19.05.2020, 15:11
Оқылды: 115

Майданды кешкен бала Михаил қазір Подстепныйда тұрып жатыр

Соғыс деген жаманатты көзімен көріп, қолымен ұстаған Михаил Струневский бүгінде 89 жасын еңсеріп, 90-ға аяқ басты.

855FE5E1-154B-421F-9A4A-932A388B1172

Теректі ауданының Подстепное ауылындағы өз үйінде жалғыз тұратын Михаил Васильевичтің  естуі кеміп, көруі нашарлаған. Денсаулығы сыр бергенмен, жады мықты. Осыдан сексен жылдай бұрын өз отбасында болған оқиғаны ол дәл күні кеше болғандай баяндап берді. Бәлкім, бала кездегі оқиғаларды ұмытып та кетер ме еді... Бірақ сол балалық шағы қанды соғыс жылдарында, қиындық пен қауіп арасында өткен соң қалай ұмытсын...

1931 жылы дүниеге келген Михаил Васильевич ол кезде 11 жасар бала Миша екен. Ата-анасы, бауырларымен Беларусь елінде, Брест облысының Телехас ауданы, Вулька деген елді мекенде тұрған. 1941 жылы 22 маусым күні фашист басқыншылары ел шетін басып кіргенде ең алдыңғы соққыға ұшыраған осы Брест облысы.  Батыр қала Брест жауға беріспей шайқасқанын тарихтан бәріміз де білеміз.

Струневский отбасы жау басып алған аймақта қалды. Жау басты дегенмен, халық қарап отырған жоқ. Жау тылында жасырын майдан сарбаздары – партизандар қимылы фашистерге тыным бермеді. Михаил Васильевичтің отбасы да тап сондай партизан отрядында болды. Оған себеп – фашистерге полицай болып жасаған туысы қару-жарақ ұрлап, партизандарға өтіп кеткен. Ал артында қалған туысқандарын фашистер басынан сипамасы анық. Сотсыз қырып салады. Осы хабар жетісімен үй-іші бір сәтте жиналып, атақты Беловеж орманына сіңіп кетті.

Қаптаған жаудың тылында, қалың орман ішінде өмір сүрген бала Мишаның өмірін тыңдап отырсаң, сол кездегі адамдардың төзімділігіне, фашистерді жеңуге деген құштарлығына таң қаласың.

Ну Беловеж орманына фашистер «мұрын сұғуға» қорқып, үстінен әлсін-әлсін ұшақпен бомба-снаряд тастап отырған. Ондайда орман лап етіп, өртене жөнеледі. Партизан отряды жаңа жерге үдере жасырын көшіп жетеді. Көбінесе, өрт болмайтын батпақты жерлерді таңдайды. «Келген жерімізде жертөле қазамыз, үстін ағаш-бұтақпен бастырамыз. Батпақты жер болған соң жертөле табаны лайсаң суға толып қалады. Ересектер кезекті операцияға кетеді. Ал іште қалған біздер сол лай суды шелектеп төгіп, өзімізше құрғататынбыз», - деп еске алды Михаил Васильевич.

Ересектер жау тылында ойран салуға шыққанда балалар қоныста қарап отырмайтын. Олар мал жайып, жеміс-жидек теретін. Жақын маңға барлауға барып, түнгі күзет қиындығын да көтеретін.

Сол батпақты жерлерде фашистер қолы жетпегенмен, оларды ауру баудай түсірді. Михаил Васильевичтің ата-анасы сүзектен қайтыс болды. Жетім қалған балалар 1944 жылы қызыл армия келгенге дейін партизан отрядында болды.

Төрт жыл бойы жау астында тұралаған елді көтеру оңай болмады. Ата-анасыз қалған Струневскийлер де шаруашылықты қалпына келтіруге кірісті.

1951 жылы Михаил Васильевич әскер қатарына шақырылды. Әскерден оралған соң 1954 жылы  тың игеруге ағылған халықпен бірге Солтүстік Қазақстанға қоныс тепті.

Есейе келе соғыс жылдары сүзек пен салқын, аштық пен жоқшылық зардабын тартқан Михаил Васильевичтің денсаулығы сыр бере бастады. Солтүстік Қазақстанның салқынына ескі «дос» - сүзегі қайта «оянды». Жайлы жер іздеген Михаил Васильевич Батыс Қазақстан облысының Подстепное ауылына келіп қоныстанды.

Осы жерде үш қызын жеткізіп, ұяға қондырған әке үшін бұл жер ыстық. Өмірлік қосағынан айырылып, жалғыз қалса да, жылы орнынан қозғалғысы келмейді. Кезінде мал шаруашылығында ұзақ жыл еңбек еткен ағаш ұстасын маңайдағы көршілер сыйлайды. Қаршадайынан партизан отрядында болған ардагердің күтімін әлеуметтік қызметкер Сәуле Агниязова атқарады. Дәрі-дәрмегін жеткізіп,  ас-суын түгендеп жүретін Сәулені Михаил Васильевич күтіп отырады. Жеңіс күніне орай 100 мың теңге төлем де тиді қолына. Жан-жақты қамқорлықта отырған қарияның көңілі жәйлі.

Саратовта тұратын қыздары Александра мен Мария алып кетеміз десе, мен ол жақта ешкімді танымаймын, қалай отырамын деп дес бермейді Михаил Васильевич. Осы жерге әбден бауыр басқан ол «Біздің ауыл жердің жұмағы ғой» дейді тамсанып.

Камелия Өтеу

Теректі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале