9.02.2021, 10:01
Оқылды: 325

Мектеп тарихы – ел тарихы

Жымпитының іргесі ХІХ ғасырдың соңында патшалық Ресейдің орыс шаруаларын Қазақстанның батысына қоныстандыру саясатына байланысты қаланды. Ол үшін ең алдымен жергілікті халықты бағындыру орталығын салу керек болды. 1886 жылы алғашқы қала құрылысын салу басталады. 1886-1890 жылдар аралығында Жымпитыда алғаш 4 ірі құрылыс салынды. Олар – шіркеу, аурухана, мектеп, мешіт. Құрылысқа қажетті кірпіштер алғашында Өлеңті өзені жағасынан, кейін аурухана мен мектеп іргесіндегі сайдағы балшықтан соғылып, оны күйдіру арқылы кірпіштер дайындалады. Құрылыс нысандары күйдірілген қызыл кірпіштен қаланғандықтан Жымпитыға алғашында «Қызыл үй» деген атау берілді.

жаңа мектеп ғимараты

Қазіргі жалпы білім беретін Қадыр Мырзалиев атындағы орта мектебі 1894 жылы бір жылдық «Болыстық орыс-қазақ» мектебі болып ашылып, оның алғашқы мұғалімдері Матвей Григорьевич Холодилин мен Мейіржан Бисенов болды. Алғашында мектеп табалдырығын аттаған шәкірттер саны – 67, оның 62-і ұл, 5-і қыз бала еді. 1972 жылы үш қабатты жаңа мектеп ғимараты пайдалануға беріліп, ескі мектеп өз қызметін тоқтатты. 1994 жылы 27 желтоқсанда Қадыр Мырзалиевтың 60 жылдық мерейтойына орай мектепке ақынның есімі берілді.

Мектеп тарихында Жымпиты орта мектебін бітірген ғалымдар, ақын-жазушыларды ерекше мақтанышпен айтуға болады. Қазақстан халық жазушылары Хамза Есенжанов, Сағынғали Сейітов, Жұбан Молдағалиев, Жәрдем Тілеков, Қадыр Мырзалиев, философия ғылымының докторы Ғалихан Ақмамбетов, медицина ғылымының профессоры О.Хабиев, медицина ғылымының докторлары Мұрат Кәрімов, Төлеуғали Айтбаев, А.Измуханов, ауыл шаруашылығы ғылымының профессоры К.Ахметов, биология ғылымының докторы Р.Каримов, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ч.Мусин, филология ғылымдарының докторы М.Хасанов, физика-математика ғылымының докторы Г.Жұмақаев, ғалым Әндіжан Есенжоловтардың есімі республикамызға кеңінен белгілі. Сонымен қатар, Қазақ КСР үкіметінің бірінші хатшысы (Халық Комиссарлары кеңесінің төрағасы) Ораз Исаев пен Қазақ КСР әншісі Роза Жаманова да осы мектепте білім алған.

Рисунок (3) - копия1

Жымпиты орта мектебін бітіргендер ішінде Социалистік Еңбек Ері Кенжебек Меңдалиев, Нұрсұлтан Ұлжанов, Хайрош Едгин, Мырзахмет Тәжмұханов, Сәлім Қажымов, Мақсот Ташаев, Мариям Мұхамбетжанова, Қадыр Ғайсин, Жайсаң Ақбай т.б. азаматтар облыс пен ауданның, партия, кеңес органдарында жауапты қызметтер атқарып, өз халқына қалтқысыз қызмет жасады.

Ерекше жәдігер

Қазіргі кезеңде мектеп ішіндегі музей өз қызметін жасап тұр. Мектеп музейін тарих пәнінің мұғалімі Акбасов Марат Хабиболлаұлының жетекшілігімен 2006 жылы ашылды. Музей іші 15 бөлімнен тұрады және 445 дана жәдігер жинақталған, оның 422-сі түпнұсқа болып саналады. Осы жәдігерлердің ішінде ерекше көзге түсетіні 1939 және 1940 жылғы латын қаріпінде жазылған аттестаттардың түпнұсқасы. Аттестаттарды 2017 жылы қазан айында ауылымыздың азаматы Кажимов Біран ағай музейге тапсырды. 1939 жылы берілген алғашқы «Үздік аттестаттың» иесі – Қажимов Сәлім, ал екінші аттестат иесі – Каримова Сәрия. 1939 жылғы аттестат толығымен латын қаріпінде жазылса, ал екінші аттестатта 1940 жылы Кеңес үкіметінінің латын қаріпін кириллицаға ауыстыруына байланысты жаңа әліпбимен жазылған жазулар пайда болғандығын көреміз. 1939-2002 жылдар аралығында мектебімізді бітірген түлектердің ішінде алтын медаль иегерлері – 21 оқушы, күміс медаль иегерлері  – 28 оқушы, «Үздік аттестат» иегерлері – 12 оқушы болды.

Биылғы жылы 100 жасқа толғалы отырған Кажимов Сәлім ағамыз 1939 жылы Жымпиты орта мектебін бітірген алғашқы түлектердің бірі болды. Ол 1921 жылы Жетікөл ауылында туған. 1939 жылы Жымпиты орта мектебін бітіріп, Орал педагогикалық институтына оқуға түскен. Кеңес әскері қатарында 1940-1942 жылдары борышын өтеп, 1946 жылға дейін түрлі өндірістік объектілерде қызмет еткен. 1947 жылдан аудандық атқару комитетінде экономист, жоспарлау комиссиясының бастығы, аудандық партия комитетінде нұсқаушы, ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, колхоздың партком хатшысы, аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып қызмет атқарған. Сәлім Қажимұлы ұзақ жылғы жемісті еңбегі үшін бірнеше медальдармен, Құрмет грамоталарымен марапатталған. Сырым ауданының құрметті азаматы. 2001 жылы 80-ге қараған шағында дүниеден озды.

Қолжазба

Қолжазба сыр шертеді...

Аттестатпен бірге мектеп мұражайына Қажимов Сәлім ағайдың 1990 жылы 27 маусымда өз қолымен жазған 4 беттен тұратын қолжазбасы бірге тапсырылды. Кирилл қаріпінде карандашпен жазылған қолжазбада мектеп тарихына қатысты біраз мәліметті алуға болады. Енді қолжазбаға қысқаша назар аударып көрейік.

Жымпиты орта мектебі өмірінен естелік

«Мен 1933 жылдың сентябрь айынан бастап Жымпиты орта мектебінің V(5) класына келіп түстім. Ол кезде бұл мектеп ШКМ (колхоз-жастар мектебі) деп аталатын. Бірінші жылы мектеп те, интернат та бұрынғы орта мектеп үйінде орналасты. Біз сонда жаттық, сонда оқыдық.

Ол кезде мектеп директоры Б.Қобландиев деген кісі еді. Ол кісі мектеп үйінің 2 комнатында тұрды. Негізгі пәндерден берген оқытушылар: математикадан-Ы.Букин, орыс тілінен – И.Изкулов, қазақ тілінен Ғ.Абилов, биологиядан – Ш.Қазиев тағы басқа жолдастар сабақ берді. Кейінгі жылдары институт бітірушілер есебінен Х.Едгин, Х.Жұмағалиев, А.Уребаев жолдастар оқытушылар қатарын толықтырды.....

...Біз оқыған мерзімде 1933-1939 жылдары мектеп директорлары ауысып отырды. 1934-1935 оқу жылдары С.Есенғазиев, 1935 жылы Көбелбаев, 1936-1937 жылдары Ж.Қосанов, 1938 жылдан бастап Х.Едгин жолдастар мектеп директорлары болып қызмет атқарды.

Бізге сабақ берген қарт ұстаздардың ішінде Малабаев Рахымжан, Бейбітов Баймұхан,  Нешалиев Жақып сияқты ұстаздар да болды....

...1937 жылы оқытушылар И.Букинді, Ғ.Абиловты «халық жауы» деп ұстап кетті.

1936 жылы мектеп директоры болып Саратов педагогикалық институтының тарих факультетін бітіріп келген Қосанов Жайшқали білімді, қабілетті оқытушы еді. Сабақты сондай тартымды өткізетін. Ол кезде комсомол жиналыстары өте қызу өтетін. 1937 жылы жазғытұрым аудан орталығында өткен комсомол активі жиналысында Қосановқа әйелің байдың қызы деген айып тағылып, сол жиналыста трибунада сөйлеп тұрғанда құлап, сол науқастан айықпай, дүние салды...

...Біз оқыған кезде осы Жымпиты орта мектебі Мирзоян атында болды. Біздің алдымызда 9-10 класстарда оқитындар Орал қаласындағы орта мектепке ауыстырылды. Біздің класстың артық балаларының бірқатарын Қаратөбе орта мектебіне жіберді, бірқатар ересек балалар мен қыздар оқуды тастап кетті. 1939 оқу жылының аяғында осы мектепті 15 бала ғана бітіріп шықтық. Солардың ішінде Мен, Ербасов Ташай, Ашенов Хамит және Хабиев төртеуміз үздік бітіріп, ерекше аттестатқа ие болдық. Ол кезде онжылдықты үздік бітіргендерге берілетін алтын, күміс медаль болған жоқ. Оның орнына ерекше аттестат болды. Онда былай жазылған: «СССР халық комиссарлары советімен БК(в)П орталық комитетінің 1935 ж. 3 сентябрь күнгі шыққан қаулысы бойынша аталған Қажимов Сәлім жоғары мектепке емтихансыз түсу правосымен пайдаланады».

Осылайша, мектеп бітірген Сәлім ағамыз Орал қаласындағы педагогикалық институттың қазақ тілі мен әдебиеті факультетіне емтихансыз оқуға түсуге қабылданады. Алғашқы курсты үздік бітіріп, суреті институттың Құрмет тақтасына ілінеді. Қажимов Сәлім ағай туралы өңірімізге белгілі қаламгері Бақтығұл Ойшыбаевтың аудандық «Қызыл ту» газетіне 1991 жылы жариялаған «Ардагер аға» деген естелігі жарық көрсе, Ұлы Отан соғысының ардагері, еңбек ардагері, замандасы Мұхтар Әжіғұловтың жазған әзіл өлеңі де бар. Осы бір қолжазба арқылы мектеп мұражайын жасақтау барысында біз де біраз мағлұмат алдық. Күні бүгінде қолжазбада аты аталған мұғалімдер мен мектеп директорларының есімдері мұражай төрінен орын алды. Тек, «халық жауы» атанған қазақ тілі пәні мұғалімі Ғ.Абилов туралы мәлімет біздің қолымызға түспей отыр.

 

Мұқат Арыстанов,

ЖББ Қ.Мырзалиев атындағы орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале