16.03.2024, 22:31
Оқылды: 27

Мемқызметкерлерге арналған ерекше сайыс өтті

Наурызнама онкүндігі және Көрісу айт мерекесіне орай Сырым аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының ұйымдастыруымен мемлекеттік қызметкерлер арасында "Амал келді – жыл келді" атты ерекше сайыс өтті. Ерекше деуімізге себеп, тек қана басшылар мен мамандар ғана емес, көлік жүргізушілер мен кіші қызметкерлер де өнерлерін ортаға салып, жаңа қырынан көрінді.

IMG_0992

Аудан әкімі Жұмагелді Батырниязов Амал мерекесімен әріптестерін құттықтап, қатысушыларға сәттілік тіледі.

IMG_0997

Сайысқа қатысушылардың өнеріне Сырым аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мүсірбек Айташев, аудан әкімінің орынбасары Артур Шерғалиев, С.Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі Айнагүл Ойшыбаева қазылық етіп, әділ шешім шығарды.

IMG_0996

Кеш шымылдығын Алмас Елшібеков “Наурыз - көктем” әнімен түрді.

Алғашқы кезеңде мемлекеттік мекемелер өз ұжымдарын бейнеролик арқылы таныстырса, келесі кезеңде қазақ халқының ескірген салт-дәстүрлерін насихаттап, көрініс қойды.

IMG_0981

Атап айтсақ, “Бесікке салу” дәстүрін аудандық әкім аппараты, “Ашамай” салтын аудандық экономика және қаржы бөлімі “ашамайға мінгізу” аталатын арнайы түсірілген бейнеролигін көпшілік назарына ұсынса, “Қазан шегелеуді” аудан әкімдігінің кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімі, “Тұсау кесу” рәсімін аудандық жер қатынастары бөлімі, “Босаға майлауды” аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс ұжымы, “Тілашар” салтын аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық және автомобиль жолдары, жастардың “бастаңғысын” аудандық ішкі саясат бөлімі ерекше сипаттаса, бүгінгі таңға дейін ұмытылмай келе жатқан “Сырға салу” салтын аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің қызметкерлері көріністі көрермен жүрегіне жеткізе білді.

Үшінші кезеңде командалар бар өнерлерін ортаға салып әсем ән мен тәтті күй орындап, мың бұрала биледі.

Соңғы “Наурыз дастарханы” кезеңінде халқымыздың ұлттық тағамдарын дайындап әкеліп, наурыз көже мен арнайы мәзірлерін ұсынды.

Дастархандағы дәмнің бағасын қазылар алқасы бағалады.

Сайыс нәтижесінде, аудандық экономика және қаржы бөлімі “Еңбекқор ұжым”, аудандық жер қатынастары бөлімі “Өнерлі ұжым”, аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс ұжымы “Талантты ұжым”, аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық және автомобиль жолдары бөлімі “Креативті ұжым” аталымдарына ие болды.

IMG_0972

Ал, ІІІ орынды, Сырым ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі, ІІ орынды аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің командасы, І орынды аудан әкімдігінің кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімі еншілесе, өзге әріптестерінен оқ бойы оза шауып бас жүлдеге Сырым ауданы әкімінің аппараты лайық деп танылды.

IMG_0977

Айжан Бауыржанқызы,

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале