21.01.2021, 11:17
Оқылды: 49

Мәселелер рет-ретімен шешілмек

Бәйтерек ауданы әкімі Марат Тоқжанов халықпен есептік кездесулерінің екінші күнін Сұлукөл ауылынан бастады. Аудан ғана емес облыс шетінде орналасқан ауылда мал басы өсіп, ет пен сүт өнімдерінің көлемі артқан. Округ әкімі Қонысбай Молдағалиевтің айтуынша, өткен жылы жұмыссыз ретінде тіркелген 17 ауыл тұрғынының 13-і тұрақты жұмысқа орналасса, қалған 4 азамат ақылы қоғамдық жұмыстарға тартылған. Сонымен қатар бір колледж түлегі «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы бойынша жұмысқа орналасыпты.
985112CB-4CCA-4863-8B55-A34DBCB596B8

-Округ басшылығы ауыл тазалығына үлкен мән береді. Өткен жылдың өзінде ауыл аймағына тал-теректер отырғызылып, сенбіліктер ұйымдастырылды. Сондай-ақ ауылдағы ҰОС қайтыс болған боздақтарға арналған ескерткішті ауыл аумағында қызмет етіп жатқан кәсіпкерлердің көмегімен ретке келтірдік,- деді округ әкімі Қ.Молдағалиев.

BD00EE76-E937-4DDB-BB1D-AFA222DC964D

Әкім төтенше жағдай және күшейтілген карантин кезінде ауыл халқы қажетті сақтық құралдарымен, азық-түлікпен қамтамасыз етілгенін, жергілікті кәсіпкерлер мен тұрғындар «Қора» көліне балық шабақтарын жібергені де үлкен іс болғанын өз баяндамасында атап өтті.

-Былтыр атқарылған жұмыстар аз емес. Биыл да қарқынға қарқын қосып, жаңа жобалар мен ауылға, халыққа пайдасы тиер істерді тындырсақ деген ойдамыз. Келер жылы «Агросервисбатыс» ЖШС ауылда жұмысшыларына арнап 10 үй тұрғызбақшы, жас мамандарға арналған жатақхана салуды да жоспарлап отырмыз. Ауылішілік жолдарды реттеу мен пайдаланылмай жатқан жерлерді анықтау мәселесін шешетін боламыз,- деді округ әкімі.

Кейін сөз алған аудан басшысы 2020 жылы атқарылған жұмыстар мен пандемия қиындықтарын еңсеру мақсатында қабылданған шараларға тоқталып, ауылдардың инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жобалар жайын баяндады. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы ауданда жолдар салынып, мектептер күрделі жөнделіп, таза ауыз су құбырлары тартылып, кәріз жүйелері жаңартылғанын да Марат Лұқпанұлы ауыл тұрғындарына жеткізді. Өткен жылғы қиындықтарды еңсерген аудан шаруалары егіс науқанын ұтымды ұйымдастырып, жақсы өнімге қол жеткізгенін де М.Тоқжанов атап өтті.

Жиын соңында сөз алған тұрғындар құқық қорғау саласы қызметкерлерінің жұмысына ризашылық білдіріп, жедел жәрдем көлігі жетіспеушілігі мәселесін көтерді.

Тұрғындардың назы ескерусіз қалмайтынын айтқан аудан басшысы барлық мәселелер рет-ретімен шешілетінін айтты.

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале