16.04.2022, 18:00
Оқылды: 92

Малды бағымға қоспағандарға айыппұл салынады

Жыл сайын көктемде қордаланған мәселелерді шешу үшін ауыл тұрғындарының жиынын өткізу дәстүрге айналғаны белгілі. Биыл да сол дәстүрден жаңылмай, Теректі ауданына қарасты Ақжайық ауылының тұрғындары мәдениет үйінде бас қосты.

9088FC56-F0D3-4A2D-835B-82B3607E5CA0

Алдымен жиында ауыл әкімі Болат Қадыралиев сөз алып, күн тәртібіндегі екі мәселемен таныстырды. Әуелгісі – жекенің малының бағымы болса, екіншісі – ауыл арасындағы қоқысты шығару.

Бірінші мәселе бойынша, жекенің малы «Лесхоз» және «Хлебзавод» бағытында өріске шығатын болды. «Лесхоз» бағытына Ғарифолла Сәрсенғалиев, ал «Хлебзавод» бағытына Нұрлан Қоспақов атты бақташылар бекітілді. Биылғы мал басына төленетін ақы 1000 теңгеден, ал бойдақ мал бөлек бағылатындықтан 2000 теңгеден деп келісіліп отыр. Малдың өру уақыты таңғы 7.00-ден кешкі 20.00-ге дейін. Бойдақ малды бағымға жинап, алып кету уақыты 18 сәуір күні таңда, ал қабылдайтын жері «Хлебзаводтың» жаны деп белгіленді. Сондай-ақ, бойдақ малдың бағылатын өрісі – 7-бригаданың ар жағынан «Алтыаяққа» дейін созылмақ.

Осы орайда бақташы Нұрлан Қоспақов мал иелерінің ертеңгісін малды шығарып салып, кеште міндетті түрде қарсы алу керектігін, өлген малға жауап бермейтінін, жоғалған малды тауып беруге міндетті екенін және бойдақ малды қосқанда еркек мал піштірілмеген болса, қабылдамайтынын жеткізді.

9B011DC1-65DF-44C4-A1CF-00BD54674427

Ал бұдан кейін сөз алған ауылдық полиция бөлімінің орынбасары Әбдімәлік Амитов трассада мал жайылмау керектігін, малдарын бағымға қоспағандарға айыппұл салынатынын, ауылдағы бұралқы иттердің мәселесін қолға алуды, сонымен бірге интернет алаяқтарының қолына түсіп қалмау жолдарын айтып, халықты бейқам болмауға үндеді.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе – қоқысты шығару жағдайы тракторшылардың жиынға келмей қалуына байланысты кейінге шегерілді.

Мәжілістің ресми бөлімі бітіп, өзге де мәселелерге ойысқан  тұста жиынға қатысушылар көкейінде жүрген түйткілдерін бүкпесіз ортаға салды.

Мәселен, ауыл тұрғыны Жаңылсын Бекесова: «Ауылдағы қараусыз қалған екі қабатты үйлерде неше түрлі адамдар жүреді. Әсіресе, арақ ішетіндердің ұясына айналып бара жатыр. «Ауруын жасырған – өледі» дейді, тәртіп пен  ауызбіршілік болса, ауылымыз көркейе түспей ме?- деді ашынып.

27638DFD-EF72-4BAA-9DD0-C32ED7BED02E

Учаскелік инспектор қылмыстың алдын алу бағытында малды сырғалап, чип салу керектігін, ауыл тұрғындары жолға белгі қою, ит мәселесі т.б. тұрмыстық жағдайға байланысты өз ойларын ортаға салып, талаптарын қойып, ой бөлісті.

Мәжілісті түйіндеген ауыл әкімі бағымсыз қалған Қазақстан көшесі тұрғындарының малына бақташы таба алмай, қиналып отырғанын, әлі іздестіріп жатқанын құлаққағыс етті. Сонымен бірге қамаусыз, қараусыз көшеде бос жүрген малдарға Лесхоз, Глубинканың қасына қора жасап қойғанын ескертті. Енді ауыл тұрғындары айып қорасына қамалған малды қалтасынан ақша шығындап шығарып алуға мәжбүр болады.

Ғазиза Рахметова

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале