26.12.2019, 16:32
Оқылды: 300

Құзғынның құлқыны (әзіл-шыны аралас)

Өлімтіктің біраз жерін үңгіп жеп тояттанған кәрі Құзғын тұмсығын жерге үйкеп-үйкеп жіберді де өлімсіреген көзімен айналасына қарады. Ендігі кезек біздікі дегендей қарқылдаған қарғалар, секең-секең еткен сауысқандар үймелеп алыпты.

quzgyn

Олар тояттана келді-ау дегенде кәрі Құзғын қанатын қомдап-қомдап жіберіп, сөзін бастап кетті.

– Қадірменді бауырларым, – деп құмыға шыққан үнімен құсық та бірге шығып еді, оны кері жұтып жіберді. – Кешірерсіздер, қартайғандық болар, асқазан сыр беріп жүр, жиі-жиі құсатынды шығардым. Нишего, бұйыртқанын көрерміз, енді негізгі әңгімеге көшейін.  Үш ғасырдың тарихын білсек те, біздерден ақыл-кеңес сұрап жатқан ешкім жоқ. 100 жыл өмір сүрмейтін, пайдасынан зияны көп қайдағы бір Бүркітті мына екі аяқты пенделер пір тұтады, төбелеріне көтереді. Өз қадірімізді өзіміз білмей жүрген сияқтымыз-ау... Білмесеңдер, айтайын!

Ата тегіміз со-о-науу Індиа деген елдегі Самұрық деген рудан   тараған. Сол Самұрық бабамыздың суретін мына «Нуорман» елі пайдаланып жүр. Тек олар бабамыздың суретін мазақ қылып, үш бас жасап қойған. Бұл – ақымақтың  ісі. Бабамызда бір бас болған. Сол бір бас, бір тұмсығымен Індианың бүкіл өлімтігін тауысқан, то есть, санитарлық қызметін атқарған.

Бүгінде екі аяқты қулар бүкіл жамандық атаулыны біздермен байланыстырады. Қандастарымыз түсіне бермейтін тендерден жейді, темірді, алтынды, ақшаны ұрлайды. Не керек, бәрін жұтады да, ақыраяғында түрмеге түседі. Әлгі қомағайды Құзғын деп кінәлайды. Бұған біздің қандай кінәміз бар? Біз алтын, темір, ақша жеп жатқанымыз жоқ. Жесек, Бүркіттен қалғанын немесе мүйізін кесіп, қалғанын далаға лақтырып кеткен киіктің өліксесін жейміз. Егер осы өлімтіктерді біз жемесек, мына дала сасып, түрлі ауру тарап, екіаяқтылар қырылып қалмай ма? Осы еңбегімізді олар неге бағаламайды. Ал, Бүркіттен не пайда? Әлі жететіндерін өлтіріп, жүрегін суырып жейді де, өлімтігін тастап кетеді. Сасығанына қарамай, оны да жейтін біз... өз асқазанымызды ойламаймыз. Баяғы тазалық болсын дейміз ғой!

Көшеге де Бүркіттің суретін іліп қойған, балаларының есімдерін де Бүркіт қояды. Алтынға, ақшаға қызығатын балаларының есімін Құзғын қойса, ештеңелері қисайып қалмас еді. Біз де риза болып қалар едік, – деп сөзін  аяқтай бергенде, Құзғынның жүрегі көтеріліп кетсе керек, лоқсып құсып жіберді.

Құзеке, сәл демалып алыңыз, енді мен жалғастырайын, – деп қарқылдаған қара қарға сөзді жалғап  кетті. – Дұрыс айттыңыз, Құзеке! Осы біз кімбіз? Ұзақ жыл өмір сүрсек те, бір жақсы атақ алып көрмеппіз. Екі аяқтылар жамандық атаулының бәрін біздің  басымызға үйіп- төгеді де қояды.

...Қарғаның валетіндей едірейіп,

Мына біреу қасына қайдан келген?..  – деп бір ақын жеңгесіне келген шалды бізге теңеп қойғанын да оқыдым. Өздері жиын-тойларда ішіп-ішіп тойып алады да, улап-шулайды. Сосын бір-біріне «Қарға құсап қарқылдап кеттіңдер» деп тағы бізге аудара салады. Бір уыс Бұлбұлды да сахнада сыңсытып ән айтқызып қояды. Ал, бізге орын жоқ. Бір мезгіл біз де қарқылдап ән айтқымыз келеді. Айта берсең, өкпе көп, бірақ тыңдап жатқан құлақ жоқ.

Осы кезде өлімтіктің қасында бір ұшып, бір қонып, секең-секең етіп жүрген Сауысқан сөзді іліп алып кетті.

– Құзеке, Қареке, жөнді сөз айттыңыздар. Бүкіл пәле-жаланы бізге үйіп-төгеді. «Ұры сауысқан» деген атақ үрім-бұтағымнан бері жалғасып келеді. Құзеке, сіз айтқандай, ұры екіаяқтылардың өздері емес пе? Қазіргі күні ақшасы, алтыны былай тұрсын, пойызды жүгімен, түйені түгімен жұтуға шықты.

Жасыратыны жоқ, арғы аталарымызда жайып қойған құртты ұрлағандардың болғаны рас, бірақ, сол дәстүрді жалғастырайық   десек, бүгінде ауылда күнге кептіріп қойған құрт жоқ. Біздер сумалаңдап көп жерге ұшып барамыз ғой, анада бір келіншектің «Шыбын-шыбын болып, сиыр сауып отырмаймын, дүкендегі әзір сүтті аламын» деген сөзін де құлағымыз шалып қалды, – деп сауысқан секең-секең  етіп, бір ұшып, бір қонды.

Жүрегі лоқсып, асқазаны бүріп ауырып тұрғандықтан ба, көзі қызарып кеткен кәрі Құзғынның даусы тағы құмыға шықты.

– Бауырлар, ойымыз ортақ, айтқандарыңның бәрі дұрыс. Енді ұрпағымыздың болашағы үшін кейбір мәселелерді қолға алуымыз керек. Ол үшін мына бағдарламамен жұмыстанайық. Көшелерге біздің суретімізді ілсін. Өйткені, 300 жыл жасаған біздер өткен тарихты көзімізбен көрдік, жақсы білеміз. Екіаяқтылардың долбармен айтып жүрген тарихын біз түзеп береміз. Бүркітті төрден аластату керек. Әрі оған «табиғатты бүлдіруші»деген айып тағылу қажет. Олар аң-құстың тірілей көзін ойып,  жүрегін суырып жеп жүр. Ал біздерге «табиғатты қорғаушы» деген арнайы мәртебе берілуі қажет. Біз болмасақ, өлекседен жер беті сасып, ауа бұзылуы мүмкін.

Ал сен, Сауысқан, екіаяқтылардың өздері жасаған қылықтарын бізге жапқаны үшін қарымта қайтар. Жасап жүрген ұрлықтарын тергеу орындарына жеткіз де тұр. Әзірше, осыны іске асырайық, қалғанын тағы көре жатармыз,  – деп кәрі Құзғын сөзін аяқтады.

P.S. Кәрі Құзғынның сөзін қуаттаған қарғалар қарқылдап, сауысқандар шақылдап, өлексенің айналасын у-шуға айналдырып жіберді.

Серік Жұмағалиев

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagr am-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале