11.01.2024, 10:29
Оқылды: 61

Мәһірдің мәнін түсініп жүрміз бе?

Адам өміріндегі басты қадамдардың бірі – отбасын құрып, шаңырақ көтеру. Отбасылық татулық пен берекені, бақытты ғұмыр кешуді асыл дініміз де қуаттайды. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде «Сендердің ең жақсыларың – отбасы мүшелеріне жақсы мәміледе болғандарың ...» дейді.

articles_image_2989

Фото: www.muftyat.kz

«Үйлену оңай, үй болу қиын» демекші, жас жұбайларға дүрілдеп өткен 3-4 сағаттық тойына қарағанда, салтанатты рәсімнен кейінгі тоқшылық пен жоқшылық, сабырлылық пен төзімділік сыналатын жанұялық өмірлері маңыздырақ болғаны жөн секілді.

Соңғы кездері көптеген әлеуметтік желіде жастар арасындағы мұсылмандық неке қию рәсімінде сұралатын, қазіргі таңда трендке айналған мәһір мәселесі қоғамның қызу талқысында жүр. Бүгінгі таңда отбасын құруға ниетті жастар шариғат жолымен мешітке барып, некесін қидыруда. Қалыңдықтың сызыла отырып, болашақ жарынан сый ретінде бағалы дүние сұраған сәттерін ғаламды жаулаған ғаламтордан жиі көреміз. Тіпті виртуалды әлемнен бөлек күнделікті өмірде болашақ жұбайын жолықтырмай тұрып, Алла алдында екі дүниелік бақытқа жетелейтін ақ некенің маңызын түсінбей, қу құлқынның жетегіне еріп, «мәһірге ананы сұраймын, мынаны сұраймын» деп, өз алдына жоспар құрып үлгірген қаракөз аруларымыздың бұл әрекеттері қаншалықты дұрыс? Мәһірдің мәнісі неде? Оның негізгі мөлшері қандай? Күйеу жігітке мәһір сыйлығын беру  міндеттеле ме? Осы жөнінде аудандық мешіттің бас имамы Жомарт Санатұлынан білмекке Алла үйіне бас сұқтық.

- Ең алдымен мұсылман жандар неке қиярда мынадай шарттарды білген жөн: қалыңдық пен күйеу жігіттің кәлимаға тілін келтірулері, бір-біріне жар болуға ризалық білдіруі, куәгерлер - екі ер адам, екі ер адам табылмаса, бір ер адам және екі әйел. Сонымен қатар мәһір сұрау.

Тереңірек тоқтала кетсек, жастар ең алдымен Алланың жалғыз, Мұхаммедтің (с.ғ.с.) оның елшісі екеніне куәлік береді. Халқымыз мұны «кәлимаға тілін келтіру» деп атайды. Сондай-ақ, Алла тағала ерлі-зайыптылардың бірін-бірі ұнатып, сүйіспеншілік сезіммен қосылуын қолдайды. Ал мәһір дегеніміз - күйеу жігіттің алып жатқан қалындығына беретін белгілі бір мөлшердегі сыйлығы. Мәһірге берілген сыйлық қалындықтың иелігі болып есептеледі және мүлкі болып саналады. Мәһір-қалындықтың мүлкі болғандықтан, оған рұқсатынсыз ешкім қол сала алмайды. Ол – әлсіз әрі нәзік әйелдің жалғыз, қорғансыз қалған жағдайда (жесір қалса немесе ажырасып кетсе) материалдық мұқтаждық көрмеуіне жасалатын қамқорлық. Ал, егер күйеуі қандай да бір материалдық қиыншылыққа ұшыраса, мәһірінен жәрдемдессе болады. Кейіннен екеуі ажырасып кетсе, күйеуінің немесе қайын жұртының мәһірды қайтып алуға құқығы жоқ.

Мәһір Құран аяттарында да айтылған.  Алла Тағала «Ниса» сүресінің 4-аятында «Үйленетін әйелдеріңе мәһірлерін шын көңілден тарту етіңдер ...» деген. Тағы бір аятта «Егер әйелдеріңмен ажырасып, орнына басқа әйел алып төсек жаңғыртуды қаласаңдар, ажырасқан әйелдеріңе кезінде үйіп-төгіп мәһір берген болсаңдар да, одан бір сабақ жіп дағы алмаңдар. Әлде, оны қайтарып алу үшін (әйелдеріңе зина жасады деп) жала жауып, көрер көзге күнә арқаламақсыңдар ма?» – деп бұйырады.

Мәһір – қалыңдықтың ақысы. Шариғат бойынша мәһірді міндетті түрде беру керек. Келісілген мәһірді бермеу – күнә, бірақ қиылған некесі дұрыс болып саналады. Ол ақшалай немесе заттай беріледі. Оның сипаты мен мөлшері, уақыты анық көрсетілуі керек. Дінімізде мәһірдің жоғарғы шегі көрсетілмеген. Ол күйеуді қарызға батыратындай көп немесе қыздың көңілін ренжітетіндей кем болмағаны дұрыс, - деп түсіндірді.

Мәһірсіз отбасын құрған менің көкейімді жаңақалалық жастардың не қалайтыны қызықтырып, бас имамнан сұрағанымда: - Қазақи тәрбиені бойына сіңіріп өскен ауылымыздың арулары жолдасының жағдайын ескеріп, әлеуметтік желіде жарыса жарияланып жүрген бір үйір жылқы, соңғы үлгідегі телефон, көлік, пәтерді мақсат тұтпай, құрар шаңырағының шырайын келтіруді діттейді, - деді.

Аталмыш тақырып төңірегінде жергілікті тұрғындардан да пікір алуды жөн санадық.

- Соңғы кезде жастар арасында мұсылмандық неке қию барысында мәhір сұрау салты белең алып барады. Қазақта отбасы мен некеге қатысты сонау ежелден келе жатқан бірегей әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлері бар. Кейбір қалыңдықтың материалдық деңгейге, отбасының әлеуметтік жағдайына қарамай қымбат нәрселер сұрауы еріне ауырлық туғызуда. Жастар дүниенің құлы болмай, болашақ шаңырақтарын бірге көтеруге жұмыстану керек. Біздің замандастарымыз еш мәhірсіз неке қиып, отбасын құрып, ұрпақ өсіріп, бүгінде ата мен әже болып отыр. Жас отбасылар заманның ағымына қарай дәстүрдің озығын қолданып, жарымен жарасым тауып, шаңырақтары шайқалмаса екен деймін,- дейді көргені, түйгені мол Рая анамыз.

Ал шаңырақ көтеруге дайындалып жүрген Ақерке есімді сіңіліміз:

- Қыз баласының армандарының бірі – өмірлік жарын тауып, бақытты әйел және ана болу. Қиындығы мен қызығы мол сатылардан өтіп, отбасы ретінде өздерін бірге тәрбиелеу. Заңды түрде некеге отырғаннан кейін, шариғат шеңберіне сай, неке қидыру біздің дінімізде де, дәстүрімізде де бары анық. Ер адамның жауапкершілігінің артуы, әйелдің өзіне жүктелген міндеттемелерін сезінуі осы кезден бастау алады десек, дұрыс шығар. Себебі Алла алдында уәде етіліп, имамның қиған некесі  береке мен бақыт әкелері сөзсіз. Дінімізде бекітілгендей, неке қиюдың да өзіндік ережелері бар. соның бірі –мәһір сұрау рәсімі. Жалпылама тілде айтқанда, ерінің әйеліне беретін өмірлік азығы, сыйы. Көп жерден оқып та, ізденіп те жүрмін. Әркім әртүрлі құнды-құнсыз нәрселер сұрап әлек. Тұрмыс құрар адал жар жолықтырсам, төрт түліктің бірі - жылқыны талап етер едім. Өйткені баршамызға мәлім, жеті қазынаға жататын жылқы малы – мінсең -көлік, жесең – азық, сатсаң - пұл, тіпті, өсіріп, әрі қарай басын көбейтуге де болады. Яғни, дінімізде бекітілгендей, жолдасың іссапармен жолға шыққанда немесе басқа да оқыс жағдайлар орын алған кезде 3 ай азық болатын дүние деп білемін, - өз ойымен бөлісті.

Отау құрғанына жылға жуық уақыт өткен Жансерік есімді азамат: - Қазір Құран сүрелері мен аяттарын білмесе де мәһір сұрауды жақсы білетін заман болды ғой. «Сұрау осы екен ғой» деп, ойына келгенді айтпай, қалтаға қарай көсілген дұрыс деп ойлаймын. Мен де жарыммен шариғат бойынша мешітте некемізді қидырдық. Өзінің қалауы – алтын алқа болатын. 2 жылда алып беруге уәде еттім. Алла алдында берген уәдемді орындау үшін еңбектенудемін.  Әйел болсын, ер болсын, бір-біріне кеткен шығынды есептемей, құрған отауының отын өшірмеуді ойласа екен,- деп жас болса да тұшымды пікірімен бөлісті.

«Отбасынан бас кетсе, қазаннан ас кетеді», - дейді дана халқымыз. Бір елдің, бір ұлттың болашағы отбасынан басталары сөзсіз. Берекенің ошағы боп саналатын жанұяда жылулықты сезініп өскен әр бала дүниенің бір кірпіші боп қаланары белгілі. Жастарымыз отбасы құндылығын ақшамен емес, ақылмен бағаласа екен.

Айзада Ақбасова,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале