9.07.2021, 9:53
Оқылды: 447

Мен Тәуелсіздіктің құрдасымын!

Қ.Аманжолов атамыз «Сен неткен бақытты едің келер ұрпақ...» деп жырлағандай, иә, біз шынымен де бақыттымыз. Мен бақыттымын. Себебі менің елімнің Тәуелсіздігіне - 30 жыл. Менің дүниеге келгеніме де 30 жыл, яғни мен азаттықтың ақ таңы атқан жылы Жаңақала ауданы, Қызылоба ауылында дүниеге келдім. Мен Тәуелсіздіктің құрдасымын. Ол – менің мақтанышым.

689FC4BA-FBCB-457B-BCF6-A71E46AE6BAF

Бізге деген мұғалімдердің, туыстардың, жалпы ортамның көзқарасының ерекше екенін мектеп кезінен-ақ байқадым. Олар бір ерекше сеніммен, үміт артып қарайтын. Көп нәрсені үйреткісі келіп, «Біздің болашағымыз - сендер» деп айтатын. Осындай жауапкершілікті қазірге дейін сезініп, өз саламда жетістікке жетудемін. Тәуелсіздіктің құрдасы екенім маған үлкен жауапкершілік жүктейді. Сонымен қатар Тәуелсіз Қазақстанда өмір сүрудің артықшылығын көріп келемін.

Мемлекеттік білім грантымен Ж.Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледжінің «Бастауыш жалпы білім беру» мамандығын үздікке бітіріп, М.Өтемісов атындағы БҚМУ-да «Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі» мамандығы бойынша білім алдым. ЖОО бітірген соң туған жерім Жаңақала ауылына оралдым. Қазір аудан орталығындағы елімізде алғаш «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша салынған үздік  мектептердің бірі - №3 жалпы орта білім беретін қазақ мектебінде бастауыш сынып мұғалімі болып жұмыс жасаймын. Біз, жас ұрпақ, Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін жете түсініп, бүгінгі берекелі еліміздің болашағы жарқын болуы үшін еңбек етуіміз керек деп ойлаймын. Болашақ шәкірттерімді де осы бағытта елінің патриоты болып өсуіне, ұлттық құндылықтарды жоғары бағалауға, жақсы тәрбиеленулеріне атсалысамын.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мерекесінің табалдырығында тұрып, осындай бірлігі мықты елде туғаныма қуанамын. Егемен еліміздің ертеңіне қызмет етуді мақтаныш тұтамын. Туған жердің өркендеуіне үлес қосуды перзенттік парызым деп есептеймін. Тәуелсіздіктің тұғыры биік болғай!

Айдана Жасталапқызы,

№3 ЖОББ қазақ мектебінің бастауыш сынып мұғалімі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале