9.11.2022, 16:15
Оқылды: 27

«Қуып келем, қуып келем, қуып келе жатқаным...»

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында көп уақыттан бері қоғам талқысына түскен зейнет жасына қатысты мәселе шешімін тапты. Маңызы зор бағдарламада зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыру бойынша жаңа шаралар пакетін ұсынған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы:

7

- Әлеуметтің талап-тілегін ескере отырып, әйелдердің зейнет жасын 2028 жылға дейін 61 жас деңгейінде қалдырамыз. Бұл межені алдағы бес жылға дейін асырмау көзделуде. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының тиімді инвестициялық стратегиясын әзірлеу қажет. Ең төменгі базалық зейнетақы мөлшерлемесін ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ына, ал ең жоғарысын 120%-ға дейін дәйекті түрде жеткізу қажет. Бұрын қабылданған шешімдермен бірге бұл 2025 жылға қарай жалпы зейнетақыны орта есеппен 27%-ға арттыруға мүмкіндік береді, - деген болатын.

Айта кетейік, бұған дейінгі қолданыстағы заң бойынша, әйел азаматтар 2027 жылға дейін 63 жаста зейнеткер атануы тиіс болатын. Жыл сайын зейнет жасы 6 айға көбейіп отыр. Ал 1949 жылғы 29 тамыздан бастап 1963 жылғы 5 шілдеге дейін (5 жылдан кем емес) экологиялық қауіп аймақтарында тұрған, Семей ядролық сынақ полигонында ядролық сынақтар жүргізудің салдарынан зардап шеккен азаматтар: ерлер 50, әйелдер 45 жасқа, бес және одан көп бала туған немесе асырап алған және оларды 8 жасқа дейін тәрбиелеген әйелдер 53 жасқа толғанда ерте жастан шығу қарастырылған.

Хош, сонымен ...

Теректі ауданы бойынша қазіргі таңда 5383 зейнеткер зейнеткер бар. Қалғандары - «қуып келем, қуып келем, қуып келе жатқаным – зейнет жасы» деп жете алмай жүргендер.

Жалпы, елімізде әйелдердің зейнет жасына қатысты пікір көп. Олардың дені ерте жастан бастап зейнетке шығуды қолдайды. Мәселен, Ханбибі Мырзағалиева:

- Мәжіліс әйелдердің зейнеткерлікке 61 жаста шығу құқығын бекітетін заң жобасын мақұлдағанын естіп қуанып қалдық. Әйтпесе, зейнеткерлікке шығу мұң болып кетті. «Заңда бекітілген жасқа жеттім-ау» деп жүргенде, арасы алшақтап жылжи береді.  Енді 2028 жылға дейін сол 61 жас тұрақталса екен, - деп ойымен бөлісті. Сонымен қатар Гүлшат Ахметова әлі де бұл жобаға сенбейтінін білдірді.

- Әй, қайдам, заңдары аяқ асты құбылатын біздің елде 61 жастан зейнеткерлікке шығуды көз алдыма елестете де алмаймын. Ертең «анау-мынау» деп сан мәрте өзгертпесе жарар еді. Бұл зейнет жасы көбелек секілді ұстатпады, тіпті. Ұлғайта бергеннен не пайда бізге? Шыны керек, қазір 30-35-тен астың ба, сені жұмысқа да алмайды. Сосын жүргеніміз, не тұрақты жұмысымыз жоқ, не ай сайын алып тұратын зейнетақымыз жоқ, - деген пікір иесі зейнеткерлікке шығу жолдарындағы келеңсіздіктерге тоқталды.

Самал Жамет,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале