18.01.2024, 17:30
Оқылды: 37

Мал бар, малшы жоқ, мәселе қалай шешілмек?

Елімізде ет экспортын ұлғайту-басты бағыт. Бұл үшін ірі қара малының басын көбейту қажет. Мал бағып, ен даланы ірі қара мен үйір-үйір жылқыға, аша тұяққа толтырсам деген малсақ жандардың көптігі көңіл тоғайтады. Алайда ауылда мал бағатын адам жоқ. Оған не себеп, ауыл тірлігінің қиындығы ма, әлде төленетін жалақының аздығы ма?

сырым логомен дала (4)

Фотоға түсірген:Айжан Амангелдина

Қазір ел мал шаруашылығына бас бұрғанымен сол ірі қараны бағатын малшы қат. Жастар атқа мініп мал баққаннан гөрі темір тұлпарды тізгіндеп жан баққанды жақсы көреді. Шыны керек, қазір отбасылы малшы іздеген жарнама өте көп. Үй-жайын сайлап қойғанның өзінде ауылға келіп жұмыс істеуге ынтасы барлар сирек. Қазір белін қайыстырып ауыр жұмыс істегеннен қашып, жеңіл жұмысты қол көретіндер басым, арғысы алып сатар саудаға салынса, бергісі жаңалы-ескілі көлігінің төрт доңғалағына сеніп таксист болғанды құп көреді. Қай қайсысы да қолма қол ақша әкеледі, күніне екі-үш рейс жасап, немесе пұлдаған затын қарызға берсе де түбінде бір жинап алатынын біліп жеңіл игілікке үйренгендер.

Жағдайы бар, жалақысы жақсы, бірақ...

Қазіргі күні аудан көлемінде мал шаруашылығымен айналысатын 250-ден аса шаруа қожалығы бар екен. Осы ірі қара мал ұстайтын ірілі-ұсақты шаруа қожалықтарының басты бас ауруы осы - малшы. Мемлекетіміздің берген қолдауларына арқа сүйеп мал шаруашылығын өрістетуге, асылдандыруға ден қойғандардың қай қайсысы да малшының тұрақтамауына қынжылады. Өткен жылы газетімізде ауданға белгілі ағайынды Асылбек пен Мейрамбек Ахметовтер басшылық ететін «ErQanatGroup» туралы мақала жазғанбыз. Осы шаруашылық иелері де сол кезде малшы таба алмай отырғандарын айтып қынжылыс білдірген-ді. «Қиналатын тіпті ештеңе жоқ. Керек десеңіз қолдарына айыр-күрек те ұстамайды. Су арнайы суағармен келіп тұр, жем салатын да арнайы құрал бар, қора іші трактормен тазартылады. Малды далаға шашау шығармайтын «электр бақташы» да әнекей. Тек осы малға қарап, бақылап отыратын малшы жоқ», - дескен-тұғын. Мал қыстағы басында жаңа үй де салынған, қысы-жазы жуыну үшін моншасы мен жазда су бүркіші де бар, теледидар, ұялы байланыс. демалыс бөлмелері өз алдына. «Тоңазытқышта тамақтың түр-түрі жеткілікті, оны дайындайтын арнайы аспаз да қасында. Бірақ төңіректегі ауылдардардағы жұмыссыз жүргендерді жұмысқа шақырсақ бәрінің де кежегесі кері тартып тұрғаны. Амал жоқ, қаладан жұмысшыларды вахта әдісімен әкеліп мал бақтыруға мәжбүрміз. Оларды белгілі уақыт өткен соң қалаға үйлеріне апарып тастап, екінші легін алып келіп лекерлеп жүрген жайымыз бар. Жалақылары өкпелейтіндей емес, бірақ, ауылдағы тепсе темір үзетін жастар осы жұмыстан неге қашатынына түсінбейміз», - деген еді сонда олар.

Содан бері де ештеңе өзгермеген сыңайлы. Осы тақылеттес әңгімені атын атамауды өтінген шаруашылық иесі М. да қостайды.

- Ірі қара шаруашылығына бас бұрып, ауылдық жерден үй сатып алып, жұмысымды жолға қойғалы да екі-үш жыл болды. Ең басты мәселе-малшы тұрақтамайды. Үй сыңғырлап тұр, жөндеу жұмысын жүргізіп қойдым, жаңа моншасын салып бердім. Жалғыз тұрақты жұмыс жасайтын малшым бар, бірақ қасына көмекші құтаймай-ақ қойды. «Ағалап» жалынып келгендер жалқауланып, жұмысты жүрдім-бардым атқарады, мен жоқта қайдан табатынын білмеймін «ақаңдатып» алып, әндетіп жүргені. Тіпті қаладан да малшы іздеп көрдім, біреуі «менің қарыздарым бар еді, соны жауып берсең, келемін» деп бәлсінді, енді бірі ауылда мектептің жоқтығын алға тартты. Тағы бірі тағы басқа сылтау айтты, сонымен күні-түні малшым екеуіміз қора басында жүргеніміз. Жалақыдан өкпелетіп отырғаным жоқ. 250-дің үстінде ақшасын қолына ұстатам, астына мотоцикл, велосипедін де алып бердім. Қалаған уақытында отбасына да жіберіп тұрамын. Азды-көпті малын өз табыныма қосуға да рұқсатымды беріп қойғанмын, ол малдың жем-шөбін есепке алып та отырғаным жоқ. Тамақ, үйге керек-жарақтың бәрі өз мойнымда. Бірақ осы малшы мәселесі басты ауыртып тұрғаны», - деп қынжылады.

Малшы еңбегі еленіп жүр ме?

Кеңестік кезеңді айтсақ, қазір бәз біреулер «ой, баяғыны айтып, кеткен заман емес пе» дер. Бірақ сол кездерде алдына мыңғыртып мал салған шопанның да, малшының да еңбектері әділ бағаланып жатушы еді ғой. Кеуделеріне жарқыратып медальдарын тағып, ел ішінде өтіп жатқан жиындарда құрметтеліп, төрге оздырылып жататын. Қазіргі күні ауыр жұмыстың соңында жүрген малшы еңбегі еленіп жатыр ма?

Бұл сұраққа аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Нұрлан Садықов былай дейді:

- Әрине, мал бағудың қаншалықты қиын екендігін мал соңында жүргендер ғана білсе керек. Өзінің малшысының ақ адал еңбегін бағалап отырған шаруа қожалықтары да жетерлік. Мысалы «Жарас» ШҚ жыл сайын өз малшыларын марапатқа ұсынып отырады. Өткен жылы ауыл шаруашылығы мерекесінде осы шаруашылықтың жылқышысы Нұрбол Өтеғалиев марапатталса, Ақшат ауылдық округінің жеке мал басын бағушы Арыстан Жұмағазиев пен ардақтық бақташы Жанболат Жауынбаев «Үздік малшы» аталымдарын жеңіп алды. Ал Алмаз ауылдық округінен Ғайса Дәулетов облыста «Үздік мал бақташы» аталымына ие болып қайтты», - дейді.

Жеңіл жұмыс іздейтіндер көп

Расында қазір мал бағуға бас ауыртатындар аз. Жастардың көбісі қазір үй-жайы келісіп тұрмаса да қалаға жүгіреді. Телефонмен нәпақа тауып отырғандар да жеткілікті, онлайн сауда деген шықты ғой. Таксилетіп, төрт доңғалақты зырылдатқысы келетіндер көп (Ақсай мен Шыңғырлау арасында жолаушылар тасымалымен айналысатын 40-тан аса такси иесі бар екен), сонымен қатар ақшасы көп деп отбасын көрмесе де вахталық жұмысты қол көретіндер жетерлік, бригада құрып құрылыспен айналысатындар да аз емес. Қолдарынан келсін-келмесін, желініп қалып жатса да осындай жұмысты төңіректейді. Бәрі де сайып келгенде ауыл шаруашылығы саласындағы басты мәселелерге бас ауыртпайтын жастардың легі қалыптасып қалғандығы. «Бұрын кәсіптік білім беретін училище, техникум сынды білім ошақтарында малшы, механизаторлар даярланушы еді. Қазір бұл мамандықтарды заманауи емес дей ме екен, оқу үрдісінен алып тастағалы қай заман», - дейді аудандағы ауыл шаруашылығы саласының ардагері Тілекқабыл Жұбаниязов.

Өзара сенім де керек, дегенмен...

Малшы мен қожайын арасындағы сенім мен сыйластыққа да үлкен мән беру керек сияқты. Бұл жерде басты мәселе адамына байланысты. Еңбегінің ақысын бермей, жоғалған, өлген малдың ақысын айлығынан шегеріп қалып жататындар да кездеседі, соңында араздасып жататындар да бар. Мал иесі уәдесінде тұрмайды, жұмысшы қосымша жұмысқа жекті дейді. Зейнетақы қорына да аударым жасалмай жатады. Әділдік іздеп сотқа барайын десе ортада қол қойылып, рәсімделген құжат тағы жоқ. Сол себепті де жұмысшы мен жұмыс беруші арасында келісімшарт жасалуы тиіс. Заңға негізделген, екі жақты келісілген шаруаның да ыңғайы келетіні белгілі. Кей-кейде жұмыс таба алмай, екі қолға бір күрек деп жұмысқа кіріп алып, соңында ішкілікке салынып, алдындағы малға ие бола алмай жоғалтып, қасындағылардың берекетін алатындардың да бар екендігін жасырмаған жөн. Мұндай жандардың кім жағдайын жасап, мәпелеп отырсын, шаруа иесінің де оларды жұмыстан шығарып жіберетіндері амалдың жоқтығынан. Бұған қоса құжат сауаттылығының болмауы да осындайда шешуші рөл атқарады. Яғни жұмыс беруші мен жалданушы арасында ресми келісімшарт жасалуы тиіс. «Көзтаныс қой, ағайынның баласы еді» деп ауыздай уәделесіп жұмысқа алып, соңында шекісіп, арадағы сыйластыққа сызат түсіп жатқаны.

Сөз соңы

 Иә, бұл мәселе сонымен қалай шешілмек? Мал шаруашылығының мәнісін білетіндер алдымен мал шаруашылығының мәртебесін көтеру керек деседі. Үкімет шаруа қожалығына заңды түрде тіркелген жұмысшыларды субсидияласа, жарты айлығын шаруа қожалығының басшысы төлесе, бұл мәселе де тығырықтан шығар амалдың бірі болар еді. Президентіміздің өзі әр сөзінде қарапайым еңбек адамының қадірін білуге жетісу қажеттігін айтып келеді. Осы тұста малшылардың ынтасын жоғарылатып, еңбегін әділ бағалап отыру жағы да назардан тыс қалмауы тиіс. Кезінде «Социалистік жарыстың жеңімпазы», «Еңбек Ері» атағын иеленгендердің абырой-атақтары қандай еді! Ал қазір келелі жиындарға, ел ордасына барып келген малшы мынау дегенді естіп көрмеппіз. Осы жағын да ескеру керек сияқты. Малының күй келіссін десе әркім де малшының жағдайын мақтанатындай дәрежеге жеткізбейінше бұл машақаттың түйіні шешілмек емес.

Гүлшат Ботанова,

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале