Шыңғырлауда халықтық «Арай» вокальдық ансамблі мен халықтық «Торыатбас әуендері» фольклорлық ансамблінің «Ұлттық өнер – ұрпаққа мұра» тақырыбындағы есептік концерті көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Концерт барысында ансамбль мүшелері қазақтың халық әндері мен дәстүрлі музыкалық мұраларын орындап, ұлттық өнердің құндылығын насихаттады. Әсем ән мен күмбірлеген күйге толы кеште өнер ұжымдарының жыл бойы атқарған шығармашылық жұмыстары қорытындыланып, көрермен қауымның ыстық ықыласына бөленді.

Халықтық «Арай» вокальдық ансамблінің жетекшісі Сайын Әжіғалиев концерттің маңызына тоқталып, «Ұлттық өнер халқымыздың рухани қазынасы. Осындай есептік концерттер арқылы біз өнерімізді насихаттап қана қоймай, жастарды төл мәдениетімізге жақындатамыз. Ұрпақ сабақтастығын сақтап, ұлттық ән өнерін келешекке жеткізу – біздің басты міндетіміз», – деді.

Светлана Ешмат,
Шыңғырлау ауданы