кешегін жинастырып бере ғой» дейді. Қарсы шықпаймыз. Балам шақалақ кезінде балаға қоса мені де уақытша үйлеріне сұрап әкеткен еді. Біздің сол кездегі көнбестігіміз қазіргілер үшін құқықбұзушылық, надандық шығар.  Енеммен қырық жылға жуық уақыт тұрдым. Енем мінезді адам еді. «Келіннің аты – келін» деген бір-ақ ауыз сөзімен тәртіпте ұстады. Мен табалдырықтан аттасымен үйдің бар тірлігін маған тапсырды. Араласқан да, мін де таққан жоқ.  Шаруаға пысық жан еді. Қарттыққа бой алдырғанша малға шығатын, түйе сауатын. Кетер кеткенше тікесінен отырып, газет біткенді көзілдіріксіз оқитын еді. Бізге ондай болу қайда? – деп қояды Гүлнәр апамыз.

3B8BEC1A-4B4F-45DE-B428-278491425BD4

– Баламызды ағайынның бауырына салып бергеннен жамандық көргеніміз жоқ. Бауырмалдық, жанашырлықпен өз құрсағынан шыққан баланы өтеусіз, төлемсіз беретін бұл ғұрып қазаққа ғана тән ерекшелік, туыстық рухани қамқорлықтың үлгісі ғой. Бұл ғұрып ағайынның арасы алшақтамауына бірден бір себеп деп ойлаймын. Бүгінде әр қайсысымыз бөлек тұрғанымызбен қазанымыз бір, түбіміз бір әулетпіз, – дейді берекелі шаңырақтың отанасы.    

Тәжімұратовтар отбасы туралы тағы да сол Гүлбаршыннан асырып ештеңе айта алмасымыз анық.

– Шын мәнінде ізгілік ұялаған, жарасымды отбасы. Ағай қандай қайырымды болса, Гүлнәр апай да мейірімді, көпшіл жан. Балалары ұясынан көргенін өмірлік бағыт қып алған, еңбекқор, кішіпейіл. Ағай, не балалары аудан, не қалаға баратын болса, көлікке отырған адамнан ақы алмайды. Ауылдың үлкен-кішісін өздеріне бауыр санайды. Сол әулеттің келіндері де сондай ізетті жандар, бір үйдің қыздары сияқты тату. Тәуліктің қай уағында барсаң да, ашық қабақ, жарқын жүзбен, жаюлы дастарқанда қарсы алады.Ол үйге машинасы сынған жүргізуші, жолаушылар сияқты  құдайы қонақтар, әкім, өнерпаздар ғана емес, тіпті ғарышкерге дейін түсетін құтты шаңырақ, – дейді ол өз сөзінде. 

Мақтаулы шаңыраққа біздің де жолымыз түсті. Бала-келіндер шаруамен қалаға кетіп, немерелерімен қалған екен. Сырт көзге сұсты көрінетін Нағым ағамыздың осал тұсы да осы немере екен. «Немерелер дүниеге келгелі отағасы адам танымастай өзгерді» деп еді Гүлнәр апамыз да.   Біреуі мойнына асылып, енді бірі арқасына артылып, еркелеп-ақ жатыр.

Біз болған санаулы уақытта Гүлнәр апамыз тәтті, дәмдісін аузымызға тосып, шайын да берді, иісін аңқытып, асын да берді. Құдды бір құдасын күткен дастархан дайын тұр екен. Сән салтанаты келіскен шаңырақтан барлық, байлықтың емес, қазақылықтың, мейірбандықтың иісі есіп тұр.

Ауылға үлгі болатын, жас отаулар бұған қарап бой түзейтін үлкен үйдің тірлігі осындай болуы заңды да.

Ұлпан Әнуарқызы,

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале