16.07.2026, 15:45
Оқылды: 101

Мейірбек Хасанов:  “Құрылтай сайлауы: Халық жасайтын тарих!”

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлау 2026 жылғы 23 тамызға тағайындалды. Құрылтайдың құрылымы қандай болады?! Оның қатарына кімдер қабылдануға құқылы?! Қазақстан тарихында  тұңғыш рет Құрылтай сайлауының салмағы мен сарабы қандай?! Бұл туралы Сырым аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Мейірбек Хасановтан сұрадық. 

WhatsApp Image 2026-07-16 at 15.15.22

- Мейірбек Мәлікұлы, Құрылтай сайлауын елдің қоғамдық - саяси өмірінің жаңалығы деуге бола ма?  Қос палаталы Парламенттен айырмашылығы қандай?! 

- Иә, Құрылтай сайлау - қазақ Парламентаризмінің жаңа белесі. Құрылтай - ұлттың кеңесі деп түсінсек, енді еліміздегі бас ұйым да осы тарихи атауды жаңғыртады. 2026 жылғы 23 тамызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауы – еліміздің саяси жүйесін жаңғыртудағы тарихы қадам. Жаңа Конституциялық реформаларға сәйкес, бір палаталы жоғары заң шығарушы орган ретінде жасақталатын Құрылтай халық пен билік арасындағы алтын көпірге айналмақ. Құрылтай 145 депутаттан тұрады. 25 жасқа толған, ел аумағында соңғы 10 жыл бойы тұратын Қазақстан азаматы Құрылтай депутаты болып сайлана алады.

Президент Жарлығына сәйкес Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы сайлауды дайындау мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарын бекітті. Жұмыс басталды.

- Сырым ауданындағы сайлауалды науқанның тынысы қалай?! 

- Сырым ауданының аумақтық сайлау комиссиясы күнтізбелік жоспарға сәйкес ұйымдастыру жұмыстарын жүргізуде. Біздің міндетіміз – Құрылтай сайлауын заң талаптарына сәйкес ашық, жария түрде ұйымдастырып, сайлауға қатысушы тараптардың барлығына тең жағдай жасау.

Қазіргі уақытта жергілікті басылым – аудандық «Сырым елі» қоғамдық-саяси газетінде, Сырым ауданы әкімдігінің ресми сайтының «Сайлау» бөлімінде міндетті жарияланымдар: аудандық, учаскелік сайлау комиссияларының құрамы мен орналасқан жерлері, сайлау учаскелерінің шекаралары, үгіт орындары мен кездесу орындары жариялануда. Сондай-ақ, әлеуметтік желілердегі парақшалар арқылы сайлау туралы ақпараттық инфографика, бейнероликтер, аудиороликтертаратылып, сайлаушыларды барынша ақпараттандыру жұмыстары жүргізілуде. Ауылдық округтердің орталықтарында баннерлер ілінді.

Құрылтай депутаттарының сайлауына дайындық аясында әдеттегідей электоралдық оқыту ұйымдастырылады. Оқыту аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының 137 мүшесін қамтиды.

Комиссиялар дауыс беруді жаңа Конституция мен жаңартылған сайлау заңнамасына сәйкес ұйымдастыруға тиіс. Оқытуларда дауыс беру күнгі алгоритм мен кейстік жағдайларды заң талаптарына сәйкес шешу жолдары түсіндірілетін  болады, сондай-ақ, құжаттарды дұрыс рәсімдеу, сайлаушылар мен байқаушылармен байланыс жасау іс-әрекеттері қамтылады. Оқытулар соңында комиссияның барлық мүшелері Сайлау туралы заңды білу деңгейін анықтайтын тест тапсырады.

- 23 тамыз күні Сырым ауданында қанша сайлау учаскесі жұмыс жасайды?! 

- Сырым ауданы бойынша 1 аумақтық, 24 учаскелік сайлау комиссиялары жұмыс істейді. Учаскелік сайлау комиссиялары жергілікті әкімдіктен сайлаушылар тізімін алған күннен – 2 тамыздан бастап жұмыстарына кіріседі. Алғаш 5 күн ішінде комиссиялар тізімді нақтылау жұмысымен айналысады. Кейін әрбір сайлаушыға дауыс беру күні, уақыты мен сайлау учаскесінің мекенжайы көрсетілген шақыру қағаздарын таратады.

Сайлау учаскесіне келген сайлаушының тізімде болуы маңызды. Сайлаушылардың тізімдерін тұрғылықты жері бойынша тиісті жергілікті атқарушы орган жасайды.

Сайлаушылар тізімдеріне дауыс беру күніне он сегiз жасқа толған, белсенді сайлау құқығына ие және тұрғылықты жері бойынша тиісті сайлау учаскелерінің аумағында тіркелген Қазақстан Республикасының азаматтары енгізіледі.

Уақытша тіркелген азаматтар сайлаушылар тізімдеріне жергілікті атқарушы органға берген олардың өтініші негізінде дауыс беру күніне дейін отыз күннен кешіктірмей немесе 2026 жылғы 23 шілдеге дейін енгізіледі.

Өтініш келіп түскен жағдайда әкімдік азаматты дауыс беретін сайлау учаскесінің сайлаушылар тізіміне енгізуді және оны тіркелген жері бойынша сайлаушылар тізімінен шығаруды ұйымдастырады. Осы құқықты дауыс беру күні тіркелген жері бойынша болмайтыны белгілі азаматтар, орта арнаулы және жоғары оқу орындарында оқитын, басқа өңірден келген студенттер, вахталық әдіспен жұмыс істейтін азаматтар пайдалана алады. Азамат тек бір ғана сайлаушылар тізімінде болуы керек.

- Сайлаушы өзінің тізімде бар - жоғын қалай анықтай алады?! 

- 2026 жылғы 7 тамыздан бастап сайлаушыларға Сырым ауданы әкімдігінің интернет-ресурсы немесе аудан бойынша CALL орталық 8 71134 31163 нөмірі арқылы нақты сайлау учаскесіндегі сайлаушылар тізімінде өзі туралы деректерді тексеру мүмкіндігі беріледі. Осы уақыттан бастап әр азамат сайлаушылар тізімінен өз деректерін алдын ала тексеріп, конституциялық құқығын пайдалануына болады.

«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға және Орталық сайлау комиссиясы бекіткен дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәліктерін беру және есепке алу ережелеріне сәйкес сайлаушы жалпы жұрттың танысуы үшін сайлаушылар тізімдерін ұсыну мен сайлау күні арасында өзінің болу орнын ауыстырған кезде, ол тіркелген жері бойынша учаскелік сайлау комиссиясына дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәлігін алуға өтініш жасауға құқылы.

Есептен шығару куәлігі сайлаушыға немесе сенімхат бойынша оның өкіліне дауыс беру күніне он бес күн қалғанда немесе 2026 жылғы 7 тамыздан бастап 22 тамызкүнгі сағат 18.00-ге дейін беріледі. Есептен шығару куәлігін алу үшін сенімхатты нотариаттық куәландыру талап етілмейді.

Сайлаушының есептен шығару куәлігін алуға берген өтініші сайлаушылар тізіміне қоса тіркеледі және аталған сайлау учаскесі бойынша оны тізімнен алып тастау үшін негіз болып табылады. Есептен шығару куәлігі басқа сайлау округінде немесе бір елді мекеннің шегіндегі басқа сайлау учаскесінде дауыс беруге қатысқысы келген сайлаушыларға берілмейді. Жоғалған дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәліктері қалпына келтірілмейді және көшірме нұсқасы берілмейді.

Учаскелік сайлау комиссиясы дауыс беру күні есептен шығару куәлігі мен жеке басын куәландыратын  құжаттыкөрсеткен кезде сайлаушыны сайлаушылар тізіміне енгізіп, дауыс беруге арналған бюллетень береді.

Қазақстан Республикасының сайлау туралы заңына сәйкес егер сайлаушы сайлау күні денсаулық жағдайына байланысты, отбасының сырқат мүшесiне күтiм жасау себебiне, сондай-ақ, сайлау учаскесi құрылмаған шалғайдағы және қатынасу қиын жерде болуы себепті сайлау учаскесіне келе алмаған жағдайда, ол учаскелік сайлау комиссиясына дауыс беруге арналған үй-жайдан тыс дауыс беруді ұйымдастыру туралы өтінішпен жүгінуге құқылы. Осыған қатысты өтініштер ағымдағы жылғы 23 тамыз күнгі сағат 12.00-ге дейін қабылданады.

Дауыс беру барлық учаскелерде 2026 жылдың 23 тамызы күні жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 07.00-де басталып, кешкі сағат 20.00-де аяқталады.

- Жасыратыны жоқ, ел ішінде “Қоғам менің пікіріме зәру емес. Менің дауысым не шешеді?! “ - деп саяси науқандарға немқұрайлы қарайтындар бар. Сайлауға қатысу - пікір иесі екеніңді білдіру емес пе?!

- Әрине! Сайлауға қатысу – әрбір азаматтың мемлекет өміріне тікелей араласуына, өз елінің болашағын айқындауына берілген конституциялық құқығы. 18 жасқа толған, әрекетке қабілетті және сот үкімімен бас бостандығынан айыру орындарында отырмаған ел азаматтары сайлауда дауыс бере алады. Әрбір дауыс ел дамуының бағытын өзгерте алатын күшке ие. Сайлаудағы таңдауыңыз – ертеңгі өміріңіздің сапасы.

Жаңару үшін дауыс беруге шақырамын!

- Рахмет!

Сұхбаттасқан: Бауыржан Ширмединұлы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале