16.01.2018, 11:56
Оқылды: 50

Майтүбекке биыл газ келеді

Жәнібек ауданының Талов және Борсы ауылдық округтеріне қарасты Майтүбек пен Тегісшіл елді мекендерінде аталған ауыл әкімдері Бекжан Неғметов, Айгүл Бекқалиева 2017 жылы атқарылған жұмыстар туралы жұртшылық алдында есеп берді.

Олар мал басын асылдандыру, ауылдағы шаруалардың субсидия алуының жайы, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы, шағын және орта кәсіпкерлік, әлеуметтік сала, елді мекендерді абаттандыру, ауылдың санитариялық жағдайы, мәдениет пен спортты дамытуда атқарылған жұмыстар жөнінде мәлім етті.

Жиын барысында Майтүбек елді мекенінің тұрғыны Тілепберген Перғалиев аталған елді мекенге газ құбырын әкелу, Талов ауылымен екі ортадағы жолды жөндеу, ауылдағы құдықты тазалау, мұнара арқылы елді мекенге Сарыөзеннен су жеткізу жөніндегі ұсынысын айтты.

Тегісшіл елді мекенінің тұрғындары Ғабдолғали Әжіғалиев, Саят Дишенов елді мекенге ұялы телефон, интернет байланысын жеткізу, аудан орталығы мен елді мекенді байланыстыратын 70 шақырымдық жолды қырып, тегістеу, сондай-ақ  ауылға келетін 7 шақырым жердегі жолды жөндеу, ауыз су әкелу мәселелері бойынша пікірлері мен тілектерін білдірді.

Жиынға қатысқан аудан әкімі Азамат Сафималиев Майтүбек елді мекеніне биыл газ келіп, Талов ауылындағы Мәдениет үйінің күрделі жөндеуден өтетінін айтты. Сонымен қатар Тегісшілге ұялы телефон байланысын орнатуда жұмыстар жүргізіліп жатыр екен. Айта кетейік, келесі жылы бұл елді мекенде 50 орындық балабақша салынады.

                                                                                        Н.Өтей

Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале