30.12.2020, 15:46
Оқылды: 197

Мәдениет – елдің асыл мұрасы

«Мәдениет – ең алдымен жәдігерлік. Оны ұрпақтан ұрпаққа жеткізуші – зиялы қауым. Себебі, әр халықтың дүниетанымы, рухани байлығы, тыныс-тіршілігі, салт-дәстүрлері дәл осы мәдениет деген асыл ұғыммен астасып жатыр. Қай елдің мәдениеті мықты дамыса, ол елдің еңсесі де биік, рухы да жоғары болады. Сонымен қатар мәдениет – адамзат тұлғасы деңгейіне көтеретін негізгі құрал. Мәдениеттің өзекті бөлігі – өнер. Шынында да өнер мәдениеттің алтын қазынасы, адамның ұлылығын білдіретін ғажап көріністердің бірі. Мәдениет пен өнер – қоғам дамуының негізгі қажетті саласы. Мәдениеті мен өнері өркендеген қоғам әр уақытта ілгерілеп, дамиды», - деген болатын Елбасы.

Мәденит – елдің асыл мұрасы (4)

Тарихы терең мәдениет үйі

Аудандық мәдениет үйі 1978 жылы құрылып, атауы 1999 жылы «Мәдени-демалыс орталығы» болып өзгертілген. Сол уақыттан осы кезге дейін үздіксіз өз жұмысын жалғастыруда. Ғимарат көлемі 11733 шаршы метрді құрайды. 2015 жылы аудандық мәдениет үйінің алдында күй алыптары Құрманғазы, Дина, Мәмен, Оқап, Қали, Шамғон, Тұяқбердінің тас мүсіндері орнатылған. Сол жылы Жеңіс алаңына төрт бірдей Кеңес Одағының Батырлары Мәжит Жүнісов, Есен Орақбаев, Садық Жақсығұлов пен Сәлім Айтқұловқа бюст қойылды. Қазір 13 ауылдық мәдениет ошағында 117 қызметкер еңбек етіп, халыққа қызмет көрсетуде. Жалпы, аудан бойынша 106 үйірме жұмыс жасап тұр. Оның ішінде елді ән-күйімен, өнерімен баурап жүрген жеті «халықтық», екі «үлгілі» атаққа ие болған ансамбльді атап өтуге болады. Халық аспаптар оркестрі, халықтық фольклорлық ансамбль, халықтық «Айзере» әжелер ансамблі, халық хоры (Жаңақала ауданы), халықтық «Ақ әжелер әуені» әжелер ансамблі (Көпжасар ауылы), халықтық «Сымбат» би ансамблі (Қызылоба ауылы), Халықтық «Ән қанатында» вокалды-аспаптар ансамблі (Жаңақазан ауылы) және «Гүлдәурен» би ансамблі, «Нұрбибі» би ансамблі «үлгілі» атағымен бүгінгі таңда өз өнер жолдарын қалыптастырып үлгерді.

Мәденит – елдің асыл мұрасы (6)

- Аудан деңгейінде өтетін мәдени іс-шаралар – мәдени-демалыс орталығында өткізіледі. Халықтың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында көптеген шаралар ұйымдастырып, оларды жүзеге асырып жатырмыз. Салт-дәстүрді насихаттап, жандандыру жұмыстарын жүргіземіз. Әр түрлі жанрлар бойынша фестивальдер, байқаулар өткізе отырып, өнер шеберлерінің талантын шыңдау – басты мақсатымыз.

Елімізді жайлаған ахуалға байланысты тоқтап қалмай, қазіргі таңда жұмысымыз онлайн форматта жалғасын табуда. Мәдени-демалыс орталығының өткені мен бүгініне тоқталып өтсем, соңғы үш жылдың көлемінде аудан әкімінің атынан мәдениетке деген қолдау мол. Дәлелмен айтатын болсам, осы күнге дейін аппараттар болған жоқ еді. Ал көршілес аудандарда осыдан бес-алты жыл бұрын жаңа аппараттар болып, қолданысқа ие болған. Сол уақытта бізде оларды алуға мүмкіндік болмады. Көбісі білетін шығар, концерттік залда кішкентай-кішкентай динамиктермен (колонка) шараларды өткізгенбіз. Соның барлығын ескеріп, аудан әкімі мәдени-демалыс орталығын аппараттармен қамтамасыз етті. 5 ауылдық мәдени-демалыс орталығын қажетті аппараттармен қамтыды.

Сонымен қатар ұжымдарға, би ансамбльдеріне костюм тіктірді. Биыл ауданның 90 жылдық мерейтойына байланысты өткізілетін шара алдыңғы жылы жоспарда болған. «Күй астанасы –Жаңақала» саналатын, ауданымызда облыстық деңгейде ақындар айтысы өту керек еді, сол себепті оркестрлерге де жаңадан киім тігілген болатын. Дегенмен, пандемияға байланысты киінге қалды. Бұдан бөлек, тағы да қуанарлық хабарымыз – Жаңажол ауылдық округіне мәдени-демалыс орталығының құрылысы салынып, аяқталуы жақын. Алдағы уақытта да мәдени-демалыс орталығымызды дамытуға арналған жоспарлар ойда бар, - дейді аудандық мәдени-демалыс орталығының директоры Мұхит Сисенов.

Жетістікке толы ұжым

Жаңақала аудандық мәдени-демалыс орталығының жеткен жетістіктері өте көп. Бұған біз директормен әңгімелесу барысында куә болдық. Әр өткен байқаудан жүлдесіз оралмаған аудан өнерпаздары облыс бойынша алдыңғы қатарда екен. Ауданның мәдениет қызметкерлері ауыл мәдениетінің ақсамауына, ел мәдениетінің өркендеуіне өзіндік үлес қосып жүргеніне куә жеңісті күндер күнтізбесі бар. Түрлі деңгейдегі өткен шаралардан ауданның таланттары жекелей додаларға қатысып, бақ сынап, аудан мерейін арттырғаны жөнінде қалам тербетпесек болмас. Айтар болсақ, Ж.Мұсағалиевтің шәкірті 2019 жылы Ұлттық «Бала дауысы» балалар ән байқауында Еркебұлан Ғұмар лауреат атағын еншілеген. С.Габдуллинаның жетекшілігімен 2019 жылы да облыстық «Балдәурен» балалар шығармашылығы фестивалінде «Болашақ» триосы III орынға иеленді. Мұнымен тоқтап қалмай, сол жылы Л.Қанатованың жетекшілігімен Ақтөбе қаласында өткен халықаралық «Әлия гүлі достарын қарсы алады» атты би фестивалінде үлгілі «Нұрбибі» би ансамблі лауреат атанған. Ал 2020 жылы облыстық «Отаным – алтын бесігім» отбасылық онлайн караоке-party байқауында мұқырлық Негаевтар жанұясы бас жүлдеге ие болған.

Мәденит – елдің асыл мұрасы (2)

Одан бөлек, биылғы жылы Қадыр Мырза Әлидің 85 жылдығына орай Сырым ауданында өткен облыстық ақынның сөздерінен ән байқауында Марат Азамат III орынды еншілеп, аудан намысын лайықты қорғай білді.

- Биылғы жылы 1035 шара жоспарға тіркелген болатын. Алайда карантиндік шектеулерге байланысты кейбір шаралар өзгеріп, жоспардан тыс өтті. Жалпы аудандық, облыстық деңгейде іс-шаралар үздіксіз өтеді. Алдыңғы жылы 2 жыл қатарынан облыстық күйшілер байқауын өткізген болатынбыз. Біреуі Мәмен Мұратұлына арналған «Қали-Мәмен – күмбір күй» және Оқап Қабиғожиннің 115 жылдығына «Күй – құдірет, күй – кие» атты облыстық домбырашылар байқауы болды. Сондай-ақ әр ауданның әнұранына айналған әндерден бұрын-соңды ешбір ауданда болмаған фестиваль өтті. Ал бізде «Жаңақала – гүл қала» атты ән бар екенін біреу білсе, біреу білмес. Мұндағы негізгі мақсатымыз – сол әнді кеңінен насихаттап, танытып, халық білсін деген мақсатта ұйымдастырып, өткізген болатынбыз, - деген әдістеме бөлімінің меңгерушісі Айзада Ақбасова мәдени-демалыс орталығында осы күнге дейін өткізген шараларды қысқаша тілге тиек етті.

Мәденит – елдің асыл мұрасы (1)

Әр жасалған жұмыстың астарында қаншама адамның еңбегі жататындығы белгілі. Әсем безендірілген сахнада ән айтып, би билеу, сахналық қойылымдар қою бір қарағанда жеңіл, оңай жұмыс болып көрінгенімен, мұндағы адамдардың қажыр-қайраты мен адал еңбектерін ескермеу мүмкін емес. Өнерпаздардың сахналық костюмдері, өнері үйлесім тауып, ерен еңбектерінің бағаланғаны мен халықтың көңілінен шығып, қошеметіне бөленуден асқан бақыт жоқ шығар? Мәдениет марғасқалары әр байқаудан ауданның атын асқақтатып, абырой туын көкке көтеріп келсе, қуанышымыздың еселенері даусыз.

Ұлттық құндылық бастауы – мәдениетте. Аудан өнерпаздары еліміздегі ахуалға қарамастан халықтың көңілін көтеруде аянып қалмай, барлық мүмкіндікті пайдалануда. Атаулы даталар мен мемлекеттік мерекелерді де ұмыт қалдырмай, онлайн форматта әлеуметтік желілер арқылы жаңақалалықтарға әсем ән мен тәтті күй, көздің жауын алар би қойылымдарын ұсынып келеді. Аудандық мәдениет саласы майталмандарының жұмыс жасау қарқыны алдағы уақытта да белсенді болса, әлі талай додалы байқау мен сайыстар, мәнді, мағыналы әдеби сазды кештер мен кездесулердің куәсі болатынымызға сенімдіміз.

 

Жаннұр Хайрушева,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале