Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының бас маманы Дулатбек Молдағалиев Сырым ауданына келді. Ауданның мемлекеттік қызметшілерімен кездесу өткізді. Жиынға аудан әкімі аппаратының басшысы Максим Тілегенов төрағалық етті.

Дулатбек Алмазұлы мемлекеттік қызмет туралы заңнамаға өзгерістер енгізілетіні туралы айтып, түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Жауапкершілікті арттыру, конкурстық рәсімдер, басқа да бағытта өзгерістер енгізіледі. Маманның айтуынша, өзгерістердің мақсаты — мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыру, кәсіби кадрларды тарту және халыққа сапалы қызмет көрсету.
Дулатбек Молдағалиев мемлекеттік қызметшілердің лудоманиядан бойын аулақ ұстауға шақырды. Өңірде 55 млнға дейін ақша тіккен мемлекеттік қызметшіні мысалға келтірді. Мемлекеттік қызмет істері департаментіне келіп түсетін арыз-шағымдар дені мемлекеттік қызметшілердің, лауазымды тұлғалардың, эмоцияға беріліп, балағат, бейәдеп сөздер айтуы екен. Шенді-шекпенділерге өздерін ұстау білу қажеттігін ескертті.
Мемлекеттік қызметшілердің киім үлгісі де көп ескерту алатын жайттардың бірі болғандықтан, киімді мәртебеге лайықты, жинақы кию қажеттігін айтты.
Сұрақ-жауап кезегінде Жымпиты ауылдық округі әкімінің бас маманы Әсия Өмірзақова мемлекеттік қызметшілердің іс-сапар шығындарының дұрыс төленбей келетінін, еңбекақы төленуде білімге қарамайтынын, колледж, университет, магистратура бітіргендердің коэффициенті бірдей екенін айтып,«Әр оқу орнын тәмамдаған мемқызметшілерге төленетін коэффициент неге түрлі болмайды, бір жерде он жылдан артық жұмыс жасаған мемлекеттік қызметшілердің жалақысы да көтерілу керек»,— деген ұсыныс-сауалын ортаға салды.
Басшылар бұл мәселелер жаңа заңнамада қаралатынын, пилоттық негізде алдағы жылдары қолданысқа енгізілетінін жеткізді.
Әсия Өмірзақова: «Ауылдық округ әкімдіктерінде бас маман-бухгалтерлер тапшы, соның салдарынан зейнетақы қорына төлем аударылмай қалып жатады, алты ай бойы үздіксіз зейнетақы аударымы түспегендіктен, керек затын ала алмайтын кездері болады», - деді.
Оған Сырым ауданы әкімі аппаратының басшысы Максим Тілегенов «Мемлекеттік қызметшілер жұмысы А және Б блоктарына бөлінгеннен кейін, ауыл әкімдігіне бухгалтерлікке еңбекақыны азсынып, көбі конкурсқа түскісі келмейді»,-деп жауап берді.
Бір топ есепшілер «Жауапкершілігіміз басшылармен бірдей, бірақ еңбекақымыз неге төмен?», —деген сауал мазалайтындығын білдірді.

Сырым аудандық жер қатынастары бөлімінің бас маманы Бердес Төлегенов: «Мемқызметшінің зайыбы немесе ері мемлекеттік қызметте болмаса, кәсіппен айналысуына бола ма?» - деп сұрады.
Бұл сұраққа мемлекеттік қызметшінің жұбайы азаматтық қызметші болса, кәсіпкерлікпен айналысуға болады. Тек декларация тапсыру кезінде пайда көзін, түсетін табысты ашып көрсетуі керек», — деген жауап берілді.
Жиынды аудан әкімі аппаратының басшысы Максим Тілегенов қорытындылады.
Шынар Молданиязова,
Сырым ауданы