5.03.2021, 9:19
Оқылды: 138

Мал дәрігерлік саланың майталманы

Болат Досмағамбетов 70 жаста. Құс қанатына ілескен уақыт қалай зымырайды десеңші?! Иә, «жыл дегенің жылғадан аққан су» демекші, күндер зулап, айлар аунап, жылдар жылжып өтіп жатыр. Оған тосқауыл болатын күш әзір пайда болған жоқ, болмайды да.

 Болат құттықтау1

Болат, кәдімгі Болат Кәрімұлы 70-ке келді дегенде сенер сенбесімді білмей, аңтарылып отырып қалдым. Ал содан кейін ой орманына енбеймін бе? Бөкеңді айтқанда есіңе күні кеше бірге жүрген арда азаматтар Мұрат, Мағзомдар түседі. Бәрі де бір жылдың төлдері еді. Бірде келісіп, бірде «керісіп», бірде жарасып, бірде таласып қатар жүруші еді. Өкінішке орай, Мұрат та, Мағзом да алтыншы асудан асар-аспастан ат-көліктерін доғарып, бақи дүниеге кетті. Қайтесің, Алланың ісіне адамның қылар амалы бар ма?

Бөкеңді айтқанда небір қызықты оқиғалар, алқалы отырыстар ойға оралып, көз алдыңа келеді. Осыдан ширек ғасырға жуық уақыт бұрын:

- Білеміз азаматсың, аңқылдаған,

Ортада ақ алмастай жарқылдаған.

Араға күндер түссе болып жүрміз,

Ініңді сағынатын саңқылдаған.

Құдайым достықтан тек айырмасын,

Дастарқан қайғы-мұңға жайылмасын.

Басталған 48-де бұл өлеңнің,

Айтарымыз 50-іңде қайырмасын,-деппін.

Арада екі жыл өте салысымен:

- Ал айтайық 50-іңде қайырмасын,

Дастарқан ақ ниетпен жайылғасын.

Көп болсын қатар жүрер күндеріміз,

Құдайым жарастықтан айырмасын.

Жігіттің ішіндегі алғырысың,

Бекзаттық бойында бар, паң жүрісің.

Осындай жан жылуын жоғалтпасаң,

Келеді өз-өзінен таңғы ырысың.

... Ал, Бөке, құтты болсын, мерей жасың,

Лайым да өрлесінші өрге тасың.

Аман жүр Розаңменен ортамызда,

Қадірлі бізге дәйім алтын басың - деп жыр арнаппын.

Құдай тілекті қабыл етіп, міне, Бөкең 70-тің жотасына көтеріліп отыр.

Бірде тіпті әзіл-шыны аралас:

- Мамандығын сұрасаңыз дәрігер,

Аузын ашса көмекейі көрінер.

Біздің Бөкең қысы-жазы әйтеуір,

Адамды да, малды да ойлап әбігер, - деген екем.

Иә, Бөкең бүкіл саналы ғұмырын ауыл шаруашылығы, соның ішінде мал шаруашылығы саласына арнады.

Сонау 1970 жылы «Пятимар» асыл тұқымды мал зауытында бөлімшенің мал дәрігерінен басталған еңбек жолы Бөкеңді атауы әлденеше рет өзгерген аудандық мал дәрігерлік аумақтық басқармасының басшысына дейінгі дәрежеге көтерді.

Осы мехнатты да мерейлі жолдан Болат Кәрімұлының абыроймен өткенін, ол басқарған саланың ауданның экономикасын дамытуға орасан зор үлес қосқанын атап өткеніміз абзал.

Темірдей тәртіп, қатаң талап Бөкеңнің бұлжымас қағидасы екеніне талай рет көзіміз жетті.

Бөкең өзінің өмір жолына дұрыс бағыт-бағдарберген ұстаздарын да аузынан тастамай айтып отырады. Оның бір дәлелі аудандық басқарма басшысы болып тұрған кезінде мал дәрігерлік саланың ардагерлеріне мейрам сайын құрмет көрсетіп, оларды жұбайларымен кең жайылған дастарқанға шақырып, сый-cияпат жасаудан жалықпаушы еді.

Оның бір көрінісі мал дәрігерлік саласының ардагері Ғабит Күнтудаев 80 жасқа толғанда басшымын деп шалқайып отырмай, ұстазына қалтқысыз қызмет жасағанын көзіміз көрді.

Бөкеңнің ерен істері елеусіз қалған емес. Анау Одақ кезінде, 1984 жылы КСРО халық шаруашылығы көрмесінің қола медалімен марапатталса, еліміз егемендігін алғаннан кейін «ҚР Тәуелсіздігіне 10 жыл», «ҚР Конституциясына 10 жыл» мерекелік медалдарына, басқа да бірқатар марапаттарға ие болды. Жақында ғана Батыс  Қазақстан облысының әкімі Ғ.Есқалиевтің қолынан «Еңбек ардагері» медалін алды.

Бөкең жұбайы Роза апамызбен бірге алтын асықтай екі ұл тәрбилеп өсірді. Үлкен ұлы Марат өз жолын қуды. Қазір Жаңақала аудандық мал дәрігерлік станциясының басшысы. Кіші ұлы Қанат Жәңгір хан атындағы аграрлық-техникалық университетінде қызмет атқарады.Екі ұлдан төрт немере сүйіп отырған әулеттің ардақты атасы.

Болат Кәрімұлы жарты ғасырға жуық еңбек жолында алдыңғы толқын аға-апаларынан тәлім-тәрбие алса, өзі де бірнеше толқын шәкірттер өсірді. Тәлімгер-ұстаз атанды.

Өміржолында жүрегіңді жылытар жақсылар да, жаныңды жүдетер жамандар да кездеседі. Ол табиғи заңдылық. Сондай бір сәттерде Бөкеңе:

- Өмір сиқыр ғой ғажайып,

Адамдар барады азайып.

Аярлар келеді молайып.

Қатар бір жүрген күндерде,

Аға мен іні, және де,

Дос болып қана қалайық.

Мәңгілік жоқ қой ештеңе,

Аттанарда да пәниден,

Тап осы қалыппен тарайық, - деп сыр-мұңымды айтыппын.

Осы тілекте Алланың құлағына шалынып, сыйластығымызға сызат түспей, сізді енді сексеннің сеңгірінен көруге нәсіп етсін, Бөке!

 

Закария Сисенғали,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале