30.06.2022, 10:15
Оқылды: 49

Мәдениет қызметкерлері - ала доп бәсекесінде

Кеше Казталов ауданы орталығында С.Садықов атындағы аудандық мәдени-демалыс орталығының ұйымдастыруымен ҚР Мемлекеттік рәміздерінің 30 жылдық мерейтойы және Елорда күніне орай мәдениет қызметкерлері арасында шағын футболдан облыстық турнир өтті.

20220629070107_IMG_3385

Турнирдің ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мажитова, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Берік Рахымғалиев қатысты. Зәйлім Исатайқызы жарысқа қатысушы командалар мен спортшыларға сәттілік тіледі.
Мәдениет саласы қызметкерлерінің ала доп бәсекесіне облыс орталығы мен аудандардан 130-ға тарта спортшы мен 13 команда қатысты. Атап айтар болсақ, облыстық мәдениет басқармасы құрама командасы мен Орал қаласы, Бөрлі, Шыңғырлау, Қаратөбе, Жаңақала, Бөкей ордасы, Сырым, Жәнібек, Ақжайық, Бәйтерек, Казталов аудандарының командалары қатысты.

Ойындар «Серпін» және «Қайрат» шағын футбол алаңдарында өтті.

Сала мамандарының ойынына «Айбын» спорт клубының директоры Нұркен Ахметов пен клуб мүшелері төрешілік етті. Жарыс қорытындысы бойынша ІІІ орынды Бәйтерек ауданы, ІІ орынды Шыңғырлау ауданының командалары иеленсе, бас жүлде мен ауыспалы кубокты облыстық мәдениет басқармасының құрама командасы қанжығасына байлады. Ал, Абат Абдрахманов «Үздік қақпашы», Әмірхан Жұбаниязов «Үздік қорғаушы», Аманжол Сатқанбаев «Үздік шабуылшы» аталымдарына ие болды. Бөрлі және Ақжайық ауданы командалары арнайы алғысхаттарды місе тұтты.
Тартысты өткен ала доп бәсекесінің жазылу салтанатында жарысқа қатысушылар ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді. Айта кетейік, ауданымыздың мәдениет қызметкерлері өткен жылы Қаратөбе ауданында өткен турнирде топ жарып, ауыспалы кубокқа ие болған еді. Биыл облыстық турнир аудан әкімдігінің қолдауымен ауданымызда өтті. Жарыс жүлдегерлері арнайы дипломдар, медальдармен және қаржылай сыйлықтармен марапатталды. Мәдениет саласы қызметкерлерінің кезекті ала доп бәсекесі облыстық мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен өткізіледі.

Асылбек Нәсіпқали,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале