Жеңістің 81 жылдығына орай Дариян ауылындағы Даңқ монументі алаңындағы мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойылып, Ұлы Отан соғысында қаза тапқан боздақтардың рухына тағзым етілді.

Іс-шара сұрапыл соғыс жылдарында қаза тапқан қазақстандық жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алумен басталды. Содан соң сөз алған аудан әкімінің орынбасары Ерлан Ғалиев дарияндықтарды Жеңіс мерекесімен құттықтап, ардагерлердің ерлігі мен елге сіңірген еңбегі ешқашан ұмытылмайтынын атап өтті.

– Бүгінгі мереке - майдан даласында Отан үшін құрбан болғандарды еске алатын күн. Тыл еңбеккерлерінің де төккен терін ұмытпауымыз керек. Олардың ерлігі мен өнегесін бүгінгі жас ұрпаққа жеткізу – сіз бен біздің міндетіміз. Ұлы Отан соғысы кезінде ұлтына, тіліне, дініне қарамастан КСРО халқы бір тудың астында біріккені белгілі. Соның нәтижесінде Жеңіске қолжетіп, бүгінде ашық аспан астында, егемен елде өмір сүрудеміз. Тәуелсіз Қазақстан сол бірлікті, ынтымақты, татулықты ту қылып ұстап келеді. Алдағы уақытта да көк байрағымыз биіктен желбірей берсін! Қаза болған батырларымыздың рухы шат болсын, – деді Ерлан Ерсайынұлы.

Ауыл тұрғыны, еңбек ардагері Ұзақбай Ғабдуллин жиналған жұртшылықты Жеңіс мерекесімен құттықтап, 6 мамыр күні Мемлекет басшысының Жарлығымен Қаратөбе ауданында дүниеге келген Кенжебай Мәденовке «Халық қаһарманы» атағы берілгенін айтты.

Айта кетейік, Дариянда Кенжебай Мәденовтың туыстары тұрады. Яғни қарындасы Тамара Мәденованың айтуынша, оның әкесі Өтеген мен Кенжебай - туған бауырлар. Соғысқа олардың отбасынан төрт ағайынды жігіт аттанған. Майдан даласынан әкесі мен Кенжебай ағасы оралған. Берлин операциясына қатысып, Рейхстагтан кейінгі маңызды нысан салалатын Берлин Ратушасына ту тіккен Кенжебай Мәденовтың ерлігін барлық ағайын-туыстары да мақтан тұтады. Оған «Халық қаһарманы» атағының берілуін зор қуанышпен қабылдауда.
Іс-шара кезінде мәңгілік алауға гүл шоқтары қойып, Ұлы Отан соғысы жылдарында ерлікпен қаза тапқан боздақтардың рухына тағзым етілді.
Әрі қарай іс-шара мерекелік концерттік бағдарламамен жалғасты.
Дина Ахметова
Дариян ауылы