5.02.2024, 11:04
Оқылды: 124

Мал қоңды болса - қыс қаһарын сезінбейді

Мал қыстату науқаны төрт түлікті қыстан аман алып шығу ғана емес, олардың төлдері мен түрлі өнімдерін сапалы түрде молынан дайындап, тұрмысымызға жеткілікті түрде пайдалану. Қыс – қатал сыншы екенін мойындаған әрбір шаруа жауапты науқанға сақадай-сай дайындалып, жем-шөп қорларының жеткілікті болғанын қадағалауға тиісті.

IMG-20240204-WA0007

Біз жақында Ақпәтер ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Қанат Хасановқа жолығып, округ шаруаларының қысқа дайындығы мен қыстақ барысындағы малшылардың жай-күйі жайында сауалдар қойып әңгімеге тартқан едік:

- Мал қыстату науқаны округіміз бойынша екі елді мекен мен он тоғыз малшы қыстақтарында өтіп жатыр. Қыстаққа кірген кезде жоспарымыздағы 25 мың тонна мал азығы дайындалып, бұл жұмыс 111 пайызға орындалған еді. Қазір мал қыстату науқаны барлық жерде ойдағыдай өтуде. Бүгінгі таңда 2024 жылдың 1 қаңтары мәліметімен 10434 бас ірі қара малы, 26417 бас қой, ешкі, 2535 бас жылқы, 73 бас түйе қыстатылып жатыр. Округ бойынша 37 шаруа қожалығы тіркеуде тұр. Ауылдағы ағайынға төрт түлік малды ұстап, оны қоңды күйде өсіру оңайға соқпайтыны жасырын емес. Тірнектеп өсірген малының жем-шөбін дайындау әрбір шаруа үшін аса маңызды. Оның үстіне жыл сайын климат та өзгеріп, жайылым мәселелері де күрделенуде. Округ бойынша ірі қара малы мен қой, ешкілер қыстақта қыстатылса, жылқы малы далада тебінде жүр. Мал қыстату науқаны кедергісіз жүруде. Тек қыстың аяқ жағы қиындау болып, ұзап кетпесе болғаны деп қауіптенеді шаруалар. Сондықтан малы бар ауылдастарға сәттілік серік болсын, - дейді округ әкімдігінің бас маманы Қанат Хасанов.

Қыдыр Харесұлы, 

Казатловка ауданы, 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале