11.03.2020, 14:52
Оқылды: 69

Бөкейордалық тұрғындар МӘП алды

 Бүгінде атаулы әлеуметтік көмек беру тәртібі өзгергендігі белгілі. Жыл басынан бері Бөкей орда ауданы бойынша 275 отбасы құжат тапсырып, 133-іне көмек тағайындалды.

MAP (1)

Әрі жаңа талаптарға сай көмектің екінші бағыты аз қамтылған отбасы балаларына жас ерекшелігіне сай азық-түлік, гигиеналық құралдар жиынтығы, яғни мемлекеттік әлеуметтік пакет (МӘП) ұсынылуы қажет-ті. Өткен аптада кейбір ауылдастар осы жылдың алғашқы тоқсанына қаралған көмекке ие болды. Әлеуметтік бөлімнің бас маманы Кенжебек Қадырұлының айтуынша, Сайқын ауылдық округіндегі 66 баласы бар 40 отбасыға 1 млн. 300 мың теңгенің көмегі көрсетілді. «Бүгін аталмыш көмектің арқасында олжалы боп қайттым. Бәрінен бұрын балаларым қуанатын болды. Берілген көмектің арасында күнделікті тірлікке қажет тұрмыстық заттар да бар екен», – деп ризашылығын жеткізді сайқындық Баршагүл Есенғалиева.

MAP (3)

Аудан әкімінің орынбасары Лариса Қайырғалиева мен аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысы Шыңғыс Абдуллин келгендерге ұсынылатын көмектің тәртібін қайыра түсіндіріп, мемлекеттің АӘК тағайындаудағы негізгі ұстанымы көмекке шынайы мұқтаж азаматтарға көмектесу екенін баса айтты. Ал еңбекке қабілетті азаматтар жұмыс істеуі керек, мемлекет жұмысқа орналасуға немесе кіші бизнеспен айналысуға жәрдем береді.

Еске сала кетейін, былтыр 2942 адамы бар 612 отбасыға көмек берілсе,  өзгерістерге сай биыл атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатары азайды. Сондай-ақ мұндай пакет тек сайқындықтарға ғана тиесілі емес, барлық ауылдық округтер бойынша тапсырылған құжаттар мақұлданған тұрғындар ала алады. Айта кетелік, мұндай көмек пакеттері тоқсан сайын ұсынылып тұрады.

Нұрай Таубай

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале