11.10.2021, 17:08
Оқылды: 257

Маңғыстаулық инвестор Шыңғырлауда

Шыңғырлау өңірі мал шаруашылығына қолайлы мекен болғандықтан, ауданға қызығушылық танытатын кәсіпкерлер аз емес. Ауыл тұрғындары өз алдына, өзге облыстардан, аудандардан инвесторлар арнайы келіп, мал басын көбейтемін деушілердің саны жылдан-жылға артуда. Солардың бірі осыдан 7 жыл бұрын Шыңғырлау ауданының Ақбұлақ ауылына ат басын тіреген маңғыстаулық Мақсат Хаятуллаев. Мың жарым шақырымдық ара қашықтықты артқа тастап, Ақтау қаласынан әдейі шұрайлы өңірге келген шаруа азаматтың кәсібі бүгінде өрге өрлеген.

3BD06F58-F9D3-4A7E-AD9E-097D6617EB21

- Өзім Маңғыстау облысы Қарақия ауданының тумасы болғандықтан жалпы бұл өңір туралы білмейтін едім. Сол кездегі жұмыстасым Батыс Қазақстанда Шыңғырлау ауданының ол уақытта Тасмола деп аталатын ауылды мал шаруашылығына өте қолайлы екенін айтқан болатын. Шынымен де шөбі шүйгін, жері жазық бұл өңір мал шаруашылығы үшін таптырмайтын жер екен деген шешімге келдім. Шөп пен суы жеткілікті жерде шаруаны дөңгелетуге  барлық жағдай бар екен. Содан жер алып, барлық құжаттарды рәсімдеп, шаруа қожалығын аштым. Атакәсіпті қолға алып, осы өңірге келгеніме өкінбеймін. Тек қайда жүрсең де ең бастысы көп еңбектену және алға деген ұмтылыс қажет»,-дейді Мақсат Бердібайұлы.

Иә, Ақтау қаласынан 2014 жылы келген инвестор «Бердібай Бекзат» деп аталатын шаруа қожалығын ашады. Бастапқыда аз ғана мал бағумен басталған шаруа қожалықта бүгінде күндіз-түні тынбай еңбектену арқасында ірі қарасы 300 басқа, жылқысы 300-ден асып жығылса, қойы мыңға жеткен. Шопан ата түлігінің «Еділбай» тұқымын баптаса, болашақта Зеңгі баба түлігінің «Әулиекөл» асыл тұқымды түрін алуды жоспарлап отыр. Ол қазақтың ақбас сиыры тұқымын «абердин-ангус» және «шароле» тұқымдарымен күрделі түлетпе будандастыру жолымен алынған сиыр біздің қатал ауа райына көнбіс әрі тез жетілгіш келеді екен. Ет өнімін экспортқа шығарып, Ақсай, Ақтау қалаларына сатылымға жөнелтіп те отыр. Әйтсе де бұл жеткен жетістіктерімен тоқтамай, Мақсат болашақта егін шаруашылымен айналысуды қолға алуды жоспарлауда.

«Бердібай Бекзат» шаруа қожалығы малдың күтіміне жауапты жұмысшылар, механизаторлар, аспазшылар, барлығы 20-ға жуық адамды жұмыспен қамтып отыр. Жалақылары да жұмыстың түріне байланысты 70 мың мен 200 мың теңге аралығында. Заманауи техникалардың түр-түрін сайлаған шаруа қожалығында жұмысты сапалы атқаруға әрі жеңілдетуге барлық жағдай жасалған. Сонымен қатар жұмысшыларға арнап салынған жаңа үйлер, оған қосымша асхана мен заманауи моншасының болуы, олардың ештеңеге алаңдамай, еңбек етуіне мүмкіндік берері сөзсіз. Қыстың қаһарлы аязына жылы қораларын тұрғызып, 2500-нан астам орам шөпті дайындап қойған.   

 «Бердібай Бекзат» шаруа қожалығының жұмысымен танысып жүргенде асхана қызметкерлерінің семіз жылқының қазысын айналдырып отырғанына куә болдық. Бұл сатылымға ма, әлде қалаға беріп жіберетіндеріңіз бе деп сұрағанымызда, «жоқ, қызметкерлердің күнделікті азығына ғой» деп қысқа қайырған Мақсаттың шынымен де жұмысшыларға барлық жағдайды жасап отырғанын байқадық.

- Бүгінде Мақсат Бердібайұлын Ақбұлақ ауылының тұрғыны деп айтуға болады. Қашан да шаруа қожалықтың басы-қасында, қызметкерлерімен бірлесе жұмыстың алға басуына араласып отырады. Сонымен қатар Мақсат округте өтіп жатқан шаралардан тыс қалмай үнемі жан-жақты қолдау көрсетіп жүреді. Күні-кеше өткен Қарттар күніне, аз қамтылған отбасыларға деп қой малын сойып берсе, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға арнап газет жаздырып береді. Қай салаға қатысты болса да қолынан келген көмегін аяған емес. Мәселен, Ақтау қаласы тасты өлке екені белгілі ғой, осы орайда аудан орталығында мүсін жасауға арналған үш тонналық тастарды да әкеп берген еді, - дейді Ақбұлақ ауылдық округінің әкімі Светлана Бәйтенова.

Иә, иен далада отар-отар қой, үйір-үйір жылқы, табын-табын сиыр жайылса шұрайлы өңіріміздің сәні одан бетер кірері анық. Өңірімізді жерсінген, «инвестор» деген атына сай Мақсаттың өлкеміздің дамуына одан да бетер қолдау көрсете береріне сенеміз.    

 Аман Ізмұхан,

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале