18.06.2021, 10:32
Оқылды: 160

Мемлекеттік қызметтің майталманы

2013 жылы Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 23 маусым – Мемлекеттік қызметші күні деп бекіткен болатын. Осы уақыттан бастап, жыл сайын мемлекеттік қызметкерлерге құрмет көрсетіліп, атап өту дәстүрге айналды. Жаңақала ауданында мемлекеттік қызметші лауазымын абыройлы атқарып жүрген жандардың бірі – Еркін Базарғалиұлы Сапаров.

10A2FFE3-7254-4176-9BBA-773A60BC2C98

- Мемлекеттік қызметшінің басты міндеті – Президенттің, Үкіметтің, жергілікті әкімшіліктің саясатын жүргізу. Өз жұмысын тиімді атқарып, мемлекетке және қоғамға пайдалы болу керек. Негізгі мақсатымыз – мүгедектерге, жалғызбастыларға, атаулы әлеуметтік көмек алатын жанға өз дәрежесінде мемлекеттік қызмет көрсету. Мемлекеттік қызметші болу, әрине, жақсы. Жоғары дәрежелі. Жұртқа үлгілі, тәртіпті болу керек. Сол бойынша біз үлкен саланы басқарып отырмыз. Келген кісілермен жылы сөйлесу, стандартқа сәйкес жауап беру, артық әңгіме айтпау сынды мәдениетті мамандарымнан да талап етемін. Заң жөнінде не қажет соның бәрін тұрғындарға толыққанды түсіндіріп, шаруаларын реттеп жібереміз, - дейді кейіпкеріміз. Расында, мемлекеттік қызметтегі әрбір адам өз жұмысының барлық маңыздылығын сезіне білуі және өз елінің патриоты болуы тиіс.

Қызметін үлкен жауапкершілікпен атқарып жүрген Еркін Базарғалиұлы 1961 жылы Мәстексай ауылында дүниеге келген. 1978 жылы Киров атындағы орта мектебін бітіріп, 1979 жылы Батыс Қазақстан ауылшаруашылық институтына оқуға түсіп, 1984 жылы зооинженер мамандығы бойынша оқуын тәмамдайды. Оқуын бітірген жылы Мәстексай қой кеңшарының бөлімше зоотехнигі болып еңбек жолын бастайды. Одан соң саналы ғұмырын мемлекеттік қызметке арнаған ол Мәстексай кеңшары комсомол ұйымының хатшысы, қой кеңшары кәсіподақ ұйымының төрағасы, «Жаңаталап» қой кеңшарының бас зоотехнигі, Мәстексай қой кеңшарының бас зоотехнигі, «Беркәлі» шаруа қожалығының жетекшісі болған. Оның атқарған тынымсыз еңбегі еленіп, он жыл Мәстексай ауылдық округінің әкімі қызметін абыройлы атқарған. Ал 2010 жылдан бері Жаңақала аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы болып қызмет атқарып келеді.

- Біз қариялар мен мүгедектерге қызмет етеміз. Бұрынғыдай емес қазіргі таңда база арқылы жұмыс істейміз. Мүгедектер өздеріне керекті құралын базаға салып, кез келген құралға сұраныс бере алатын мүмкіндігі бар. Шекті бағадан асып кетсе, өз қаражатынан қоса алады. Біздің қарауымызда 162 жалғызбасты қариялар мен мүгедектер бар. Оған да әлеуметтік қызметкер аптасына төрт сағаттан, екі рет барып, қызмет көрсетеді. Сонымен қатар апта сайын мүмкіндігі шектеулі балаларға да барып, қажетті көмектер көрсетеміз. Қиын, қатты ауырып жүрген балаларға шашын тарауды, киім киюді, төсек-орынды жинауды үйретіп, бағыттасақ, біздің жұмысымыздың үлкен көрсеткіші болатыны анық. Барлық мүгедектерге ай сайын әлуметтік көмегін төлеп отырамыз. Сондай-ақ тыл ардагерлерін, мүгедектерді тегін сауықтыру орталығына да жібере аламыз. Аудан бойынша 233 атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасы болса, қазір оның көбіне грант, несие беріп, жұмысқа орналастырып, барымызша көмектесіп, азайтып келеміз, - деп ол қызметінің қыр-сырын айтып жеткізді. Білім саласында ұзақ жылдар бойы еңбек еткен зейнеткер жары Сара Сапарова екеуі бір қыз, екі ұл тәрбиелеп өсіріп, аяқтандырады. Қызы заңгер мамандығын бітірсе, үлкен ұлы құрылыс саласында еңбек етуде. Ал кенже ұлы кәсіпкерлік саласына бет бұрған.

«Билігі мықты елдің тірлігі құтты болады» деген даналықтың терең мағынасын түсіне білген әр мемлекеттік қызметші өзіне артылған зор жауапкершілікті сезінері анық. Халықтың мұң-мұқтажын көре білу, сұранысына құлақ асу мемлекеттік қызметшінің басты міндеті. Қазіргі таңда мемлекеттік қызметшінің мәртебесі биік. Үкімет тарапынан  қолдау да, жеңілдіктер де бар. Тек жұмысыңа адал, антыңа берік болсаң болғаны. 2000 жылы шілде айының 10-ыншы жұлдызында Еркін Сапаров мемлекеттік қызметші ретінде ант қабылдаған.

- Мемлекеттік қызметші болу үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Ұзақ жылдар жұмыс істегеннен шығар, бағытты біліп, заңды түсіндіріп, қызметкерлеріме айтып отырамын. Кез келген адамның кез келген сұрағына барымызша тұшымды жауап береміз. Бізге бұрынғыдай кеңсеге келіп, кезек күтпейді. Онлайн немесе телефон арқылы байланысқа шыға алады. Тұрғындардың барлығына да тиісті қамқорлық жасап отырамыз. Қиындығы да бар. Қазір әлеуметтік желінің дамыған заманы. Артық сөйлеп, көкіректі көтеруге де болмайды. Жалпы, біздің саланың жүгі ауыр емес. Себебі, Үкімет  көмек көрсетіп, қолдау білдіруде, - дейді ол.

Ұлт мәртебесін көтеретін, ел абыройын асқақтататын мемлекеттік қызметкер болу – кейіпкеріміз айтқандай, жауапты әрі мәртебелі міндет. Ендеше, осы салада қажырлы еңбек етіп келе жатқан өз ісінің шебері Еркін Базарғалиұлы сынды кәсіби мамандар қатары толыға берсін деген ниеттеміз.

Жаннұр Берікқызы,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале