6.11.2024, 22:00
Оқылды: 121

Мейрам Қайырғалиев: «Жымпитының әр үйі жылу таратып, жарық шашып тұрса екен!»

Биыл көктемдегі су тасқынынан зардап шеккендер үшін Сырым ауданында 152 үй салынды. Олардың дені Жымпиты ауылдық округінен бой көтерді. Қазіргі таңда Қарасу мөлтек ауданында жаңа 4 көше, Өлеңтіде «Қазақстан халқына» деген жаңа шағынаудан пайда болды. Міне, жаңа үйлер жаңғырған Жымпитының келбетін толықтырып тұр.

IMG_5638

2024 жылы округтен әлеуметтік осал топтарға арналған 20 пәтер және жеке тұрғындар тарапынан 30 жаңа үй салынған. Қоныстой тойлап жатқандардың көбі – жас жанұялар. Міне, жастардың өзінің және балаларының болашағын Жымпитымен байланыстыратынын көрсетеді.

InShot_20241106_211942703
Жымпиты ауылдық округінің әкімі Мейрам Қайырғалиевтен аудан орталығында атқарылып жатқан басқа да жұмыстар туралы сұрадық:
- Біз көзге көрінген, ақпараты қолымызға тиген жұмыстарды айттық. Округте тағы қандай тың шаруалар жүріп жатыр?

Жымпитының жаңарған келбеті туралы толғанысыңызды толықтыра кетейін. Кенттің геожоспары бойынша Қарасу мөлтек ауданынан 800 тұрғын үй салуға жер учаскесі таңдалып, бас жоспарға кіргізілді. Соның ішінде 170 тұрғын үйге инженерлік комуникациялық желілері тартылды. Сонымен қатар Карасу мөлтек ауданынан 600 орындық жаңа мектеп құрылысын салуға жер телімі бекітілді.
Өлеңті ауылындағы жаңадан салынған «Қазақстан халқына» мөлтек ауданы туралы айттыңыз. Жаңа көшелерге ұзындығы 1037 метр автокөлік жолы төселді.
Тасқын бізге сабақ болды. Сондықтан, табиғи апатты болдырмау, болған жағдайда шығынның алдын алу мақсатында жоспарлы жұмыстарды атқарудамыз.
Қазан айында төтенше жағдай бөлімі қызметкерлерімен бірлесе отырып, Б. Майлин, Ә.Оспанов, Өребаев көшелері бойындағы қардың суы өтетін жолдардың және үлкен зират маңындағы сайлардың және Жымпиты ауылы ішінен өтетін каналдар арнасын кеңейту тереңдету жұмыстары атқарылды. Қазіргі таңда Өлеңті өзені бойындағы (Қапақ нүктесі маңындағы) өсіп кеткен талдарды шабу, өзен және сайлардың арнасын кеңейту, тереңдету жұмыстары жүргізілуде. Ол үшін 1 дана үлкен экскаватор жалға алынды.

- Қазіргі уақытта әр үй есігінің алдына тұрмыстық қалдықтар төгіп, бетін асфальттап, көлік тұрағын ұйымдастырып алған. Астына құбыр салуды бірі ескерсе, бірі ескермеген. Көктемде үй мен үйдің арасында көл тұнып тұрады, су жолдары жоқ. Бұл бағытта не шара қолданылуда?

- Округ бойынша су басу қаупі бар аймақтың бірі – Жымпиты ауылы екені рас. Былтыр С.Датов, Амангелді, Байжанов, Жамбыл, М.Маметова, Ә.Молдағұлова, Есенжанов, С.Сейфуллин, Асадуллин, Қ.Сүйірбаев және Өребаев көшелерінде қардың еріген суынан тұрғын үйлерді су басу қаупі төнді.
Биыл С. Сейфуллин көшесі бойындағы автокөлік жолынан 2, А. Байжанов көшесі бойындағы автокөлік жолынан 1, С.Датов көшесі бойындағы автокөлік жолынан 1 және Амангелді көшесі бойындағы автокөлік жолынан 1 су өткелі үшін құбырлар орнатылды. Сондай-ақ Ж.Досмұхамедов көшесі бойында жиналатын қар суларын Б. Қаратаев көшесі бойымен өткізу бағытында су іздері жолдарын терендету жұмыстары жүргізілуде. Су жолдарын бітеп, бөгеп тастаған автотұрақтар бар. Оларды білеміз. Жымпиты ауылының 23 тұрғынына үй жайларының алдынан су өткізгіш құбыр салу жөнінде ескерту қағаздары берілді.

Биылғы жылдың жаңалығы - Амангелді көшесі бойына арық құрылысының жұмыстары жүргізіледі. Жоба құны - 24,2 млн теңге. Аталмыш арықтың құрылыс жұмыстары жүзеге асқан кезде, қардың суы орталық көше бойынан кедергісіз кетеді деп күтілуде. Сонымен қатар көктем кезінде суға кету қаупі бар көшелердің қарлары арнай техникамен шығарылатын болады. Міне, Жымпитының қалалық өмірге жақындауының бір көрінісі.

- Жыл сайын Сырым ауданының орталығы – Жымпитыдағы тұрмыс сапасы жақсарып келеді. Жымпиты тек тұрғындары үшін ғана емес, Самара – Шымкент тас жолы арқылы ауыл үстімен өтетін жолаушылар үшін де жайлы, ыңғайлы кентке айналуда. Әрине, «Жымпиты» брендінің кең танылуына жол бойындағы сервистік қызмет көрсететін бизнес нысандардың жұмысы, ауылдың ажары, ең бастысы тұрғындардың мәдениеті зор рөл ойнайды. Сіздің ойыңызша, Жымпиты бизнеске ыңғайлы өңір ме?
- Әрине. Жымпиты – бизнестің бағын ашатын өңір. Ұлы Жібек жолының бір тармағы да бізден өткен. Қазір де ауыл үстімен халықаралық көлік айналымы өтеді. Бұл – біздің ерекшелік!
Ауыл меймандары үшін емес, ең әуелі тұрғындары үшін қолайлы болуы керек. Биылғы жылы Жымпиты және Өлеңті ауылдары бойынша 500 жарық шам ауыстырылды. Қолғанатов, Мухит, Қажымұқан көшелеріне жаңадан бағаналарымен жарық шам қондырылды. Б.Момышұлы және Өребаев көшелеріне жарық шам қондыру жоспарлануда.
Әйтеке би көшесі бойында 486 метр жаяу жүргіншілер жолы салынды.
Алашорда көшесіне заманауи бағаналармен электр жарығы қондырылды. Жымпиты ауылдық округіне қарасты саябақтарда абаттандыру жұмыстары жүргізілді.

- Істелген іс елдің көз алдында. Бірақ, үйлеспей жатқан шаруалар да бар ғой.
- Бар. Қазіргі таңда негізгі үш мәселені алға жылжытуға тиіспіз. Жымпиты ауылдық округі бойынша ауыл ішіндегі тозығы жеткен электр желілерін бағаналарын ауыстыру қажет. Саралжын елді мекеніне кірме жол салу, Жымпиты және Өлеңті ауылдарының ауылішілік автокөлік және жаяу жүргіншілер жолын салуды аяқтау да өзекті. Ең бастысы - кезекте тұрған азаматтардың тұрғын үй мәселесін шешу.
Жымпитының әр үйі жылу таратып, жарық шашып тұрса екен! Менің әкім ретінде емес, ел азаматы ретіндегі тілегім – осы!

Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан: Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале