7.04.2022, 16:00
Оқылды: 101

Мәселені бір жақты қылатын уақыт жетті

Күн жылығалы бері Шыңғырлау ауданы орталығында екінші мәрте сенбілік ұйымдастырылды. Алғашқысында көше бойындағы арықтар қардан, сірескен мұздан тазартылып, еріген қар суының ағуына жол ашылды. Аз ғана күнде жер де дегдіп шыға келді. Енді міне, қар астында қыс бойы жасырынған тұрмыс қалдықтары, қағаз-қалбыр, пластик құтылар «менмұндалап» шыға келді. Аудан орталығындағы барлық мекеме-ұйымдар сенбілікке бір кісідей шығып, өздеріне бекітілген көшелер бойында тазалық жұмыстарын жүргізді. Ауа райының салқындығына қарамастан жауапсыз тұрғындардың көшеге лақтыра салған қағаз, тұрмыс қалдықтарын жинап, көше көркін қалпына келтіруге атсалысты.

IMG-20220406-WA0084 (1)

Жыл сайын жауыр болған тақырып - осы тазалық. Реніш тудыратыны да тұрғындар жауапсыздығы. Үйлерінен алып шыққан тұрмыс қалдықтарын арнаулы қалдық контейнерлеріне жеткізбей лақтыра салулары, салып шыққан пакеттерінің аузын мұқият бекітпеуі көше кезген бұралқы, аш иттерге қол. Ашыққан ит пен мысық оңтайлы жатқан пакеттерді жұлмалап ашып, ішіндегі қоқыстарды көше бойына желмен ұшуына жағдай жасайды. Ал көктем шығысымен осы қалдықтарды жинайтын мекеме-ұйым қызметкерлері және биржа жұмысшылары. Меніңше, осы тазалық мәселесінде қатаң шара қолға алынуы тиіс тәрізді. Қай көшеде лас, тұрмыс қалдықтары әудем жерге шашылған болса сол көшенің тұрғындарының өзін сенбілікке шығару керек. Өздері шашқан көр-жерді өздеріне жинатып, сабақ алдыру керек. Сонда ғана терезелерінен сығалап, біздің үйдің маңын жинады ма екен деп отыратын тұрғындар өзгенің еңбегін бағалаудың қаншалықты орынды екенін түсінер, бәлкім. Ал, ешқандай шара алынбаған соң жауапсыз ауылдастар айылын да жимасы түсінікті.

Тағы бір түйінді мәселе - көше кезген кезбе иттердің көптігі. Қазір әр көше бойында үйір-үйір жүрген иттер жүр. Осы иттер иелеріне керек болса байлап қояр еді, яғни бұлар иелеріне керексіз бұралқы иттер. Осы иттер туралы қанша мәселе көтерсек те олардың қарасы азаяр емес. Ит атуға рұқсат етілген кезде олардың иелерінің кім екендігіне қарамастан неге көзін жоймасқа? Кейде тіпті тайыншадай-тайыншадай иттерді көргенде зәре-құтың кетеді. Олар өз жөндерімен жүрсе екен, әуп-әуп етіп зор дауыстарымен үріп жібергенде бала түгілі үлкендер қауіптеніп, көше айналып жүргендері. Осы мәселені де бір жақты қылатын уақыт әлдеқашан жетті. Бір үйде бір емес, оншақты ит ұстаған аудан тұрғындарына да әлі жетпей отырған құзырлы мекемелер қашанғы мәселені жылы жауып қоя бермек? Бұл иттердің артынан тазалау жұмыстарын жүргізетін де қасында тұратын көршілері. Айтсаң сөз ұқпайтын, иттерін қамап ұстамайтын көршілерімен ренжіскен ауылдастар лажсыздықтан шаршап кеткен.

Ауыл тазалығы бәрімізге қажет деп жатамыз. Ендеше, ауамыздың таза, балаларымыз ойнайтын жерлердің қоқыссыз болуы үшін сөзбен емес, іспен дәлелдеген жөн.

Гүлім Шынтас,

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале