10.09.2021, 12:12
Оқылды: 48

Мемлекеттік бағдарлама аясында жолдар жөнделді

Осыдан бірнеше жыл бұрын Бәйтерек ауданына қарасты Железнов ауылына бару мұң еді. Аудан орталығынан небәрі 12 шақырым жерде орналасқан ауылға жеткенше ес танатын. Жаздыгүні жайын жолмен, қыста және жауын-шашын көп болған уақытта шұрық тесік асфальтпен амалдайтынбыз. Тіпті ауылға жеткен соң да жол азабы таусылмайтын. Ауыл ішіндегі жолдар көлік жүргізушлердің бас ауруы болатын.

 IMG-20210910-WA0017

Ал қазіргі кездегі жағдай мүлдем бөлек. Аудандағы мемлекеттік бағдарламалардың игілігін толық сезінген округтердің бірі Железнов десек, артық айтқандық емес. Былтыр округ орталығын Переметныймен қосатын жол жөнделсе, биыл ауылішілік жолдар жасалды. Осы күні 12 шақырым жолды 12 минутта еңсересің. Ал ауыл ішінде салынған жолда роллер теуіп, самокатпен ызғыған бала көп. Тіпті үлкендер де шайтанарбаға мініп, жаңа жолды тексергендей болып жүреді ауыл ішінде.

- Бұрын аудан орталығынан ауылға жету мұң еді. Былтыр жол жасалды. Биыл ауылішілік жолдар жөнделді. Бір жылдың ішінде осыншама жұмыс атқарған аудан және ауыл әкімдігіне ризашылығымыз шексіз. Шыны керек, ауылда осындай жұмыс атқарылады дегенге сенімсіздік танытқандар болды. Десе де елдің үміті ақталып, көпшілік қуанышқа кенелді, - дейді ауыл тұрғыны Байболат Меңсейітов.

IMG-20210910-WA0026

Иә, жасалған жұмысқа елдің риза екені көрінеді. Оңынан біткен істі көрсетпек болып жолдарды суретке түсіріп жатқанымызда ауыл тұрғындары қасымызға келіп, осы кезге дейін бұл жерлерде көлік түгілі жаяу адамның жүруі қиын еді дегендей пікірлерін айтып жатты. Ауылға жол түскелі көп ата-ана балаларына ролик сатып алған екен. Кеш болса, орталық көше асыр сап ойнап, ролик тепкен балаға толатын көрінеді.

Округ әкімінің міндетін атқарушы Батима Сатваеваның айтуынша, биыл ауылдағы Қазақстан, Достық, Амангелді Иманов және Жаңа ғасыр көшелеріне асфальт төселіпті. Салынған ауылішілік жолдың жалпы ұзындығы 3,3 шақырымды құрайды екен.

- Ауылішілік жолды салуға қажетті жобалық сметалық құжаттамасын белгілі меценат, «Киргенев» шаруа қожалығының басшысы Қайыржан Есенгелдіұлы жасап берді. Соның арқасында жоспарлы жұмыс жаз ортасында басталып, көпшілікті қуанышқа бөледі, - дейді ауылдық округ әкімінің міндетін атқарушы Батима Сатваева.

Қазіргі таңда жол толық төселген. Енді мердігер көше жарықтарын орнатуда.

- Ел ауыл меценаты Қайыржан Киргеневке риза,-дейді көшеде кездескен зейнеткер Аманғали Сарбаллин. Сөзінше, жолдың сапасы көңілден шығады екен. Жұмыс басталған күннен толық аяқталғанша ауыл ақсақалдары құрылыстың басы-қасында болыпты. Жолдың сапасы жақсы деген пікірін білдірген ауыл ақсақалы жаңа жол ауыл шетінде тұратын оқушыларға да жақсы болыпты. Айтуынша, балалар бұрынғыдай балшық кешіп жүрмейді екен.

- Он жыл ауылдың жедел жәрдем көлігін жүргіздім. Бұрынғы жол азабын бір кісідей білемін. 12 шақырымды бір сағат жүріп барған кездеріміз де болды. Сондықтан жаңа жол салып, елді қуанышқа бөлеген басшылыққа ризашылығымыз шексіз, - дейді зейнеткер Аманғали Сарбаллин.

Көпшілік қуанышты болғанымен, жаңа жолдарға жылдамдықты асырмау жөніндегі белгілер қойылса деген ұсынысын да жеткізді.

- Жол белгілері міндетті түрде қойылады. Жаяу жүргіншілер жолағы да болады. Қиылыстарға да арнайы белгілер орнатуды жоспарладық, - дейді Батима Сатваева.

Бұдан бөлек, ауданға қарасты Трекин және Краснов ауылдық округтерінде де мемлекеттік бағдарлама бойынша ауылішілік және кіреберіс жолдар жөнделуде.

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале