6.06.2023, 16:05
Оқылды: 49

Мал баққанға бітеді

«Еңбек адамы» дегенде ешкімге қол жаймай, ертеден қара кешке дейін бел жазбай, бейнетінің арқасында берекесін келістіре білген адам кейпі есімізге келеді. Шындығында, қоғамымызда қарапайым ғана тұрмыс-тіршілігін сүріп, адал еңбегімен еліне елеулі, айналасына абыройлы адамдар аз емес.

аккккк

 

Өткен жұмада ауданымызға қарасты Бостандық ауылына жолымыз түсіп, өз еңбегімен ісі өрге домалаған ауыл тұрғындарының тұрмыс-тіршілігімен, еңбек жолымен, қолға алып отырған кәсібімен етене танысып қайттық.

Сондай жандардың бірі ерлі-зайыптылар Нұрлан Досқалиев пен Алтынгүл Төрәлиева. Олар отау құрғаннан осы күнге дейін еңбекқорлықтарының арқасында еншіге берілген бір-екі бас ірі қара мен бес ешкіні өсіріп, көбейтіп өз тұрмыс жағдайларын келістіріп отырған жайы бар.

1993 жылы отау құрып, 1996 жылы өз алдарына енші алып бөлек шыққан ерлі-зайыптылар бүгінде ірі қараны – 20-25 бастан асырса, қой-ешкі санын 200 басқа жеткізген. Бір қыз, бір ұл өсіріп жеткізген олар «Біз ешқашан үкімет қарап қол жаймадық. Жастайымыздан еңбекке араласып өскендіктен, екеуміз қандай жұмыс болсын қашпай қатар еңбектеніп келеміз. Мал бағудың да қиындығы жетерлік. Бірақ қиындықтан қашып еңбексіз бос жату біздің бойымызда жоқ қасиет.» дейді өз сөздерінде.

азз

Еңбекқор ерлі-зайыптылардың шаңырағына бас сұғып Алтынгүл апамыздың ұсынған айраны мен балдай қаймағынан дәм таттық, өнімдерінің дәмі тіл үйірерліктей екен. Күнде 13 бас сиыр сауып, оның сүтін, қаймағы мен айранын, құрт-майын ауыл-аймаққа ғана емес Орал қаласына сатып отырған Алтынгүл апамыз «Қалада менің өнімдерімді арнайы хабарласып сатып алатын клиенттерім баршылық.Табиғи өнім болғасын сұраныста жоғары.» дейді.

«Мал баққанға бітеді» демекші бар несібесін мал бағудан тауып,  қысы-жазы ерінбей еңбек етуді әдетке айналдырған қарапайым отбасы көпке үлгі боларлықтай.

Біз барып кәсібімен танысқан тағы бір жан, тынымсыз еңбегінің арқасында  «Екпін» шаруа қожалығының жұмысын дөңгелетіп отырған – Нұрлан Нұғманов атты азамат. Тек мал шаруашылығымен ғана айналысып қоймай, ауыл орталығынан қымызхана ашып, алыс-жақын елді мекен тұрғындарын емдік қасиеті жоғары табиғи жылқы сүтімен қамтып отыр. Вирус өршіп, елді пандемия жайлап тұрған уақытта тек Бостандық тұрғындары емес, көршілес ауыл, аудан тұрғындары да қымызханаға арнайы ат басын тіреп бие саумалын ішкен болатын.

Басым бағытты жылқы шаруашылығына бұрып отырған шаруа қожалық бәйге аттарын жаратып, аудан, облыс көлеміндегі үлкен додалардан жүлделі орындарды қанжығаға байлап жүр. Нұрлан Нұғмановтың өзі жылқы малының өзіне тән ерекше қасиетін, бабын білетін жан. Бәйге аттарын бөлек атқорада баптап, дәрумендермен азықтандырып,  ауыра қалса емдеп аларлық қабілеті де бар.

Халқымызда «Кең болсаң, кем болмайсың» деген мағынасы терең даналық сөз бар. Бұл даналық сөз «Екпін» шаруа қожалығының жетекшісі Нұрлан Нұғмановтың басты ұстанымы десек қате болмас. Әр жыл сайын қайырымдылық айлығында өз ауылдастарына қолдан келген көмегін көрсетуге әзір Нұрлан ағамыз биылғы қасиетті Рамазанда 1 қашар сойып әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған 9 отбасына зекет берді. Бүгінде 76 бас ірі қара, 208 бас ұсақ мүйізді қара және 400 бас жылқы өсіріп отырған, елге сыйлы, жаны жомарт, адал еңбегімен абыройға бөленген Нұрлан Нұғмановтың «Екпін» шаруа қожалығы – ауылдас ағайынға отбасылық бизнестің жарқын үлгісін көрсетіп отыр.

Біз тілге тиек ететін тағы бір ауыл азаматы – Нұржан Бектеміров. Ол  мемлекеттен атаулы әлеуметтік көмек бойынша әлеуметтік жәрдемақы алып, ол қаражатты өз тұрмысын түзеуге ұтымды пайдалана білген бостандықтық тұрғын. 5 бала тәрбиелеп өсіріп отырған отбасының отағасы Нұржан Бектеміров өз әңгімесінде:

  • Алғаш атаулы әлеуметтік көмек бойынша берілген қаражатқа, яғни 200

мың теңгеге 1 бас бұзаулы сиыр, 5 бас қой-ешік сатып алдық. Оған дейін қорамда мал деген атымен жоқ еді. Кейіннен осы АӘК-тің арқасында жолдасым мектепке кіші қызметкер болып жұмысқа орналасты, ал өзім газ операторы болып алты ай маусымдық жұмыспен қамтылып келемін. Жолдасым екеуміз 5 бала тәрбиелеп отырған ата-анамыз. Балаларымыздың бірі әскер қатарында болса, енді бірі Орал қаласындағы М.Өтемісов атындағы БҚМУ-ға грантпен оқуға түсіп білім алып жатыр. Екі балам оқушы, кенжеміз – балабақшада. 4 жылдан бері АӘК алмаймыз.

Алғаш алған бұзаулы сиырды өсіріп, бүгінде ірі қара санын 10 басқа, қой-ешкіні 25 басқа жеткіздік. Маусымдық жұмыстан босаған уақытта қожалықтарда жалданып жұмыс жасап, мал азығын дайындап аламын. Жалпы өз түйгенім бойынша еңбек етем деген адамға мемлекет қолдауы зор. Тек ерінбей еңбек етіп, жоспарлы әрекет жасай білу керек. Алдағы уақытта 2,5 пайызбен берілетін несиені алуға жұмыстанып, шаруашылығымды кеңітсем деген жоспарым бар, - дейді.

Үкіметке қол жаймай, алдына біткен бір-екі бас қараны көбейтіп қысы-жазы тынымсыз тіршілік етіп  тұрмысын түзеген Нұржан Бектеміровты «нағыз еңбек адамы» деп дәріптесек те артық болмас.

Қаптаған блогердің, оңай олжаға құныққан небір алаяқтардың әлеуметтік желі арқылы ақылымызды арбап отырғаны жасырын емес. Соған орай жастарымызда, мал шаруашылығын, жалпы ауыл тіршілігін қиынсынып еңбектен алшақтап барады. Сондықтан да,  берекелі тұрмыс пен байлықтың тек маңдай термен табыларын осындай еңбек адамдарының бет-бейнесін көпке таныту арқылы ұқтыру біздің парыз. Қайсыбір ауылда да біз жоғарыда айтып өткендей адал еңбегімен табысын еселеп отырған азаматтар жетерлік. Әр елді-мекендегі еңбек адамдары еленіп, әрдайым біздің мақаламызға арқау бола бермек

 

Жансая Жұмажанқызы

Казталов ауданы

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале