17.11.2020, 21:39
Оқылды: 183

Мәдениет пен өнері озған елдің, болашағы болады жарқын әркез!

«Мәдениет  -  ұлттың бет-бейнесі, рухани болмысы, ақыл-ойы, парасаты. Өркениетті ұлт ең алдымен тарихымен, мәдениетімен, ұлтын ұлықтаған ұлы тұлғаларымен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлкенді-кішілі үлесімен мақтанады. Сөйтіп, тек өзінің төл мәдениеті арқылы ғана басқаға танылады». Бұл – ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың сөзі.  Иә, өркениетті елдер қатарына қосылу үшін әр мемлекеттің мәдениеті мен өнері алға қарай қарыштап қадам басуы шарт. Теректі ауданы дегенде лезде ойға сөздің қадірін жете ұғынған жұртшылық, батырлар мен жырауларға қоныс болған құтты мекен ойға келеді. Міне, сондай ауданның мәдениеті де осал болмауы аса қажет.

38AC79C1-2017-4E4B-ACD3-470BD2B80C1A

Өнердің ордасына айналған Теректі аудандық мәдени-демалыс орталығы -  әлем мен елімізді әбігерге салған жағдайға қарамастан жемісті еңбек етуде. Орталық директоры Арман Сағидоллин газет журналистерімен тілдесіп, жыл бойына атқарған жұмыстарын жіпке тізді.

-Теректі аудандық мәдени-демалыс орталығына қарасты 21 мәдени мекеме жұмыс жасайды. Оның ішінде:  1 аудандық мәдениет үйі,  9 ауылдық мәдениет үйі, 11 ауылдық клуб, 1 автоклуб. Оның 10-ы типтік, 11-і бейімделген ғимаратта орналасқан.  Жалғыз Қазақстанды емес, күллі жаһанды теңселткен аты жаман дертке қарамастан әріптестерім бірқатар шараларды (денін онлайн форматта) жоғары деңгейде ұйымдастырып келеді. «Ел іші – өнер кеніші» дейді ғой данышпан қазақ. Бүгінгі таңда 7 «Халықтық», 3 «Үлгілі» атағын алған теректілік ұжымдардың еңбегін де ерекше атап өткім келеді. Олардың қатарында халықтық «Теректиночка» вокалдық ансамблі (жетекшісі Н.Темралиева), халықтық «Дат» театры (жетекшісі Ә.Қожабеков), халықтық «Ақ отау» әжелер ансамблі (жетекшісі А.Арыстанова), халықтық «Тайшыбаевтар отбасы» жанұялық ансамблі (жетекшісі Ж.Аманбаева), халықтық «Шежіре» әжелер ансамблі (жетекшісі Г.Құсайынова), халықтық «NO COMMENTS» вокалдық ансамблі (жетекшісі Ю.Новик), халықтық «Ақжайық әуені» домбырашылар ансамблі (жетекшісі М.Саримов) және үлгілі «Жұлдыз» би ансамблі (жетекшісі Ж.Тайшыбаева), үлгілі «Өркен» балалар вокалдық ансамблі (жетекшісі Г.Құсайынова), үлгілі Подстепный балалар саз мектебінің халық аспаптар оркестрі (жетекшісі Е.Нұрымбетов) халық қошеметіне бөленіп келеді. Әрине, осы кезге дейін өткізген шаралардың бәріне бірдей тоқтала алмаспыз. Алайда газет бетін ескеріп, бір жыл көлемінде атқарылған жұмыстардың бірқатарын еске түсірсек,- дейді өз сөзінде аудандық мәдени-демалыс орталығы директоры Арман Рахметтоллаұлы.

1BDC6D62-C6E1-4DBA-9445-2B089DEFCE5F

Рас, соңғы жылдарда аудан бойынша ұлттық сипатқа негізделген ауқымды шаралардың деңгейі артып келеді.  Соның ішінде екі жылда бір өтетін дәстүрлі республикалық  «Шалқар толқыны» республикалық ән байқауы,  «Ақыл мизам өлшем қыл» Абай оқулары байқауы, «ABYSYN SHOY-2019» келіндердің аймақтық (облыстық) байқауы, «Қымызмұрындық» аймақтық (облысаралық) фестивалін атауға болады. «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған көрнекті іс-шаралар қатарында «Қоянды шалмай алар, құмай тазы», «Күміс көмей, жез таңдай», «Дала қызықтары», «Жер аты - бабалар хаты», «Туған жер - алтын бесік»,«ART FASHION», «Менің әулетім - менің жанұям», «Ұмыт болған қара өлеңдер» атты әдеби-сазды кештерді тілге тиек қылуға болады-ақ.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында биылғы жылдың қаңтарында Сарыөмір ауылында «Жайық қыраны-2020» республикалық турнирі өтті. Оған да аудан өнерпаздары өз үлестерін қосып, республикалық доданың жоғары деңгейде өрбуіне мұрындық болды. Долин МҮ-де «Ақ бата - асыл мұра» аудандық бата сайысы, Ұлттық домбыра күніне орай аудандық мәдениет үйі мен Покатилов АМҮ бірлесе ұйымдастырған «Күмбірле, күй-домбыра» қашықтықтан аудандық байқауы да теректіліктердің ыстық қолдауына ие болды.

Аудан өнерпаздарының қатысуымен ақын Қадыр Мырза Әлидің туғанына 85 жыл толуына орай көптеген танымдық әдеби-ән кештері ұйымдастырылды. Әнші-композитор Ескендір Хасанғалиевтің 80 жылдығына орай мектеп оқушылары арасындағы  «Атамекен» аймақтық ән фестивалі де тұрғындар есінде ұзақ сақталары сөзсіз.

Елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты Абайдың 175 жылдығына орай мәдени-демалыс орталығы ұжымының ұйымдастыруымен ақынның қара сөздері, өлеңдері, әндері насихатталып, түрлі челлендждер жарияланды. Абайдың 175 жылдығына орай 2020 жылы 10 тамыз күні ақынның туған күні қарсаңында «Абай мұрасы - мәңгілік рухани қазына» атты бейнетүсірілім жасалып, әлеуметтік желілер мен «Ақжайық» телеарнасының «Күншуақ» бағдарламасы арқылы халық назарына жол тартты.

Облыстық «Ақжайық» телеарнасымен тығыз қарым-қатынаста жұмыстар жалғасып, республика, облыс, ауданға танымал өнерпаздар Таңат Жексенбаев пен Айбек Дәулетқалиев «Жаныңыз жадырасын» бағдарламасында тікелей эфир арқылы сұхбат беріп, әншашуын халыққа арнады.  

Қарттарын ардақтай білген елдің рухы үстем, шаңырағы биік болатыны әмбеге аян. Халқымыз қашанда қазыналы қартын құрметтеп, оларды өскелең ұрпаққа ұлағат етіп ұлықтаудан жалыққан емес, әсте. Мінекей, осындай игі істі Теректі аудандық мәдени-демалыс орталығы қызметкерлері жалғастырды. Жалпы, ауданымыздың мәдени әлеуетін арттыруда аталмыш сала ардагерлерінің еңбегі шаш-етектен. Олар аудан тарихында елеулі еңбектерімен, қайраткерлік қызметімен әркез ел аузында жүретіні анық. Өнер саласы бойынша жылдар бойы табанды жұмыс істеп, сол саланың өркендеуіне үлес қосқан ардагерлердің орны әмәнда биік екені сөзсіз. Осыны мақсат тұтқан мәдениет қызметкерлері «Қарттарын қадірлеген ел ардақты» деген концертін ұсынып, үлкендердің батасын алған-тұғын.

Әрине, түрлі деңгейдегі шаралардан бөлек аудан таланттары жекелей өнер додаларына қатысып, аудан мерейін арттырғанын атап өтпей болмас. Барлық жетістіктерді тізбелесек газет беті жетпес, сондықтан бірді-екілі жеңістерімізді тағы бір мәрте еске түсірсек дейміз.

Алматы қаласында өткен «Ұлы Жеңіс» республикалық балалар мен жасөспірімдер арасындағы патриоттық өнер байқауында хореография жанры бойынша ІІ орынды Үлкен Еңбек ауылдық клубынан Жангүл Өтеу иеленсе, Орал қаласында өткен «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы тұрмыс-тіршілік» қашықтықтан отбасымен шығарма жазу байқауына сол ауылдың тұрғындары - Ахметжановтар отбасы қатысып, жүлделі ІІІ орынды жеңіп алды. Ал Таразда өткен «Жеңіс туы желбіре» республикалық балалар мен жасөспірімдер арасындағы шығармашылық байқауында «вокал» номинациясы бойынша Замира Ерболат ІІІ орынды місе тұтса, Қ.Мырза Әлінің 85 жылдығына арналған «Қазақ әнінің - Қадыры» облыстық қашықтықтан (онлайн) ән байқауында Айбек Дәулетқалиев өз мықтылығын тағы бір мәрте дәлелдеп, жеңістің ең биік тұғырынан көрінді. Орал қаласында өткен Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай «Жеңіс оңай келген жоқ» облыстық қашықтықтан мәнерлеп оқу байқауында Ақсоғым ауылдық клубының көркемсөз оқушысы Гүлдана Мырзағалиева І орынды еншілеп, аудан намысын лайықты қорғай білді.

Тізбелей берсек, мақтанатын жеңістер мен марқаятын жетістіктер өте көп. Еліміздегі жағдайға қарамастан аудан өнерпаздары барлық мүмкіндікті толықтай пайдаланып, халықтың көңілін серпілтеуде аянып қалмауда. Атаулы даталар мен мемлекеттік мерекелер де ұмыт қалмай, онлайн форматта әлеуметтік желілер арқылы теректіліктер әсем ән мен көздің жауын алар би қойылымдарын тамашалап келеді. Ал халықтық «Дат» театры әртістері ғұлама, философ Әбу-Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай су жаңа қойылым дайындауда. Аудан өнерпаздары жылдың әдемі нүктесін аталмыш қойылыммен қоймақшы. Көрерменнің ыстық қошеметіне бөленер күн де жақын...

Әділет Орынбасаров,

Теректі ауданы,

zhaikpress.kz

 

         

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале