5.03.2021, 9:27
Оқылды: 131

Мейірбике – мәртебелі мамандық

Қоғамның дамуына атсалысып, өз саласында айрықша еңбек етіп жүрген нәзік жандылар көп. Солардың бірі – Жаңақала аудандық ауруханасының бас мейірбикесі Гүлсім Талғатқызы. Мереке қарсаңында ауруханаға барып, кейіпкеріміздің айтқандарын жазып алған едік. Соны оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

 мей

«Дәрігер болуды армандадым»

1974 жылы Жаңақала ауылында дүниеге келдім. 1981 жылы мектеп табалдырығын аттап, 1991 жылы алтын ұя мектебімді тәмамдадым. Кішкентай кезімнен дәрігер болуды армандадым. Ақ халатты абзал жан болуды мақсат етіп қойып, сол арманыма жеттім. 1993 жылы Орал мединицаналық училищесіне оқуға түсіп, 1995 жылы шілде айында «Мейірбике ісі» мамандығы бойынша бітірдім. Еңбек жолымды сол жылы қыркүйек айында бастадым. Ол кезде ауданымызда туберкулез ауруханасы болатын. 2012 жылға дейін сол мекемеде қызмет атқардым. Палаталық, процедуралық мейірбике болып түрлі қызметтерді жасадым. Өз мамандығымды аса қызығушылықпен, ынтамен істедім десем, артық айтқандығым емес. Табаны күректей 25 жыл физиатрия саласында істеп, 4 айдан бері аудандық ауруханада бас мейірбикемін. Бас мейірбике – орта медицина, кіші қызметкерлердің жұмыстарын қадағалап, ауылдық округтердегі пунктердің қызметін ұйымдастырып, сапасын тексеріп, барынша жәрдемеседі. Егер мамандықты қайта таңдау керек болса, ойланбастан медицина саласын таңдар едім.

«Бағасы зор әріптестеріме ризамын»

Біз де кезінде жас маман болып, бұл салаға именіп келдік. Сол кездегі туберкулез ауруханасының бас дәрігері  Қанатқали Қаресов біраз бағыт-бағдар беріп, өз білгенін үйретті, шәкірті етіп тәрбиеледі. Маған үлкен мотивация берді. Зәуреш Ғұмарова, Оразгүл Үсіпбекқызы, Райхан Бегешова есімді дәрігер апайларым еңбек жолымда үлгі-өнеге көрсете білді. Қазіргі басшымыз Сержан Серікұлына да дән ризамын. Үлкен сенім білдіріп, үнемі жігерлендіріп отырады. Күлпән Дәрмешова, Ақмарал Жұмабаева, Салтанат Өтегенова, Гүлбаршын Дисалиева, Айнагүл Имашева сынды әріптестеріме де үлкен алғыс білдіремін. Өзіңе ұнайтын ортада, өзің таңдаған мамандықта жұмыс істеу ғажап нәрсе. Есімдері аталған және бірге қоян-қолтық жұмыс жасап жүрген барлық әріптестеріме разымын.

«Медицинаға жастардың қызығушылығы жоғары»

Бұрын медицина саласын көбіне қыздар ғана оқып жүрді. Ер балалар өте аз болатын. Қазіргі кезде ер балалар көп барып жатыр. «Мейірбике ісін» де жігіттер көп таңдайды. Бұл мамандықты бітірген жігіттерді «Мейір ер» деп атайды. Жастардың қызығушылықтары да өте жоғары. Өз істеріне ұқыптылықтары, ынталары қуантады. Жастар мамандарға ең бірінші орында адам денсаулығы екенін түсіндіремін. Сағатпен санаспайтын бұл салада жүрген дәрігерлердің еңбегі ұшан-теңіз.

8 нарузы көктемнің ең шуақты, ең ғажап мейрамы. Бұл мейрамның мәні зор. Барлық әріптестерімді, қыз-келіншектерді, апа-жеңгелерімізді шын жүректен құттықтаймын. Әлемге шуақ сыйлап, аман-есен жүре беріңіздер! - деген тілегімді жолдаймын, - дейді Гүлсім Талғатқызы.

 

Жанайдар Болатбекұлы,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале