9.12.2022, 18:21
Оқылды: 25

Мәдениет майталманының мерейтойы

Садықов атындағы мәдени-демалыс орталығында Зәуреш Базарғалиқызының 75 жас мерейтойына арналған «Өнерімен еліне қызмет еткен» атты кездесу кеші өтті.

318565378_557395373063359_5877358536938068451_n

Кездесу кеші Зәуреш Базарғалиқызының өмірі мен шығармашылығынан сыр шерткен бейнеролик көрсетілімімен басталды. Көрсетілімнен соң сахна төріне халықтың үлкен қошеметімен кеш кейіпкері шақырылып, мерекелік шара Зәуреш апамыздың әсерлі әңгімелерімен өрбіді. Атақты күйші Дина Нұрпейісованың немересі Қоңырдың қызымен кездескен шағы жайында естелігімен бөліскен Зәуреш Базарғалиқызы, сол бір әсерлі сәтті фотосуретке түсірудің мүмкіндігі болмағанына аздаған өкінішін білдірді. Фотосуретте сақталмаған тарихи сәттің, санасында дәл сол қалпында сақталып тұрғанын мақтанышпен жеткізді. Кеш кейіпкерімен болған сырлы сұхбат арасында әдемі халық әндері шырқалып, мерекенің шырайын аша түсті.

318422224_557395323063364_6172831371367622086_n

Мерейтой иесін құттықтау үшін сөз аудан әкімінің орынбасары Ғаділбек Әлібековке, бірге оқыған құрбыларының атынан Құтты Алтаеваға және мәдениет саласының ардагері Гүлнар Харесқызына ұсынылды. Құттықтаушылар бірінен кейін бірі Зәуреш Базарғалиқызымен бірге өткен қызықты күндерін есіне алып, бүгінгі мерейтойымен құттықтады. Аудан әкімінің орынбасары Ғ.Әлібеков еңбек ардагеріне аудан әкімінің «Алғыс хатын» және ауданның жеті кереметі бейнеленген әдемі естелік сыйлықты табыс етті.

Аудан мәдениетінің мәуелі бәйтерегіне айналып отырған Зәуреш Базарғалиқызының 75 жылдық мерейтойына арналған кеште өнерпаздар әннен шашу шашып, әзіл интермедия ойнап көрермен езуіне күлкі үйірді.

Кеш барысында аудандық ардагерлер ұйымының атынан Мұқанғали Бектілеуов, Уәлиолла Әбішов, «Гүлдерайым» әжелер ансамблінің жетекшісі, «Еңбек даңқы» медалінің иегері Нұрия Хабибуллина және туған туыстар атынан Бәтес апамыз бен Серікқали ағамыз ізгі лебіздерін білдіріп, сый-сияпаттарын табыс етті.

Әрқайсысы Зәуреш апамыздың түрлі қырларын, өнері мен талантын тілге тиек етті.

Кеш соңында сахна төріне дәстүрлі әнші, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Қатимолла Бердіғалиев шақырылды. Зәуреш Базарғалиқызымен бірге сахнада өнер көрсеткен сәттерін есіне алған Қатимолла Бердіғалиев, кеш кейіпкерінің деніне саулық, отбасына амандық тіледі. Қатимолла Бердіғалиевтің баянмен сүймелдеуімен Зәуреш апамыз қазақ және орыс халық әндерін тамылжыта шырқап кеш шырайын аша түсті.

Жансая Жұмажанқызы,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале