Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Мұрат Сейлбекұлы Байсаловтың Казталов ауданына жұмыс сапары аясында қызметтік автокөліктерді тиімді және заң талаптарына сай пайдалану мәселесіне арналған жұмыс кеңесі өтті.

Жиынға аудан әкімдігіне қарасты мемлекеттік мекемелердің басшылары мен жауапты мамандар қатысты. Кеңес барысында қызметтік автокөліктерді тек қызметтік мақсатта пайдалану, мемлекеттік мүлікті ұқыпты ұстау, жол қозғалысы ережелерін сақтау және мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын сақтау мәселелері кеңінен талқыланды.
Өз сөзінде Мұрат Байсалов мемлекеттік мүлікті тиімді пайдалану мемлекеттік қызметтің ашықтығы мен қоғам сенімін қалыптастырудағы маңызды талаптардың бірі екенін атап өтті. Осы бағыттағы қоғамдық бақылауды күшейту мақсатында қызметтік автокөліктерге арнайы ақпараттық жапсырмалар орналастырылатынын айтып, олардың мазмұны мен қолданылу тәртібін таныстырды.
Жапсырмаларда азаматтар қызметтік автокөліктің заңсыз немесе мақсатсыз пайдаланылғанын байқаса, бұл туралы уәкілетті органға жедел хабарлай алатын байланыс арналары көрсетіледі. Мұндай тетік мемлекеттік қызметтің ашықтығын арттырып, мемлекеттік мүліктің тиімді пайдаланылуына қоғамдық бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді.

Кездесу барысында қатысушылар қызметтік автокөліктерді пайдалану барысында заңнама талаптарын қатаң сақтау, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу және қызметтік тәртіпті нығайту бағытында пікір алмасты.
Асылбек Нәсіпқалиұлы,
Казталов ауданы