2.07.2021, 16:40
Оқылды: 80

Мал азығын дайындауға көңіл бөлген жөн

Бәйтерек ауданының әкімі Марат Тоқжанов жұмыс сапарымен Краснов ауылдық округінде болды. Алдымен аудан басшысы Марат Лұқпанұлы ауыл активімен жүздесті. Ол жерде ауыл әкімі Жұмабай Сатаевтың алты айда атқарған жұмысы тыңдалды.

 IMG-20210702-WA0042

Ел шекарасында орналасқан округ қарқынды дамып келеді. Ауыл әкімі Жұмабай Сатаевтың айтуынша, алты ай ішінде біраз жұмыс атқарылыпты. Әсіресе, жергілікті кәсіпкерлердің ауылды дамытуға деген көзқарасы жақсы екен. Биылдың өзінде красновтық «Асан-ауыл» ЖШС, «Айдос», «Эврика» шаруа қожалықтары округ орталығы Погодаев ауылы мен оған қарасты елді мекендерді абаттандыруға көп қаражат салып жатқандығы әкім сөзінен белгілі болды.

IMG-20210702-WA0041

- Қазіргі таңда округ аумағындағы 350 ондық бағана мен тозығы жеткен сымдар ауыстырылуда. Бұдан бөлек ауыл ішіндегі бағаналар да жаңартылатын болады. Осы жұмыстар ойдағыдай аяқталса, келер қыста жарықтан ақау болмайды деген үміттеміз, - дейді округ әкімі Жұмабай Сатаев.

Бұдан бөлек «2001-2025 жылдарға арналған Батыс Қазақстан облысын дамыту» бағдарламасы аясында биыл 4,7 шақырым болатын ауылішілік жолды күрделі жөндеу жоспарланған. Сондай-ақ бұл бағдарлама бойынша ауылдық амбулаторияны жөндеу қарастырылған. Ол іс 2023 жылы жүзеге аспақ болса, 2024 жылы округке қарасты Котельников ауылына ауыз су тарту мәселесі шешілмек.

IMG-20210702-WA0039

Округте жұмыссыздық жоқ десе де болады. Басқа ауылдардағыдай қоғамдық жұмысқа орналасамын дегендерден кезек қалыптаспайды бұл жақта. Керісінше, таппай қалатынын айтады әкім. Осы күні елді мекен ішін тазалауға санаулы адам тартылған. Кәсіпкерлер мен жұмысшылардың еңбегін бағалайтын тұрғындар әр апта соңында сенбілікке шығып, үйінің айналасын тазартып отыруды әдетке айналдырған. Болашақта округ аумағындағы «Бекен» шаруа қожалығы арнайы техника шығарып, қыс бойы ауыл ішіне жиылған мал көңін арнайы орынға төгіп беруді өз мойнына алыпты.

Сондай-ақ ауылішілік жолдарды жөндеу ісі де оң шешімін тапқан. Бүгінде ол жұмыс басталды.

IMG-20210702-WA0038

Одан соң аудан әкімі сөз алып, ауылда атқарылған жұмысқа оң бағасын берді. Әсіресе кәсіпкерлердің жасаған қайырымдылық істері көпке үлгі екендігін атап өтті. Десе де ауыл маңындағы көң-қоқыс орындарын жою керек екенін айтты. Сондай-ақ жұмыс қолының жетіспеуіне алаңдаушылық білдірді.

- Ауылшаруашылық құрылымдарына жұмыс қолы жетпей жатқаны барлығымызды алаңдатып отыр. Қазір трактор тізгіндегендердің соңы – зейнет алдындағы азаматтар. Ал жастарымыз қалаға кетіп жатыр. Сондықтан ауыл әкімдігі мен шаруалар осы мәселені шешу жайын біржақты қылған абзал, - деді Марат Тоқжанов өз сөзінде.

IMG-20210702-WA0040

Сонымен қатар осы кезге дейін округтің басты мәселесі болып келген жарықтың жиі өшуі бүгінде шешімін тапқан. Аталған мәселе оң шешілгені де жергілікті басшылардың жемісті жұмысының нәтижесі екенін де аудан басшысы жеткізді.

Кездесу барысында тұрғындар ауылда қолға алынған кейбір жобалардың уақытында басталмай жататынына алаңдаушылық білдірді. Оған Марат Лұқпанұлы тендерде жеңілген кейбір кәсіп иелерінің артынша сотқа жүгініп, уақыт созуы кесірінен болатынын жеткізді. Қазіргі таңда тендер туралы заңның аздаған кемшіліктері бар екенін Президент аппаратына дейін жеткізген аудан басшылығы болашақта бұндай мәселені туындатпаудың жолы қарастырылатынын айтты.

Басқосуда екпе алу, баспасөзге жазылу сияқты мәселелер де көтерілді.

IMG-20210702-WA0030

Жиыннан соң аудан басшысы ауыл ішіндегі су мұнарасына барып, тұрғындарды ауыз сумен қамту мәселесінің қалай шешіліп жатқанын бағамдады. Округ басшылығы ауылдың жоғары бетінде орналасқан тұрғындарға су жетпей қалу мәселесін шешкен. «Айдос» шаруа қожалығының басшысы Қазбек Ғұсманов арнайы құбырлар алып, су жүретін жерді өз техникасымен қазып беріпті. Енді «Коммунальник» мекемесі суды қосуы ғана керек.

Бұл жұмыс толық аяқталса, жоғары ауылға ауыз су жеткізу мәселесі толық шешіледі. Ауылға техникалық су жеткізуді де жергілікті әкімдік біржақты еткенге ұқсайды.

Жұмабай Сатаевтың сөзіне сенсек, бүгінде ауыл маңындағы тоғаннан көшелерге екі бағыт бойынша техникалық су жіберілген, алдағы уақытта үшінші бағыты қосылмақшы.

Одан соң даладағы дихан жұмысымен танысуды жөн көрген аудан әкімі «Айдос» шаруа қожалығы мен «Орал бидай» және «Погодаево» ЖШС-нің егіс алқабында болды. Негізінен майлы дақылдар, күздік, жаздық бидай мен арпа еккен шаруалар күздік бидай ору науқанын бастап та кеткен.

Мемлекет қолдауын аяп жатқан жоқ. Биылғы егіннен де мол өнім аламыз деген үміт бар екенін айтқан «Погодаево» ЖШС басшысы Андрей Борсы аудан басшысына шекарадағы елді мекендерге жарық пен газ қосылса деген тілегін жеткізді.

Сапар соңында Погодаев ауылы маңындағы қоғамдық тоған мен карпятник тоғанына ат басын тіреген аудан әкімі Марат Тоқжанов суды молынан сақтап қалған шаруаларға ризашылығын білдірді.

Краснов ауылынан шыққан соң аудан басшысы Махамбет ауылына келді. Бұл жерде де округ әкімінің алты айда атқарылған жұмысы тыңдалды. Сондай-ақ екпе алу жағы сөз болды.

Ауыл әкімі Бейбіт Аманғалиевтің айтуынша, жоспар бойынша округте 1550 тұрғын екпе алуы керек екен. Қазіргі таңда олардың 400-ден астамы екпе алған.

Бұдан бөлек, ауыл клубын күрделі жөндеу, балалар ойын алаңын салу сияқты жұмыстар да атқарылмақшы екенін округ әкімі Бейбіт Аманғалиев сөз сөзінде атап өтті. Сондай-ақ округ орталығы Махамбет ауылы мен Павлов елді мекеніндегі су бөгетінің құжаттарын реттеу, Горбунов пен Павлов ауылдарына газ жеткізу сияқты мәселелер кезегін күтуде.

- Ауыл клубын күрделі жөндеу мен округке қарасты екі елді мекенді табиғи газға қосу жұмысы алдағы күндері шешіледі, - деді аудан әкімі.

Ауыл әкімі алдағы уақытта Махамбет ауылы орталығындағы саябақ ішін реттеу жұмысы да қолға алынғанын атап өтті. Бүгінде ағаш қалыңдап, тоғай болуға жақындаған саябақты ел болып реттеу жағын қарастыру керек екенін аудан әкімі атап өтті.

Осы кезге дейін ауылдың басты проблемаларының бірі болған балабақшаны жөндеу ісі оңынан шешілген. Қазіргі таңда тек сыртқы сылақ жұмысы қалыпты. Оған қажетті қаражатты жергілікті кәсіпкерлер бөлуге дайын екен. Бұдан бөлек, ауыл тұрғындарын шөп пен жайылым мәселесі де алаңдатады. Десе де, ауыл маңындағы қожалық иелерімен келіскен тұрғындар қажетті шөпті жинап алуға дайын.

- Биыл шөп шығымы жаман емес. Сондықтан мал азығын артығымен жинап алған дұрыс. Өйткені көп аймақ шөптен таршылық көруде, - деді Марат Лұқпанұлы.

Жиын соңында аудан басшысы ауылдағы ауыз су құбырларын жаңарту мәселесін күн тәртібінен түсірмеу керек екенін айтты.

IMG-20210702-WA0031

Одан соң аудан әкімі «Алтын Болашақ», «Шунайбеков» шаруа қожалықтары мен «Серик Агро» ЖШС-нің егіс алқаптарын аралады. Бүгінде күздік бидай жинап жатқан диқандардың жұмысын бағамдады. Биыл бітік шыққан арпа алқабында да болған Марат Лұқпанұлы арпа сабанын дайындау жұмысына үлкен мән беру керек екенін жеткізді.

Сапар соңында Сергей Кривобоковтың омартасына ат басын тіреген аудан басшысы ара өсіру ісін қолға алған кәсіп иесінің жұмысына сәттілік тіледі.

 

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале