6.06.2022, 19:32
Оқылды: 164

Масқардың қызы Вероника

Вероника Николайқызы Бөрлі ауданы жұртшылығына жақсы таныс. Ұлты орыс бола тұра қазақша таза сөйлегеннен емес, көп жылдар мәдениет бөлімінде жұмыс жасап, мәдени шаралардың басы-қасында жүргеннен де емес. Жалпы, азаматтық ұстанымы мықты, қоғамдық өмірге белсене араласатын өмірлік, азаматтық ұстанымы мықты болғаннан шығар. Еліне, жеріне деген патриоттық сезімі әр ісінен, әр сөзінен біліп тұратындықтан болар, бәлкім. Және қай уақытта да қазақ тілінің намысын қорғап, тіл жөніндегі аудандық, облыстық байқауларда озып келіп, тілімізге деген мақтаныш сезімізді оятып жүргендіктен болар.

87E501B2-A2E2-4DBF-A888-ECBD6FBADDE9

Ол Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің аудандық ұйымының мүшесі, аудандық аурухана бойынша осы ұйымның төрайымы, «Жаңғыру жолы» аудандық жастар қозғалысының төрайымы, облыстық «Тіл мұра» қоғамдық бңрлестігінің белсенді мүшесі.  

«Сырым елінің тумасымын»

«Мен Сырым ауданында Тасқұдық ауылында туып-өстім. Сырым ауданы сонымен бірге қазақтың сөз зергері Қадыр Мырза Әлі туған топырақ қой. Осы топырақ, осы өлкенің адамдары шығар мені әдебиетке, мәдениетке жақын етіп тәрбиелеген деп ойлаймын. Ата-ана - отбасының алтын діңгегі. Менің де осындай алтын діңгек ата-анам барына мың да бір шүкір. Әкем Николайдың ұлты орыс, шешем Светлананың ұлты татар. Осындай нағыз интернационалды отбасында тәрбиелендім». Бұл Верониканың байқауға жазған эссесінен үзінді.

«Ұлтым орыс деп ойламаппын»

«Тарихы терең, сөзі көркем қазақ тіліне деген құрметім бала кезден оянған. Ес білгелі ұлтым орыс, ана тілім орыс деп еш ойламаппын. Керісінше, қазақ тілі менің ана тілім деп ойласам керек, әрдайым қазақша сөйлеп жүретінмін. Тілім қазақша шықты. Бәлкім, содан ба екен. Әлде, қазақ тілінің бір әуезділігі бар ма. Әйтеуір орысша жақсы білсем де қазақша сөйлеп кете беремін, – деп күледі Вероника Пермитина бізбен әңгімесінде. - Қазақ сыныбының табалдырығын аттап, 11 жыл оқып шыққан Тасқұдық мектебі әркез жаныма ыстық».

2540D379-56B4-4A9B-BDFF-0E438374DF23

Ол Батыс Қазақстан инженерлік-техникалық университетін «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша қазақша топта аяқтаған. Қазір аудандық ауруханада баспасөз қызметінің маманы болып жұмыс жасайды. Тілге деген құштарлығы, келістіріп сөйлей алатын, шұрайын шығарып жаза алатын ерекше қабілеті оны осындай қызметке алып келген.

«Қазақтың келінімін»

Адам өміріндегі басты құндылық – отбасын құрып, ұрпақ өрбіту. Әсіресе, қазақ қызының басты міндеті - ана болу, ұрпақ тәрбиелеу дегенмен толық келісетінін Вероника да дәлелдеп отыр. Мен қазақтың келінімін дегенді әркез мақтанышпен айтып жүретін ол қазақтың келіні болу бақыты бұйырғаны үшін де өзін шексіз бақытты санайды. Қазіргі таңда аяулы жар, ибалы келін, Арлан және Жәңгір есімді есімді екі ұлдың анасы. Салт-дәстүрді берік ұстанатын отбасында үлкенді сыйлау, қонақжайлық қанымызда бар деп есептейді. Вероника қазақша қонақ күтуді, ұлттық дәстүрде дастархан жаюды анасынан үйренгенін айтады. Үйімізден бауырсақ үзілмейді, жұмада шелпек пісіреміз. Ал қазақтың ұлттық тағамы қазақша ет асу - біздің отбасының сүйікті тағамы, -дейді ол. Құрт, ірімшік, тары - ауылда өскен менің жайған дастарханымның сәні.

«Масқардың қызымын»

Верониканы «Масқардың қызы» дегенді құлағым шалып қалды да, өзінен сұрауды ұйғардым. «Бір күні әріптестердің арасында ру туралы әңгіме шығып, бастығым менен руымды сұрады ғой. Аузымнан «Масқармын» дегеннің қалай шығып кеткенін білмеймін. Бала кезімнен Масқарлардың ортасында, Масқарлардың бауырлық, туыстық қарым-қатынасын көріп өскеннен кейін шығар. Қазір де қасымда Масқарлар көп. Сондықтан ендігі жерде «Масқардың қызымын» деп еркін, мақтанышпен айтып жүремін. Өзімді өскен ортамнан, бірге ойнап-күліп жүрген достарымнан, әріптестерімнен бөлек санай алмайды екем».

«Мемлекеттік тіл - менің тілім»республикалық байқауы

Сонымен, бұрын да аудандық, облыстық тіл байқауларында топ жарып жүрген «Масқардың қызы» осы Қазақстан Республикасының денсауық сақтау мекемелері арасында ұйымдастырылған "Мемлекеттік тіл - менің тілім" республикалық байқауына қатысып, бақ сынауды ұйғарады. 10 аталымнан тұратын байқау онлайн ұйымдастырылады. Өзінің атқарып жүрген қызметі бойынша фото, видео материалдармен бірге мемлекеттік тілде мөлдіретіп эссе жазып жіберген Вероника жеңімпаз атанады. Сөйтіп, жеңімпаздарды марапаттау рәсіміне Астанаға аттанады. Қуанышында шек жоқ. Енді ше, өзі сүйген, бала жасынан сайраған қазақ тілі жеңіске жеткізсе!

«Жеңіс оңай болған жоқ. Республикалы байқау болғасын, қатысушы көп болатынын, мықтылардың да көп екенін білдім. Сондықтан жатпай-тұрмай әзірлендім. Бұрынғы байқауларға қатысып жүрген тәжірибем бар болса да ізденіс қажет болды. Күндіз-түні тілеуімді тілеген анама мың алғыс. Сонымен бірге қолдау көрсеткен аудандық аурухана ұжымына, басшымыз Шыңғыс Сәрсенғалиевке алғысым шексіз», - дейді В.Пермитина.

Біз де мемлекеттік тілдің жалауын Астанадан желбіретіп қайтқан Вероника Пермитинаны құттықтаймыз!

Дариға Нұрашова,

Бөрлі ауданы

 zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале