22.09.2022, 16:32
Оқылды: 56

Мемлекеттік қызмет сапасы - басты назарда

Шыңғырлау ауданына іссапармен мемлекеттік қызмет істері агенттігінің БҚО бойынша департамент басшысы, әдеп жөніндегі Кеңес төрағасы Мұрат Байсалов пен департаменттің бас маманы Әзілхан Мұқашев келіп, бірқатар мемлекеттік қызмет көрсетілетін нысандарды аралады.

IMG-20220922-WA0088

Атап айтқанда, аудандық жұмыспен қамту орталығы мен аудандық халыққа қызмет көрсету орталығындағы қызмет алушыларға жасалған жағдайлармен танысып, тұтынушылардың пікірлерін тыңдады.

Одан кейін департамент басшысы «АМАНАТ» партиясы ғимаратында азаматтардың мемлекеттік қызметті өткеру және мемлекеттік қызмет көрсету салаларына қатысты жеке сұрақтары бойынша қабылдау ұйымдастырды.

Жеке қабылдау мемлекеттік қызметке орналасу және өткеру, мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын сақтау мен мемлекеттік көрсетілетін қызметтер мәселелері тақырыбындағы жиынға ұласты. Аудан әкімі Әлия Мұханбетжанованың төрағалығымен өткен жиынға ауылдық округ әкімдері, мекеме, бөлім басшылары, мемлекеттік қызметкерлер және аудандық қоғамдық кеңес мүшелері қатысты.

Аудан басшысы Әлия Биғазықызы Орал қаласынан келген өкілдерді таныстырып, сөз кезегін аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Серікбай Жұмағұловқа ұсынды. Себебі қоғамдық кеңес отырысында мемлекеттік қызмет көрсету бағытында атқарылған есептері тыңдалды. Күн тәртібіндегі бірінші сұраққа сәйкес аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Саян Баймұханов өзі басшылық ететін бөлім арқылы көрсетілетін мемлекеттік қызметтерге тоқталды. Саян Қуанышұлы өз сөзінде аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімімен 15 мемлекеттік қызмет көрсетілетінін, оның 6-уы мүгедектігі бар жандарға қатысты болса, әлеуметтік-тұрмыстық бағыт бойынша 7 мемлекеттік қызмет және үйден қызмет көрсету бойынша 2 қызмет және халықты жұмыспен қамту орталығымен 5 мемлекеттік қызмет көрсетілетінін атап өтті. Ал келесі баяндамашы Шыңғырлау ауылдық округ әкімі Әділ Қаражанов ауылдық округ әкімі аппараты арқылы көрсетілетін 5 мемлекеттік қызмет түрі  бойынша жыл басынан бері барлығы 193 қызмет көрсетілгенін баяндай келе, тұрғындарға қызмет алуға жағдай жасауға бағытталған өз-өзіне қызмет көрсету бұрышы жабдықталғанын тілге тиек етті.

Отырыстың күн тәртібінде көтерілген мәселелерді тыңдай келе мемлекеттік қызмет істері агенттігінің БҚО бойынша департамент басшысы, әдеп жөніндегі Кеңес төрағасы Мұрат Байсалов жалпы мемлекеттік қызметтер алудың тиімді жолдарын саралай келе, әр тұрғынның қолындағы ұялы телефонын тиімді пайдалануы арқылы барлық мемлекеттік қызметті үйден шықпай алуға бағыттау қажеттігін айтты. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің БҚО бойынша департаментің бас маманы Әзілхан Мұқашев та облыс көлеміндегі мемлекеттік қызметкерлердің сапалық құрамына, мемлекеттік қызметшілерді жұмысқа алуда конкурс барысында жіберілетін кемшіліктерді кеңінен баяндады.

Жиын соңында жиынға қатысушылар баяндамашыларға да, департамент өкілдеріне де мемлекеттік қызмет саласына қатысты сұрақтарын қойып, тиісті жауаптарын алды.

Аман Ізмұхан,

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале