7.05.2021, 10:17
Оқылды: 46

Майдангер мұғалім  

Соғыс және еңбек ардагері Құрмаш Тұяшев 1937-1940 жылдары Қызыл әскер қатарында азаматтық борышын өтеп келіп, қараша айында мамандығы бойынша Мартынов орталау мектебінде ұстаздық қызметке кіріседі. Келер жылдың жазында Ұлы Отан соғысы басталып, елдің ерлерімен бірге майданға аттанады.  

 01529F8E-699C-4417-BF37-407AC10B2E6B

Ол 1916 жылы Орда ауданына қарасты  Таубұйрат ауылының №25 кеңесінде кедей шаруа отбасында дүниеге келген. Он бір жасқа келгенде әке-шешесі ағайындарымен Тасқала ауданының Қосшы (Мартынов) ауылдық кеңесіне қоныс аударып, Қойтоғыт қыстағын мекен етеді. Осы аудандағы Мартынов, Кулаков мектептерінде білім алып, кейін Оралдағы педагогикалық институттың үш жылдық бөліміне түсіп, оны ойдағыдай тәмамдайды. Ал азаматтық   борышын Түркіменстанның Керки және Украинаның Киев қалаларында өтейді.  

  ...1941 жылдың 17 шілдесі күні Құрмаш та әскерге шақырту алып,  Отан қорғаушылар сапына қосылады. Әуелі Қиыр  Шығыс әскери округіне түссе, одан кейін  Красноярскідегі артиллерия училищесінде алты ай оқып, кіші лейтенант шенін алып шығады. 1942 жылдың желтоқсан айында Брянск майданына взвод командирі болып ұрысқа кіреді. Қазақ, орыс, татар, украин жігіттерімен бір сапта жүріп, талай қанды қырғынды бастан өткізген. Үш рет жараланып, далалық госпитальда ем алады. «Курск иініндегі шайқас ең сұрапыл айқастардың бірі болды. Әр сүйем жер үшін жан алысып, жан берістік. Кенет бір бомба біздің минометтің  дәл үстінен түсіп, нағыз қаhарман жеті жігітті мерт  қылды. Сәл қашықтау отырған телефоншы екеуміз аман қалдық.  Осынау қанды оқиға әлі көз алдымда, кейде қыршын кеткен сол майдандас достарым түсіме енеді» – деп отыратын әкеміз көзі тірі кезінде, – дейді ұлдары.

Айта кетелік, өз міндетіне өте жауапты және ұрыс қимылдарын шебер меңгерген азаматтың әскери шені де жыл санап өскен. 1943 жылы лейтенант,  келер жылы аға лейтенант атануы соның айқын дәлелі болса керек. Жаужүрек офицер 1944 жылдың желтоқсан айын-да Кенингсберг қаласын неміс фашистерінен азат ету кезінде ауыр жараланып, Иванов облыстық госпиталінде ұзақ емделеді. Осы жерде көрсеткен ерлігі ескерусіз қалмай,  ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталады. Одан кейін де қайта ұрысқа кіріп, талай ажал аузынан қалады. Өжеттігі мен қайсарлығы оны әркез алғы шепке сүйреп, батылдығымен ерекшеленеді. Шығыс Пруссия жерінде де жау қоршауын бұзып өтіп, ептілігі мен қырағылығы үшін І дәрежелі Отан соғысы орденін омырауына тағады. Қос орденмен қатарлас тізілген жауынгерлік  медальдары  қаншама?!

Құрмаш аға әскерден 1946 жылдың наурыз айында туған елге оралып,  Тасқала ауданы мектептерінде ұстаздық қызметін жалғастырады. Әрі 1951 жылы Оралдағы пединститутын сырттай оқып бітіреді. Өз ісіне шынайы берілген еңбекқор жан бейбіт өмірде де бірбеткей мінезімен, турашылдығымен ерекшеленіп, әріптестері ортасында үлкен сый-құрметке бөленген. Ондаған Құрмет грамотасы мен алғысхаттар соның айқын дәлелі. Құрмаш қария сүйікті жары Зайда анамызбен 55 жыл бір шаңырақ астында  тату-тәтті тірлік  кешіп, төрт ұл, бір қыз тәрбиелеп өсіргенін де айта кетелік. Өнегелі жанұядан түлеп ұшқан ұрпақтары да ел-жұртына сыйлы ғұмыр кешуде. Ұл-қызы мен тәлім-тәрбиесін алған шәкірттері бар кезде ардагердің аты өлмесі және айқын. «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген осы шығар, сірә?!

 Бауыржан Бисенов,

   zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале