10.07.2023, 21:57
Оқылды: 249

Мәжіліс депутаты халықпен кездесті

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нартай Аралбайұлы Сәрсенғалиев Казталов ауданында болып, Жалпақтал аграрлық және салалық технологиялар колледжі және колледж жатақханасы ғимаратымен, Чапаево-Жалпақтал-Казталов-РФ шекарасы бағытындағы республикалық жолының жағдайымен танысты. Мәжілістегі «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі ауданымызға жұмыс сапары барысында тұрғындармен кездесіп, өзекті мәселелерді талқылады.

20230710101519_IMG_2804

Мәжіліс депутаты жұмыс сапарын Жалпақтал ауылынан бастап, аграрлық және салалық технологиялар колледжі мен колледж жатақханасына бас сұқты. Колледж директоры Мағауия Сансызбайұлы 1904 жылы негізі қаланған арнаулы орта білім беретін мекеменің, 1979 жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген жатақхананың қазіргі ахуалымен таныстырды. Колледж 1960 жылы құрылып, ғимаратына 2008 жылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілгенімен, оқу ғимаратының сапасы сын көтермей отыр. Ал жатақхана 2018 жылдың 14 қыркүйегінде «ҰК Құрылысконсалтинг» АҚ шешімімен Азаттық деп танылған. Елу орындық жатақханада қазіргі уақытта 16 студент тұрады, 36 студент орын болмау және жатақхана жағдайына қанағаттанбау  себебінен пәтерлерде тұрып жатыр. Мәселеге назар аударған Нартай Аралбайұлы колледж басшылығына да, тұрғындармен кездесуде де мәселенің ауызекі тілде шешілмейтіндігін атап өтті.

20230710074700_IMG_2775

- Қазіргі таңда халықтың ұсыныстары мен тілектері электронды түрде жіберіліп жатыр. Бізге аталған мәселелерді жазбаша түрде жеткізсеңіздер, біз оны қарастырып, облыстық деңгейде шешілуі тиіс мәселені облыс әкіміне, республика деңгейіндегі мәселе болса Үкіметке жеткіземіз. Мен Казталов ауданындағы бірқатар мәселемен таныспын. Қолдан келсе әрине, заң шеңберінде мәселенің оң шешімін табуына ықпал етеміз, - деді Мәжіліс депутаты.

20230710054529_IMG_2716

Халық қалаулысының Жалпақтал ауылының тұрғындарымен кездесуінде тұрғындар тарапынан Жалпақтал ауданын қайта құру, ауыл шаруашылығы саласын дамыту, киік мәселесін, Казталов мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының жұмысын реттеу, денсаулық сақтау саласында мамандар мен медициналық құрылғылардың жетіспеушілігі сынды мәселелер көтерілді. Мәселе айтылып қана қойған жоқ, депутат та, аудан әкімі де мәселелерге қатысты жауаптарын берді.

20230710103320_IMG_2822

Нартай Аралбайұлы ауданымызға жұмыс сапары барысында 1986-1987 жылдары салынған Чапаево-Жалпақтал-Казталов-РФ шекарасы бағытындағы 192-207 шақырымындағы және Казталов-Жәнібек-РФ шекарасы бағытындағы 1-4 шақырым бетонды жолдың жәйімен де танысты. Республикалық маңызы бар жолдың күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу барысында тыс қалған жолдың жыры халықты алаңдатып, күрделі жөндеу жүргізу қажеттігі жөнінде ұсыныстар да айтылып жатыр. Мұны аудан әкімі Асланбек Ахметоллаұлы да Мәжіліс депутатына жеткізіп, республикалық бюджет есебінен қаржы бөлуге ықпал етуін сұрады.

20230710055835_IMG_2745

VIII сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі «AMANAT» партиясы Казталов аудандық филиалының мәжіліс залында Казталов ауылының  тұрғындарымен кездесті. Депутат өз сөзінде өңірдегі бірқатар мәселелерді тілге тиек етіп, Мәжіліс қабырғасында атқарылған жұмыстарға, «AMANAT» партиясының бағдарламаларын да атап өтті. Казталов ауылының тұрғындары халық қалаулысына «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы үй алуға бөлінетін қаржыны арттыру, авторлық құқықты сақтау, телеарналардағы ұлт руханиятына нұқсан келтіретін бағдарламаларды жабу, мердігерлердің жауапкершілігін арттыру, көп балалы аналарды қолдау шараларын кеңейту, «Ауыл аманаты» жобасын пысықтау, жергілікті бюджет көлемін арттыру, жер, су, жарық, киік мәселесі, шағын және орта бизнесті қолдау және өзге де ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты мәселелер бойынша сауалдар жолданды. Халықтың сауалына депутат Нартай Аралбайұлы да, аудан әкімі Асланбек Ахметоллаұлы да кездесуде көтерілген мәселелердің маңыздылығына жеке-жеке тоқталып,  жауап беріп, ұсыныстарын айтты. Көтерілген мәселелердің басым көпшілігі нормативтік-құқықтық актілерге өзгеріс енгізуді қажет етеді.

20230710055734_IMG_2740

Парламент қабырғасында бірқатар заңдар қабылданып жатыр. Оның бірі халықтың бастамасымен қабылданса, енді біріне депутаттар бастамашы болды. Заң үстемдік құрған мемлекеттік дамуы да қарқынды болмақ. Қазіргі таңда Парламенттің қос палатасының депутаттары да еліміздің түкпір-түкпірінде халықпен кездесіп, мәселені көзбен көріп, назарын аударуда. Халық көтерген мәселе шешімін тапса игі. Өйткені халық өзі сайлаған депутаттарға сенім артады.

20230710054654_IMG_2717

20230710055457_IMG_2732

20230710074612_IMG_2770

Асылбек Нәсіпқалиұлы,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz  

 

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале