1.03.2021, 10:17
Оқылды: 379

Мейірімді бола білейік!

Мен мына әлемнің кереғарлықтарын жиі байқайтын болдым. Бір жағынан, жер жүзі жақсылыққа толы көрінеді. Бұл өмірді қызықты да жарқын ететін дүниелер жетерлік. Ал екінші жағынан, жер бетінде емі табылмаған аурулар, қайғылы оқиғалар, нашарлап бара жатқан экология, қылмыстық істер мен мемлекеттер арасында қырғын, жанжал, адамдар арасында өшпенділік, кекшілдік, жауыздық орын алуда.

мей

Қазір бұл жағдаяттар біздің басымызда болмаса да, біз олар жайлы түрлі ақпарат құралдарынан, ғаламтор беттерінен оқып жатамыз. Бұл мені қатты ойландырады әрі қорқытады. Себебі жер бетіндегі жамандық жердегі барлық жанға ортақ. Өкінішке қарай, адамдар бүгінгі таңда өзгенің қайғысына бас ауыртпайтын салғырт, өзгеге жаны ашымайтын қатыгез болып кеткен. Бірақ ортада ешкімге жамандығы жоқ, өзгеге жанашырлықпен қарайтын мейірімді жандар да жетерлік. Адамзаттың өмірінде мейірімді жандар болмаса, бүгінгі жер беті мүлдем басқаша болар еді.

Дегенмен біз де айналамызға мейірімділік көрсетіп, жақсылық жасай аламыз. Мәселен, қандай адам болсын, барымызша жәрдемдесу, ауыр жүк көтерген кісілердің жүгін көтерісіп жіберу, жол бойынан өте алмай тұрған балаларды немесе қарияларды өткізіп жіберу секілді. Бұл тым қарапайым ғана әрекеттер, алайда керемет сезім ұялататынына сенімдімін. «Жақсылық жасаған адам өзін бақытты сезінеді». Қалай тауып айтылған?! Шынымен де, адамға кішкентай ғана көмек қолын созсаң, ол адам жымиып қана рақметін айтса, сол күн бір сәтті өткендей көрінеді.

Мейірімділік әрбір жанның бойында бар қасиет. Тек сол мейірімділікті көп адамдар «ұйықтатып» тастаған. Оны оята білу керек. Мейлі ол болмашы ғана дүние болсын, сонда да ол сіздің жүрегіңізге үлкен қуаныш ұялататыны сөзсіз.

Адам бойындағы сондай бір жарқын, ізгіліктің нұры бастау алатын адами құндылықтардың ең көркемі – мейірімділік. Бұл қасиет адам баласын тек жақсы қырынан көрсетіп, адамгершілікке жат қылықтардан аулақтатады. Өкінішке орай, қазіргі таңда адам баласын ізгілік пен мейірімділіктен гөрі оған тіпті қарама-қайшы жат қасиет – қатігездік билеуде. Біздіңше, бұл тек әр пенденің жастайында көрген тәрбиесіне ғана емес, оның өсіп-өнген, қоршаған ортасына да тығыз байланысты. Бүгінгі таңда техниканың дамыған заманы емес пе? Теледидар, ұялы телефон, компьютер дегендерді әр үйден кездестіретініміз ғажап емес. Екінің бірі жаңа айфон, айпад сияқты құрылғыларды пайдалануда. Осының бәрінің адамзатқа тиген пайдасын, әрине, жоққа шығармаймын, алайда жасөспірім балалардың санасын қатігездікпен улауға септігін тигізетін нақ осы құрылғылар десем, өтірік емес. Осы мейірім төңірегінде тұрғындар пікірін білген едік.

– Менің ойымша, мейірімділік біреуге жылылығыңды, ізгі ниет, лебізінді білдіру. Адамдардың бір-біріне жиі жақсылық жасауы оларды жақындастырады, жақсы сезім сыйлайды. Адамгершілік құндылығымыз жоғары болуы керек, балаларға өз махаббатымызды төгіп, жылулығымызды беріп, ішкі дүниесіне үңілуіміз қажет. Кішкентай кезінен бастап мейірімді болуға тәрбиелеуіміз керек. Баланың бойына руханиадамгершілік қасиеттерді ұялату, жақсы-жаманды ажырата білуге, адамдық асыл қасиеттерді игеруге ықпал етуіміз қажет. Бір-бірімен қарым-қатынастарын жақсарту, оларды адамгершілікке, имандылыққа, шыншылдыққа, мейірімділікке тәрбиелеу өз қолымызда. Жақсы адам қолұшын беруге, жәрдем етуге, жанашырлық танытуға, көмек көрсетуге, қолдау жасауға әрдайым дайын тұрады. Риясыз жақсылық жасау – биік адамгершіліктің белгісі, - дейді «Бөбек» балабақшасының тәрбиешісі Самия Байдушева.

Мейірімді адам қандай болуы қажет?

– Ата-баба салтына көз салсақ, жетімін жылатпаған, жесірін далаға тастамаған халық екеніміз анық. Адамды сүю адамды танудан басталады. Адамды тану адамзат арасындағы қарым-қатынас, мейірімнен бастау алады. Ал адамға деген сүйіспеншілік, мейірімділік, қайырымдылық ең әуелі әркімнің отбасынан басталады. Мейірімділік адамның өзге біреуге жылылығын, ізгі ниеті мен лебізін білдіруі деп ойлаймын. Адамдар арасында сыйластық, кеңпейілділік, жанашырлық, ізгі ниет секілді қасиеттер болғаны абзал. Мейірімділік деп меніңше адамның үлкен адамгершілігін айтады.

Халық даналығында «Мейірімділікті анадан үйрен» деген терең мағыналы сөз бар. Мейірімділіктің шуағын ең бірінші анадан аламыз. Себебі бала үшін бәрін жиған, баласына ой берген, ақыл берген – ана. Баласын «қайда жүрсе де, аман болсын» деп, «алтыным, асылым» деп күні-түні қамын ойлаған ана жүрегі не деген құдіретті десеңізші?! Ана – әлемдегі ең мейірімді жан. Ананың мейірімінен бейбіт күнде айырылған бейкүнә сәбилер біздің қолдауымызға зәру. Ғасыр дертіне айналған бұл мәселемен жұмылып жұдырық, бірігіп білек болып күресуіміз қажет, - дейді аудандық білім беру бөлімінің әдіскері Сабыржан Дүсенғалиев.

– Әрине, мейірімділік деген сөздің астарында керемет мағына жатыр. Оны мен адамдарға өз мейірімділігіңді таныту, әрқашан қолұшыңды беру деп түсінемін. Медбике болғасын әртүрлі жағдайлар көремін, әртүрлі сырқатпен келген адамның жаны қиналып жатқанын көргенде, жүрегімде жанашырлық пайда болады. Сондай жағдайларда мейірімділігімді танытуға барынша тырысамын. Өйткені ол адамға сенің жылы сөзің ауадай қажет болады. Әр адам баласына біз жанашырлық танытуымыз абзал. Мейірімді адамның көздерінде бір нұр байқалып тұратындай. Сондықтан да әрқашан мейірімді болуға талпынып, жан-жағымыздағы адамдарға нұр сыйласақ жақсы болар еді, - дейді медбике Аида Мұқанғалиева.

Шынайы мейірімді болу – өзіңнен гөрі басқаларға қамқор болу, өзгенің мүддесін өз мүддеңнен жоғары қою деген сөз. Мейірімді адам әрқашан басқаларға көмекке келіп, әркез жақсылық жасағысы келіп тұратыны сөзсіз. Қазақ халқы өте жомарт, мейірімді, данышпан халық.

Оның дәлелі – бұрынғы кезде қазақ жетімдерін жылатпаған, жат елге қаңғыртпаған. Қарт ата-анасын қарттар үйіне тапсырмаған. Тіпті жер бетінде жыбырлаған жәндік екеш жәндікке де қиянат жасамаған. Барлығы Алланың жаратылысы деп қараған, оған қатігездік көрсетуге қорыққан. Осының бәрі келешек ұрпаққа көрсетілген үлгі-өнеге емес пе? Жер бетіндегі барлық адамдар бір-біріне мейірімді болып, ешкімнің ала жібін аттамаса, зорлық-зомбылық көрсетпесе, жер үстін тек жақсылық жайламас па еді?!

Ұрпақтың мейірімді болуы ананың ақ сүтімен бала бойына дариды. Сондықтан мектеп қабырғасында да ұстаздар қауымы ауқымды істер атқарып, мейірімділік пен қайырымдылық аясында көптеген шаралар өткізіп тұрса, ұрпақ тәрбиесіне оң әсер етері сөзсіз. Мейірімділік, сүйіспеншілік ізгілік нұры бізге қонып, адамдар бір-біріне тек жақсылық, қуаныш, ізгілік сыйласа, қандай жақсы болар еді?!

Әркім жақсылық жасауды өзінен бастап, оны өзгелерге насихаттауы тиіс. Сонда жақсылықтың жібі ешқашан үзілмей, жалғаса бермек.

Жақсылық жасауға асығыңыз! Мейірімді болыңыз! Мейірімділік әлемді құтқарады.

 

Гүлмира Мақанова,

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале