3.07.2023, 9:30
Оқылды: 168

Мәжіліс депутатымен кездесуде киік мәселесі талқыланды

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Абзал Құспан Казталов ауданының активімен және шаруа қожалық жетекшілерімен кездесті. Мәжіліс депутатымен кездесуге аудан әкімі Асланбек Сарқұлов, ҚР Парламенті Мәжілісі депутатының көмекшісі, «Ауыл» ХДПП БҚО филиалының үйлестірушісі Нұрлан Сәдір, «БҚО ауыл шаруашылығы ардагерлер ұйымы» ҚБ кеңес төрағасы Лавр Хайретдинов, аудан әкімінің орынбасарлары, ауылдық округ әкімдері,  шаруа қожалық жетекшілері, ауыл шаруашылық саласындағы бөлімдер мен мекеме басшылары қатысты.

IMG_9573

Киік санының көбеюі Батыс Қазақстан облысының оңтүстік аудандары үшін күн тәртібіндегі мәселе. Бір кездері құрып кету қаупі төнген дала жануарының санын арттыру бағытында бірқатар шара қолға алынып, арнайы заң да қабылданды. Енді саны шамадан тыс артқан киік ауылдағы ағайын мен шаруалардың жұмысына кедергі келтіріп, ауданымыздың ауыл шаруашылығы саласын шығынға ұшыратып отыр. Бұл мәселе ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Абзал Темірғалиұлына да таныс жәйт.

- Өздеріңізге белгілі өңіріміздегі киік мәселесін шешуді Парламент қабырғасында көтеріп жүрміз. Қазіргі уақытта ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігімен байланыс орнатып, мәселені шешу жолдарын талқылаудамыз. Сонымен қатар жуырда Үкіметтен Мәжіліске «ҚР Қылмыстық кодексіне» өзгерістер енгізу жөнінде заң жобасы келіп түсті. Өз басым «Қылмыстық кодекстегі» 339-шы бапқа өзгерістер енгізу керек деп санаймын. Өйткені, киікті атып, етін саудалағанның да, киік етін сатып алғанның да жауапкершілігі бірдей болып тұр. Мұны заңмен реттегеніміз жөн, - деді Абзал Темірғалиұлы.

Аудан әкімі Асланбек Ахметоллаұлы ауыл шаруашылығының аудан экономикасы үшін маңызы зор екенін тілге тиек етіп, киік мәселесін жүйелі түрде шешу қажеттігін атап өтті.

- Аудан халқының негізгі табыс көзі – мал шаруашылығы. Ал мал шаруашылығын реттейтін ауыл шаруашылығы саласы аудан экономикасының дамуында жетекші рөл атқарады. Ата Заңымыздың 1 бабында «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы - адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары», - делінген. Осыны ескерсек, біз аудан халқының қолайлы өмір сүруіне жағдай жасауымыз керек. Бұл ретте күн тәртібіндегі киік мәселесін жүйелі түрде шешуге тиіспіз, - деді аудан әкімі.

IMG_9556

Ал аудан әкімінің орынбасары Ғаділбек Әлібекұлы киіктің ауыл шаруашылығы саласына келтірген зиянын баяндап, бірқатар ұсыныс айтты. Ол ҚР Ауыл шаруашылық министірінің 2019  жылғы субсидиялау ережесіне ауылшаруашылық құрылымдардың жерлеріне киіктердің залалынан келген шығындарды есептеп субсидиялауды, «Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану» туралы заңына қосымша киік өлкеселерін жинап, жоюды айқындауды, «Охотзоопром» РМКК, Батыс Қазақстан облысының филиалын және «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерватын кем дегенде екі данадан өлекселерді жоюға арналған мобильді инсинираторлармен қамтамасыз етуді ұсынды.

Халық қалаулысымен кездесу жиынында «Қошпан» ШҚ жетекшісі Айдын Сүндетов, «Буырлар НАРМ» ШҚ жетекшісі Нұрлыбай Жолдыбаев, КТ «Казталов» ЖШС басшысы Абай Багисов, «Есен» ШҚ жетекшісі Ахмет Сұпығалиев, «Екпін» ШҚ жетекшісі Нұрлан Нұғманов, «Береке» ШҚ жетекшісі Ербол Сүлейменов, «Мұхамбет» ШҚ жетекшісі Райымбек Мұхамбетов, «Нұрбек» ШҚ жетекшісі Әділ Ғазезов және жеке кәсіпкерлер Руслан Сұлтанов, Арман Нығметов сөз алды.

Олар киіктің ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерін отап жатқанын, резерват мамандарының жұмысына көңілі толмайтындығын, киіктен келген залалды өтеу қажеттігін, бірқатар заңға өзгерістер енгізу қажет екендігін жеткізді. Сонымен қатар «Ауыл аманаты» жобасының ережелеріне қатысты да сауалдарын жолдады. Аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Сергей Тоқпанов жобаның ережелерін түсіндірсе, «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерватының директоры Ұлан Мамырбаев резерваттың ерекше қорғалатын табиғи аумаққа жататынын, шаруа қожалық жетекшілері мен тұрғындардың хабарламалары арқылы мемлекеттік инспекторлардың ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер мен ауыл аймағынан киікті алшақтату жұмыстары, киік санын реттеуге қатысты ғылыми жұмыстардың жүргізіліп жатқанын айтты.

Жиында Нұрлан Қуанышұлы мен Лавр Рашидұлы да сөз алып, мәселені бірлесе шешу керектігін жеткізді. Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Асланбек Ахметоллаұлы аудан халқының үніне құлақ түрген халық қалаулысына ризашылығын білдіріп, ағымдағы мәселелер бойынша бірқатар тапсырма берді.

Казталов ауданына жұмыс сапары барысында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Абзал Құспанов «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерватының жұмысымен танысты.

Асылбек Нәсіпқалиұлы,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале