19.04.2022, 17:45
Оқылды: 56

Мал бағымын ұйымдастырып, тазалық сақтау қажет

Кеше аудандық мәдениет үйінде Қаратөбе ауылдық округінің көктемгі маусымдық жұмыстарға байланысты тұрғындармен кездесу жиналысы өтті.  

2FCF8911-B71C-47F9-9D4E-DC3C2867CADB

Аталмыш жиынға аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев қатысты.

Тұрғындармен кездесуде округ әкімі Берікқали Муса мал бағымы мен тазалыққа қатысты жұмыстарға тоқталды.

Санитарлық-экологиялық айлық барысында атқарылатын жұмыстар мен қатар мал бағымын ұйымдастыру бойынша ойын ортаға салған ауыл әкімі Берікқали Жақсылықұлы өз ұсыныстарымен бөлісті.

EB88174C-7145-4152-9CDD-B61176891AA5

Ауыл әкімінің айтуына қарағанда, бағымға қосылатын ірі қараның әр басына 1500 теңге, қойға 800 теңге, қозыға 600 теңге көлемінде төлем ұсынылып отыр.

Әзірге 3 бағытқа бақташы шығады деп жоспарланып отыр. Оларға жағдай жасау мақсатында мемлекеттен қайтарымсыз қаражат грант алып беруіміз қажет. Екі жерде «Ерімбет» пен «Тасқұдыққа» қой бағымы ұйымдастырылмақшы. Көшеде қараусыз жүрген мал иесіне жауапкершілік артып отыр. Қазір ескерту алынып тасталды. Қараусыз жүрген мал қамалып, иесіне бірінші рет 20, екінші рет қайталанса 30 айлық есептік көрсеткіш есебінде айыппұл салынатындығын мал иелерінің назарына саламын. Далалық жерде ірі қараны бағу бағасы мал басына 5000 теңгеден белгіленіп отыр. Бағымсыз жүрген малдың жол-көлік оқиғасын туындату қаупі зор. Сондықтан малға қараңғыда көлік шамына шағылысатын мойынбау тағуды ұсынамын.    

D5733800-D2C2-4BDD-A67E-F2EFFBC25281

Ауыл ішінен мал өтіп, жолдарды ластап жатыр. Бірнеше түсінік жұмыстары жүргізілгеніне қарамастан ауыл іргесіне мал иіру әлі күнге дейін тоқталмай келеді. «Жазира» балабақшасының айналасы аталмыш орынға малдың жақын жүріп өтуінен ластанып жатыр.

Санитарлық айлыққа байланысты 10 мамырға дейін тұрғын үйлер маңындағы қыстан шыққан қоқыстар тазалануы тиіс, - деді ауыл әкімі Берікқали Муса.

Жиында ауыл тұрғындары мал бағымы мен ауыл тазалығына байланысты өздерінің көкейінде жүрген ойларын ортаға салды. Темір ауылының тұрғыны Махамбет Қажыгереев қой, сиырлары нағыз ауыл ортасындағы жолдармен жүретін көше тұрғындарының ғана малдарын далаға бақтырып, ауыл шетіндегі көшелер малдары өз бағыттарында бағыла берсе деген ойын айтса, Екпін Тналиев мал бағымына байланысты белгіленген төлемді төлеу табыс көзі аз отбасыларға қиынға соғатындығына тоқталды. Армат Байғалиев қорадан қозыларын алып кеткен бұралқы иттерді жою жөнінде, Самал Ибраева өрістен келген малды көшеге жібермей қамап ұстау, Әмірбек Жәнібеков көктемгі су тасқынына байланысты қамдану жұмыстарын ерте бастан жүргізу және олардың аталмыш жұмыстарды толыққанды атқара алатын техникалармен қамтылуы, өзен маңындағы сай-салаға малдың тезегін салып биіктету, Нұрлан Меңдешов бұл мәселердің бәрін жергілікті басшылармен бірлесе отырып шешу туралы ойын айтты.

Тұрғындар тарапынан қойылған сауалдарға аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев, ауыл әкімі Берікқали Муса және аудандық ветеринариялық станциясы басшысының орынбасары Азамат Есенаманов, аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Елдос Әмірғали учаскелік полиция инспекторы Төлеген Наурызалиндер түсініктер берді.

 –  Бүгінгі басқосу ауыл тұрғындарының қатысымен өтетін күн тәртібіндегі мәселелерді  талқылайтын жиналыс болғандықтан халықтың тегістей қатысқаны дұрыс еді.

Ауылдың тазалығы үшін қарастырылып жатқан жұмыстар өзіміз үшін қажет. Сондықтан оған бәріміз бірге ат салысуымыз керек. Биыл су тасқынына байланысты қиындықтар болды. Әмірбек Әлібекұлының айтуы орынды. Су тасқынының алдын алу үшін ол жұмыстарды осы күннен бастап ұйымдастыруымыз керек. Өзеннің арнасын өзгерту мәселесі де тұр.

Ауылдың ажары – тазалығында, сондықтан жиналыста талқыланған жұмыстарды бірлесе шешу баршамызға ортақ, өзімізге қажет іс,- деді қорытынды сөз сөйлеген аудан басшысы Қадыржан Орынбасарұлы.

Аудан басшысы Қ.Сүйеуғалиев округ әкімі Б.Мусаға көше комитеттерінің жұмысын жандандыруды, жиналыста талқыланған мәселелерді орындау бағытында бірқатар тапсырмалар берді.

                                          Ерболат Райсов,

                                          Қаратөбе ауданы

    zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале