19.10.2023, 17:04
Оқылды: 47

Құтқарушыларды құттықтады

Құтқарушылар күніне орай Теректі ауданы әкімі аудандағы төтенше жағдайлар бөлімі қызметкерлері, өрт сөндіру бекеттері құрамы, ерікті жасақ мүшелерін қабылдап, мерекемен құттықтады.

чс 5

- Биыл Қазақстан Республикасы төтенше жағдайлар органдарының құрылғанына 28  жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде елімізде мемлекетіміздің аумағындағы, сондай-ақ одан шеткері жатқан жерлердегі төтенше жағдайлардың алдын алу мен жою бойынша тапсырмаларды жоғары деңгейде шешуге қабілетті, жедел әрекет ететін қуатты және шұғыл жүйесі қалыптасты.

Бүгінгі күні Қазақстан Республикасының төтенше жағдайлар қызметкерлерінің, құтқарушылардың беделі жоғары. Олардың кәсібилігі, жұмысқа деген адалдық пен ерліктерінің арқасында мыңдаған адамның өмірі құтқарылған, - деді аудан әкімі.

чс 6

Осы жерде ол белсенді, адал қызметімен көзге іліккен бірқатар азаматты марапаттады. Олардың қатарында оқыс жағдайда ерлік көрсеткен жерлестеріміз - Ақсуат ауылдық округінде болған өрт кезінде құтқарушылармен қатар жүрген округ әкімі Жаннұр Ахметов, «Пойма май комбинаты» өкілі Константин Олейник және кәсіпкер Қоныс Орынбасұлы аудан әкімінен алғыс алды.

чс 5+

Подстепный ауылында су айдынындағы қауіпсіздік рейді кезінде Ядовитая өзенінен адам құтқарған аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің инженері,азаматтық қорғау лейтенанты Райымбек Иралиев, Подстепный ауылдық округі аумағындағы су тасқыны, Әйтиев ауылындағы  орман өртінің алдын алу шараларында өз қызметін мінсіз атқарған Төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері, азаматтық қорғау аға лейтенанты Дидар Башаев марапатқа ие болды. Мұнымен қоса №25 Өрт сөндіру бекетінің құрамы – бекет бастығы, азаматтық қорғау майоры Ғабит Біләл, қарауыл бастығы, азаматтық қорғау аға лейтенанты Әлібек Абуов, қарауыл бастығы, азаматтық қорғау капитаны Махат Ержанов аудан әкімінің қолынан алғыс хат алды. Тап осындай құрмет № 12 Өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері - өрт сөндірушілер Дәулет Рысқалиев, Аслан Джанабаев, Руслан Сеитовке көрсетілді.

чс2

-Ел тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген бүгінгі күннің батырлары – Теректі ауданының төтенше жағдайлар бөлімі, №12 Өрт сөндіру бөлімі және №25 Өрт сөндіру бекеті қызметкерлері, ерікті жасақ мүшелері, Сіздерді шын жүректен кәсіби мерекеңізбен құттықтай отырып, жұмысыңызға табыс, жанұяларыңа амандық және зор денсаулық тілеймін,- деп тәмамдады аудан әкімі салтанатты қабылдауды.

Балнұр Қанаева,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале