30.04.2020, 17:54
Оқылды: 77

«Мен қалай «Зоя Николаевна» атандым»

 Ол кісіні Зубарзат Латипова десең, екінің бірі тани бермейді. Ал Зоя Николаевна десең, білмейтін адам кемде-кем. Ел аузында «Зоя Николаевна» деп орыстың есімімен атанып кеткен татар қызы, сүйікті де ардагер ұстазды шолақаңқатылықтар ерекше жақсы көреді.

BB1E1FC1-3766-4423-8E81-E46DE95D113C

Бүгінде Тоғанас ауылында түтінін түтетіп отырған татар ұлтының қызы Уақыт Уразов есімді татар жігітінің етегінен ұстап, бүгінде ұрпақ сүйіп, қызығын көріп отыр.

Ашық мінезді, әңгімешіл, бауырмал  Зоя Николаевна көпұлтты Тоғанас ауылының қай тұрғынымен де сыйлас. Әңгімені қазақша, орысша араластырып отырып, майын тамызады. Өзі екі тілді араластырып сөйлегені үшін әлсін-әлсін кешірім сұрайды. Сөйлегенде, қазақтың әр әрпін анық айтады. Татар, орыс, қазақ тілінде ән, өлеңдерді тамылжыта сайрайды.

–  Әкем Габдрахим Хусаинұлы 1924 жылы Казталов ауданында дүниеге келген. Отбасындағы бес баланың бірі. Сол жақтан әскерге барып келген, қайтадан соғысқа аттанды. Ұлы Отан соғысынан кейін Жапониядағы ұрысқа қатысып, 1948 жылы елге оралды. 1949 жылы  анам Мафроза Жаледденқызымен шаңырақ көтерді. Автолавка жүргізіп, шопан ауылдарына азық-түлік тасып жүрді. 1970 жылы радикулит ауруына шалдығып, рөлге отыра алмағандықтан, оны запастағы офицер, лейтенант шенімен әскери комиссариат шақыртып, алғашқы әскери дайындық, азаматтық қорғаныс пәнінен А.Оразбаева атындағы мектепте сабақ берді. Әкем Габдрахим мен анам Мафрозадан үш ұл, бес қыз өніп-өстік. 1952 жылы дүниеге мен келіппін. А.Оразбаева атындағы мектепті бітіріп, 1972 жылы Алматыға  ҚызПИ-ге музыка факультетіне қабылдандым. Институтты тәмамдап, Казталовқа қайтып келдім. 1976-да бір жыл музыка мектебінде баян сыныбында сабақ беріп, 1977 жылы Правда газеті атындағы совхоздың жігіті Уақытқа тұрмысқа шықтым. Сол жылы мектепке пионер көшбасшысы болып, жұмысқа орналастым. Пионер көшбасшысы болып, 17 жыл еңбек еттім.

0973F5C5-E34E-46C6-9B9C-B32629B3543D

Мектепте көбі қазақ балалары болған соң, мені «Зубарзат Габдрахимовна» деп атауға тілдері келмеді. Кіп-кішкентай бүлдіршіндерім менің атыма келгенде тілдерін сындыра алмай қиналды әбден. Сосын әкеммен бір сөйлескенде:

–  Мені балалар Зубарзат Габдрахимовна деп айта алмайды,- дегенмін. Әкем:

–  Онда сені оқушыларың «Зоя Николаевна» десін. Мен Казталовта бәрібір «Николай Хусаинович» болып жүрмін ғой,- деді.  

Әкем жүргізуші болғандықтан, Александров Гай стансасына жиі барып-келіп жүретін. Ол жерде орыс халқымен үнемі араласып, жүргендіктен әкем Габрахимді казталовтықтар «Николай»  атап  кеткен еді. Содан балаларыма  «Зоя Николаевна» деп атаңдар дедім. Олар қуанып кетті.  Алғашында мүлде басқа есім таңсық көрінгенмен, кейін азан шақырып қойған есімімдей үйреніп кеттім. Ауылдастарыма да «Зоя Николаевна» деп атаған жеңіл көрінді. Шәкірттеріммен бірге ата-аналарым да, одан бүкіл ауыл  солай атап кетті. «Зоя Николаевна»  деген есім маған ауылдың, халықтың, шәкірттердің ұстаз, педагог ретінде көрсеткен құрметіндей боп кетті. 1992 жылы Қарағанды бастауыш мектебіне мұғалім жетіспей, бастауыш сынып мұғалімі болып ауыстым. Бастауыш мектепте басшылық атымды құжат бойынша айтылуын талап етті. Балаларға қиын болса да, «Зубарзат Габдрахимқызы» деп атай бастады. Қарағанды бастауыш мектебінде бір үшжылдық, бір төртжылдық бастауыш мектептің қазақ сыныбының түлектерін оқытып шығардым. Олар мені «Зубарзат Габдрахимқызы» деп атады. Оқушыларым сабаққа алғыр болды.  Сыныпта  8 оқу озаты, 14 екпінді,  3-4 орташа үлгерімді шәкірттерім болғаны әлі есімде.

1BA303C3-F2AD-49FC-A4B6-060AFD05FAED

1999 жылдың қыркүйегінде мектепте интернат ашылып, мені меңгеруші етіп қойды. 2010 жылға дейін интернат меңгерушісі болып жасадым. 2010 жылы зейнетке шықтым. Отағасы екеуміз бір жылда ол 63, мен 58 жасымда зейнеткер атандық, - дейді «Зоя Николаевна» атанған Зубарзат Латыпова.  

Кейіпкеріміз үнемі қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, аудандық концерт, байқауларда татарша, орысша, қазақша әндер шырқайды. Спорттан да хабары бар Зоя Николаевна жеңіл атлетикадан облыстық жарыстарға қатысып, жүлделі орындар алды. Ауданның намысын қорғай білді. Зейнетке шыққаннан кейін де ардагер ретінде жарыстардан қалған емес. Мылтық ату, жүзу, жүгіру, шалқасынан жатып кеудесін көтеру сияқты бессайыс бойынша былтыр облыстық Президенттік көпсайыстан бірінші орын алды.

Ері Уақыт ағамен үш перзентті өмірге әкелді. Үлкен қызы Надия №16 мектепте технология пәнінің мұғалімі, екі жоғары оқу орнын бітірген, екінші қызы Альфия М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің фармацевтика бөлімін бітірген, қазір Тоғанаста дәріханада жұмыс жасайды. Кенже ұлы Заур байланыс мамандығын меңгерген, мамандығы жоғары.  Электриктік, дәнекерлеушілікпен айналысатын жеке кәсіпкерлігі бар. Былтыр шаңырақ көтеріп, Орал қаласында тұрып жатыр.

–  Біздің ортақ үйіміз – Қазақстан халқына алғысым шексіз. Өзге ұлтсың деп, өзектен тепкен біреуін көрмедім. Мен үшін Тоғанасымнан артық жер жәннаты жоқ. Елімізде тыныштық, бақыт, денсаулық, татулық салтанат құра берсін!- дейді сөз соңында Зубарзат Латипова.

 Шынар Молданиязова

Сырым ауданы

 zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале