15.09.2022, 21:49
Оқылды: 53

«Махаббат бер маған, тағдыр»

Жаңақала ауданының қайта құрылуына 50 жыл толуына орай аудан әкімдігінің қолдауымен аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің ұйымдастыруымен ҚР журналистер және жазушылар одағының мүшесі, ақын, тележүргізуші, жерлесіміз  Мұнайдар Балмолданың  «Махаббат бер маған, тағдыр» атты әдеби сазды шығармашылық кеші өтті.

IMG_0187

Қаламгерлік қабілетімен сан қырынан танылып жүрген ақынның жиырмаға жуық еңбегі жарық көрген екен. Сондай-ақ ақынның сөзіне жазылған әндерді эстраданың жарық жұлдыздары өз репертуарларында шырқайды. Атап айтсақ, отандық танымал әнші Димаш Құдайбергеновтың орындауындағы «Махаббат бер маған, тағдыр» әнін әлем халықтары тебірене орындап жүр. Қаламгер тек әдеби еңбектерді жарыққа шығарып қана қоймай, сондай-ақ лирика жанрындағы көптеген әндерге сөзін жазады.

Кеш қонақтары – әнші, сазгер Ербол Ақбасов, Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның әншілері Медет Оразов және Еркін Өтегенов, ҚР Ұлттық Қауіпсіздің Комитеті  Шекара қызметінің ансамбль бөлімінің солисті Нұрлыбек Жүлекенов. Жүргізушілер ақынның өмірбаяны мен шығармашылығын көрерменге баяндап, бүгінгі кештің басты кейіпкерін сахна төріне шақырды. №3 жалпы орта білім беретін мектептің оқушылары ақынды «Жас ұлан» балалар мен жасөсіпірімдер ұйымына мүшелікке қабылдау рәсімін өткізді. Халықпен байланыс жасау үшін еркін микрофон ұсынылып, оқырмандары ақынға өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, кері байланыс жасады. Шара барысында М.Балмолданың өлеңдері мәнерлеп оқылып, жоғарыда көрсетілген кеш қонақтары ақынның сөзіне жазылған өлеңдерді шырқаса, «Ақ әжелер әуені» ансамблі «Анамның жаққан ошағы» әнін көрерменге тарту етті. Көрермендер арасынан ақынға сауал жолдаған жас буын да, ақ тілегін білдірген ақсақал да табылды. Алыстан ат терлетіп кейіпкеріміздің кешіне арнайылап келіп, жүрек жарды лебізі мен сыйлығын қатар алып келген көрермендер де болды.

IMG_0165

Кеш соңында аудан әкімі Дархан Закарин ақынның «Махаббат бер маған, тағдыр» атты жыр жинағының тұсауын кесіп, құттықтау сөз сөйледі. Мерекелік шара аяқталысымен көрермендер ақыннан қолтаңба алып, естелік суретке түсті. Халықтың қошемет, ықыласынан М.Балмолданың жерлестері құрметтейтін, шығармашылығын биік санайтын ақын, туған өлкенің біртуар тұлғасы екені көрініп-ақ тұр.

Нұргүл Елтайқызы,
Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале