5.01.2024, 11:45
Оқылды: 36

Күтімсіз жолдарға жауапсыз мердігер кінәлі

Жол — қатынас құралдарының күре тамыры екенін жазудай-ақ жазып келеміз. Экономиканың қарыштап дамуы да сол елдің сапалы жолдарына тікелей байланысты екенін дамыған елдер тәжірибесінен көріп те жүрміз. Енді бітпес дауға себеп болып, таусылмас жырға айналған Казталов ауданының ауылішілік жолдары бір ғана жауапсыз мердігердің кесірінен көз алдымызда күтімсіздікке ұшырауда.

IMG-20240105-WA0002

Бұл жөнінде айтылмаған мінбер қалмады десе де болады. Жақында халық қалаулылары (аудандық депутаттар) тарапынан сол баяғы жергілікті жолдар мәселесі қызу талқыға түскенін естіп шын мәнінде қуанып қалдық. Кезінде жіберілген қателіктерді болашақта қайталамау үшін депутаттармен бірге көп болып кездесер олқылықтардың алдын алуымыз керек. Түк жұмыс бітірмей мемлекет қаржысын меңгеру қылмыспен парапар. Оны жауапсыз мердігер жүрегімен ұғынуы тиіс.Казталов ауданының мәслихаты аталмыш жиынына жергілікті атқарушы орган өкілі ретінде аудан әкімінің орынбасары Рашид Нәсіпқалиұлы қатысқан екен. Сондықтан жергілікті билік депутаттардың ұсынысын қолдап, жауапсыз мердігердің іс-әрекетін майшаммен қарауы керек. Мемлекет қаржысын орынсыз жұмсауға ешкімнің құқы жоқ. Аудандық және облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын күтіп ұстау жұмысы ешқандай сын көтермейтінін жергілікті тұрғындар да айтудай-ақ айтып жүр. Бұл жөнінде бізге де біраз адам хабарласты.

IMG-20240105-WA0004

Ауданның жолдарын күтіп ұстаушы мердігер «СтартСтройСервис» ЖШС директоры Ғани Бекеновтің 2022-2023 жылдары атқарған жұмысын жергілікті тұрғындар мүлдем көрмегенін айтып дабыл қағуда.

Айтса айтқандай, қолында жол жөндейтін талапқа сай техникасы жоқ мердігер қандай мардымды жұмыс атқара алады? Осы сұрақтың өзі мердігердің қандай жауапкершілікпен жұмыс істейтінін көрсетпей ме?

IMG-20240105-WA0006

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтар болсақ, біз де ауданымыздың жолдарын күтіп ұстаушы жауапсыз мердігер «СтартСтройСервис» ЖШС директоры Ғани Бекеновтің атқарған жұмысы жайлы жинақталған мәліметтерді алға тартып, мақала жариялауға мәжбүр болып отырмыз.

Жергілікті жол қатынастары жөнінде үлкен мәселені мінберден көтерген аудандық мәслихат депутаттарына алғысымыз шексіз. Олардың халықпен бірге, пікірлесе жүріп атқарған қызметтері еселене берсін.

IMG-20240105-WA0007

Былтыр жазда Казталов аудандық мәслихатының «Бюджет, экономика және инфрақұрылымды дамыту мәселелері» жөніндегі тұрақты комиссиясының кеңейтілген отырысы өтті. Жиында аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын күтіп ұстау мәселесі қаралды. Депутат Абылайхан Шакуов төрағалық еткен сол жиынға аудандық мәслихат төрағасы Сәрсенбай Молдашев, мәслихат депуттары және онлайн байланыста округ әкімдері қатысты. Онда аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінен Ерлан Ароновтың хабарламасы тыңдалды. Ол аудандағы жолды күтіп ұстау мәселелерін айта келіп, жолға бөлініп отырған қаржының аздығын тілге тиек етті. Осы тұста аудандық мәслихат депутаты Серікбол Қадемов қаржы аз бөлінді деген уәжге келіспей, ойын ашық білдірді.

IMG-20240105-WA0008

-Ауданның ішкі жолдарын күтіп ұстауға келісімшартқа отырған мердігер тарап «СтартСтройСервис» ЖШС. Жолды күтіп ұстауға ауқымды қаражат бөлінуде. Бірақ, жоғарыда аталған мердігердің жұмысына менің де, өзге әріптестерімнің де, тіпті ауылдық округ әкімдерінің де көңілі толмайтыны рас. Көктем мен күз мезгілінде де, жаңбырдан кейін де Көктерек, Қарасу бағытындағы жолдардың уақытылы қырылмайтынын бәріміз көріп жүрміз. Мердігер өз жұмысына үлгермейтінін және техникасының аздығын алға тартады. Қазақта «көтере алмайтын шоқпарды беліңе байлама» деген жақсы сөз бар. Бұл жерде осындай жауапсыз мердігермен келісімшарт жасасқан кезде оның техникасының толықтығына көз жеткізбеген және өздерінің жұмыстарын қадағалай алмай отырған Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық мекемесінің де салғырттығы бар деп есептеймін. Біз аудан бюджетінің әр тиынына дейін бақылап, оның тиімді жұмсалуын қадағалауымыз қажет. Күні бүгінге бұл мекеменің мойнында бірнеше миллион теңге қарызы бар. Енді келіп алдағы уақытта жол күтіміне бөлінетін қаражатты екі есеге ұлғайтуды сұрап отыр. Бұл деген масқара емес пе? Мен сондықтан уақытты босқа созбай жауапсыз мердігермен келісім-шартты бұзуды ұсынамын. Себебі, миллиондап бөлінген қаржы өз саласына жұмсалмағандықтан, жұмыстан сапалы нәтиже күтілмейді, - деді депутат.

Оны қолдаған аудандық мәслихат төрағасы жиын соңында депутаттардың сауалдары мен ескертпелерін ескеріп, жиын хаттамасы арқылы мердігермен келісімшартты үзуді құптайтынын жеткізді.

Ауданымыздың ауылішілік жолдарын күтіп ұстау жұмысына мердігер боп танылған «СтартСтройСервис» ЖШС-ға облыстық маңызы бар жолдар қатарындағы Қарасу-Жұлдыз-РФ шекарасы және ауданық маңызы бар жолдар саналатын Бейістерек, Талдыапан, Қособа, Талдықұдық, Ақпәтер, Таңат, Жаңажол, Жас, Сатыбалды, Көмекші, Көктерек, Жұлдыз, Қарасу, Әбіш кірме жолдары мен Казталов бағытындағы барлық ауылдардың кірме жолдары кіреді. Аудан көлеміндегі осыншама аумақты алып жатқан автожолдарды күтіп ұстау жұмысын — қарамағында ешқандай сапалы техникалары мен арнаулы базасы және жеткілікті жұмыс қолы жоқ серіктестік жүзеге асыра ала ма?! Тиісті талаптар бойынша қажетті техникалар мен тұз араласқан қиыршық құмдар және жол жұмыстарын жүзеге асыратын жұмысшылар үнемі нысанның басында болуы керек. Жалпақталдың үстімен өтетін 6 шақырым облыстық маңызы бар асфальт жолға ауарайының салқын, көктайғақ кездерінде құм себу жұмыстары да осы серіктестіктің мойнында. Ол жұмыс мүлдем атқарылмайды. Ал «СтартСтройСервис» ЖШС болса аудандық маңызы бар жолдарды 2022 жылдан бастап 2024 жылдың 31 желтоқсанына дейін, облыстық маңызы бар жолды 2021 жылдан бастап 2023 жылдың 31 желтоқсанына дейін күтіп ұстауға міндетті еді. Енді 2023 жылдың 31 желтоқсанына дейін күтіп ұстауға міндетті облыстық маңызы бар сол жолды жауапсыз мердігер «СтартСтройСервис» ЖШС жұмысын тағы да бір-екі айға ұзартыпты деп естіп отырмыз. Сонда бұл қалай болғаны?

Егер аудан басшылары жоғарыда көрсетілген жауапсыздықтарды ескеріп, қатаң шара қолдану арқылы аталмыш серіктестік басшыларымен келісімшартты бұзбаса, бұл келеңсіздік әлі де бір жылға созылатын болып тұр ма?! Жауабы жоқ сауалдардың шешіміне қашан нүкте қойылар екен?!

Мүмкін оған ауданның атқамінерлері оң жауабын берер...

Қыдыр Харесұлы,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале