17.03.2021, 9:26
Оқылды: 116

Малды ауылдың базынасы тыңдалды

Бөкей ордасында малды ауылдың азаматтарының басын қосқан жиын өтті. Басқосуда ауыл шаруашылығын дамыту, мал мен жерге қатысты түйткілді мәселелер таразыға салынып, «Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған ұлттық жобасын» талқылауға ұсыныстар тыңдалды.

7DF85CE7-36F6-4CE7-A0B2-2E7DCA37148A

Аудан әкімінің орынбасары Біржан Меңешев төрағалық еткен жиынға облыстық мәслихат депутаты, БҚО бойынша Қазақстан Фермерлер қауымдастығының төрағасы Серік Жарылғапов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мал шаруашылығы бөлімінің басшысы Алмат Есполов, облыстық жер қатынастары басқармасының бас маманы Яннұр Құлшманов, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ облыстық филиалы директорының орынбасары Дамир Ақынбеков, «Кублей» ЖШС, сатып алу бөлімінің басшысы Бақытбек Айтбаев, «Eurasia Group KZ» группасының сату бойынша менеджері Асылан Есенғалиев және ауылдық округ әкімдері, тиісті мекеме басшылары мен шаруа қожалықтарының иелері, жеке кәсіпкерлер қатысты.

77911D23-57AC-4CAB-B1A2-47017B1338D8

– «ҚР агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» биыл аяқталатыны бәрімізге анық. Ендігі кезекте сол агроөнеркәсіптік кешендерін дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған жобаның тұжырымдамасын талқылау болып табылады. Ашып айтқанда, бүгінгі отырыстың басты мақсаты – шаруалар мен сала мамандарымен бірлесе отыра ұлттық жобаны талқылап, нақты ұсыныстар енгізу. Сонымен қатар елімізде жүзеге асып жатқан бағдарламалар бойынша үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, халыққа тиімді ақпарат беру де осы сапарымыздың басым мақсатының бірі. Жобаның мақсатына тоқтала кетсек, аталмыш жоба ароөнеркәсіптік кешендері саласы қызметкерлерінің табысын екі есеге арттыруға, 1 млн.-нан астам ауыл тұрғынын тұрақты табыспен қамтамасыз ету, өндірістік экожүйеге 350 мың фермерлік және үй шаруашылықтарын тартуға, 70 мың отбасылық аграрлық шаруашылықты құруға бағытталған, – деді БҚО бойынша Қазақстан Фермерлер қауымдастығының төрағасы Серік Жарылғапов.

5C03A1E0-15E8-4C53-A918-8997A6B24238

Сонымен қатар Серік Жарылғаповтың айтуынша, «Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған ұлттық жобасы» биыл шілде айында бекітілуі тиіс. Сол уақытқа дейін жобаны түсіндіріп, талқылау үшін құрылған жұмыс тобы облыстың барлық елді мекендерінде болып, жобаға қатысты ұсыныстарды ескеретін болады.

Жиын барысында облыстық делегация мүшелері де есеп берді. Атап айтсақ, облыстық жер қатынастары бөлімінің бас маманы Яннұр Құлшманов пайдаланбайтын жерлерді мемлекеттің меншігіне қайтару барысын атап өткен болатын.

Бас маманның айтуынша, өткен үш жыл ішінде пайдаланылмай жатқан жер көлемі 1 млн. 41 мың гектарды құраған екен. Көрсетілген жер көлемнің мемлекет меншігіне 141 мың гектар жер қайтарылса, соның 52,3 мың гектары қайта айналымға енгізілген екен. Ал 543 мың гектар жер пайдаланушылары жұмыстарын қолға алып, жерлерін негізгі мақсатқа сәйкес игеруге кіріскен.

   «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ облыстық филиалы директорының орынбасары Дамир Ақынбеков биыл «Еңбек» бағдарламасының соңғы жылы екенін айтып өтті.

– Өз ісін ашуға несие алам дейтіндер болса биылғы жыл қиынға түсейін деп тұр. Мысалы өткен жылдары қаржы көлемі 3 млрд. теңгені құраса, биыл бұл бағдарламаға тек 800 млн. теңге қарастырылған. Әрине, облыс көлеміне шақсақ, бұл сома өте аз. Ендігі кезде несие алам деушілерге арнайы сертификат, жұмыссыз деген анықтама және кредиттік тарихыңызда соңғы екі жыл тоғыз ай бойы көлемінде қарыз болмау керек, – деді  Дамир Ақынбеков. 

 «Кублей» ЖШС-нің сатып алу бөлімінің басшысы Бақытбек Айтбаев өз сөзінде серіктестік жанынан 2020 жылы тері өңдеу зауыты іске қосылғанын айтса, «Eurasia Group KZ» группасының менеджері Аслан Есенғалиев егін суаруға арналған құрылғыларын насихаттады.

«Агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған ұлттық жобасын» талқылауға арналған жиында өз пікірін білдіріп, ұсынысын ортаға салғандар да болды.

Бөрлі ауылында өткен жиынға Саралжын және Ұялы ауылының шаруа қожалық жетекшілері және ауылдық округ әкімдері қатысты. Нағым Тәжімұратов пен Мырзабай Боранбаев секілді азаматтарымыз белсенділік танытып, өмірлік тәжірибесінен, ауыл жағдайын ескере отырып, келелі ұсыныстарын айтты. Нағым ағамыз Ресей еліне жалға берілген полигон жерлерін қайтару мәселесін қозғады. Қазіргі таңда Бөкей ордасы ауданының жер көлемі 1 млн. 921 мың гектар жерді құраса, соның 943 мыңы полигон есебінде екен.

Аталмыш мәселеге қатысты аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Руслан Карин:

–Жалпы полигон жерін қайта қайтару жоспарда бар мәселе. Қазіргі кезде ұсыныс дайындалып тиісті органдарға жіберілген. Жалпы аталмыш полигон жерінің 700-500 немесе 350 мың гектар жерін аудан игілігіне қайтарылсын деген ұсыныс жолданды. Бүгін- ертең шешіледі деп айта алмаймыз, дегенмен оң нәтижелі болады деген үмітіміз бар, – деп жауап берді.

Өз кезегінде Мырзабай Боранбаев қаржыландыру мәселесін қозғады.

– Егін шаруашылығымен айналысу үшін агротехника керек. Оған субсидия алуға екінің бірі жағдайы келіспейді. Осы мәселені шешу үшін кешенді бағдарлама жасалып, техника аудандағы коммуналдық шаруашылық немесе орман шаруашылығы сияқты белгілі бір құрылымдарға алып берілсе, тиімді болар еді. Егін салуға ниеттілер осы мекемеден техниканы жалға алады. Әйтпесе, бірреттік, маусымдық жұмыс үшін пәлен миллионның техникасын шаруаларға тиімді емес. Тұқым да қымбат. Қасымыздағы Саратовтың бағасымен салыстырсақ, айырмашылық айтарлықтай. Мысалы, бізде бір тонна сапасы төмендеу еркекшөптің бидайы миллион теңге тұрады. Ал Саратовта бір тоннасы 360 мың теңге. Осы ретте айта кетейін, біздің шөп шабу техникамыз дұрыс емес. Жарты метр қалдырып шабуымыз керек. Қалдық шөп қарға бөгет, жер ылғалды болады, келер жылғы егіске тұқымдық болады. Тағы бір мәселе еліміз бойынша төмен пайызбен несие беретін аграрлық банк ашылса, үлкен іргелі шаруа қожалықтары ғана емес, кәсібін жаңа бастаған кішігерім шаруа қожалықтарына да демеу болар, – деп ұсынысын айтты.

Ал Бисен ауылында өткен жиында Мұратсай, Хан орда және Сайқын ауылдық округ әкімдері мен қожалық иелері қатысты.  

Аталмыш жиында белсенділік танытқан азаматтарымыз да жеткілікті. Мысалы, Сағындық Сәрсенов бордақылау мәселесін көтерді.

– Қазіргі таңда субсидия алатындай бордақылаумен айналысу үшін кемінде 1000 бас болу керек. Бұл көрсеткішке қол жеткізе алатын шаруа қожалық шектеулі. Сондықтан бордақылауға арналған субсидия үшін мал саны азайтылса жақсы болар еді, – деді Сағындық Сәрсенов.

Нәбиолла Имаметденов:

– Жерді жалға беру рәсімін қайта қарастыру керек деген ойдамын. Мысалыға, конкурсқа түсетін болсаң, жер алуың екіталай. Инвестиция жасайтын сома көрсеткіші мен мал саны маңызды рөл ойнайды. Соңында үлкен шаруа қожалықтар басымдыққа ие боп, азын-аулақ малдылар шаң қауып, артта қалады, – деп жер конкурсына қатысты ұсынысын білдірді. Әрине, жиын барысында жерді күтіп ұстау мәселесінен егін егуге дейін көптеген ұсыныс айтылды. Дегенмен айтылған ұсыныстардың іске асуы үшін ең алдымен киік мәселесін шешу керек десті жиналған ағайын.

Өзекті мәселе шешілмесе, жерді мал тұяғынан демалтып егін еккеннен не пайда? Ал мәселені шешу ауданның емес тіпті облыстық деңгейде мүмкін емесі анық.

Шындығына келсек, кезген киік мәселесі дер уақытта шешілмесе, төрт аяғын тең басқан керім деген ұлттық жобаның іске асуы екіталай болады-ау?!.

Еркебұлан Бисенғалиев,

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале