16.03.2021, 11:37
Оқылды: 50

«Мен үшін наурыздың орны бөлек»

Наурыз мерекесінің қазақ халқы үшін орны бөлек. Өйткені барша мұсылман қауымы үшін бұл күн жаңа жылмен қауышу күні ретінде тойланады. Әрине, көңілге сәл болса да кірбің түсірерлік жағдай жаңа жылды 1 қаңтарда қарсы алуды дәстүрге енгізген сәттердің де бар екендігі рас. Ал шын мәнінде ойлап қарасақ, Жаңа жылды көктем айында қарсы алған жөн емес пе?

E542D52D-0969-436E-AF6B-FC109C978F6C

Өйткені бұл айда күн жылынып, қыстың ауыртпалығынан жұртшылық арылады.

Ал ауылдарда мал төлдеп, ақтың молая түсуі, жердің көгеріп, күннің нұрын төгуі де Наурыздың  шуақтылығын аңғартып тұрғандай.

–   Наурыз мерекесі – әлемдегі ең көне мерекелердің бірі. Аталмыш мейрам Орта Азия халықтарында 5000 жыл бойы тойланып келеді. 1991 жылдан бастап, ел Президентінің Жарлығымен 22 наурыз жалпы халықтық мереке болып белгіленді.  Аудан көлемінде Наурыз мерекесі 1987 жылдан бастап тойланып келеді. Ол жылдары мен Наурыз мерекесін тойлауды ұйымдастыру жөніндегі комиссияның төрағасы болдым. Әрбір шаруашылық орталықта киіз үйлер тігіп, ішін ұлттық нақыштармен безендіріп, қазақы ұлттық киім киген адамдар шараның ажарын аша түсті. Ұлттық тағамдар, киіз үйді безендіру ұлттық ойындардан байқаулар ұйымдастырылды. 14 наурыз көрісу күні екендігін бала кезімізден білеміз. Сонау кездерде таңертең ертемен  көршілердің үйлерін аралап, үлкендердің баталарын алатынбыз. Өкінішке орай, қазіргі кезде  бұл жағдай сезілмейді, кенжелеп барады. Мектептерде ұлттық дәстүрлерді насихаттау жағы тасада қалған. Президентіміз биылғы жылғы Наурызды 10 күн бойы тойлап, тематикалық шаралар өткізуге  өте жоғары  мән беруі көңіл қуантады. Әрине, елдегі індеттің  аталмыш мейрамды кең көлемде атап өтуге кедергі келтіріп отырғандығын түсінеміз. Көңіл бөлетін мәселе, ұлттық киімдерімізді тек Наурыз мерекесін тойлау кезінде кимей, тұрақты киіп жүруде күнделікті әдетімізге айналдырсақ, өте орынды болар еді. Бұл бағытта басшылықтағы лауазымды шенеуніктер де үлгі болуы тиіс. Наурыз мейрамы – діни мереке емес, көрісу күніне орай «айт» сөзін тіркеу де  орынсыз дер едім. Мен үшін Наурыздың орны бөлек. Наурыз – халқымыздың салт-дәстүрлерін дәріптеп, елімізге лайықты өнегелі, өнерлі азамат тәрбиелейтін ұлттық мейрам болуға тиіс,- дейді аудандық билер кеңесінің төрағасы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасының орынбасары, «Құрметті байланысшы» Сыдық Тәжмұқан.

Иә, байланыс саласының ардагері Сыдық Тәжмұқанның әңгіме өзегінің де жаны бар. Мәселен, ауылдың үлкен-кішісіне дейін мейрам атаулыны құр жібермейтіндері бесенеден белгілі жайт. Ал оның ішінде 22 наурызды «Жыл басы» деп, ерекше тойлап, көңілдері арқа-жарқа болып қалатындары қанға сіңген әдеттердің бірі емес пе?!

Жасыратыны жоқ, ауылдағылар бұл күні бір-біріне қонаққа барып, наурыз көже ішіп, бір желпініп қалатындары бар. Тіпті «Наурыз  көже ішкен адамның сол жылғы арман-тілегінің бәрі орындалады екен» деген сөзді санасына сіңірген әрбір адам наурыз көжеден қалай да ауыз тиіп қалуға тырысып, таласатындары – қанға сіңген қазақы қасиет.

Әрине, Наурыз мерекесі тек көже  үлестірумен ғана шектеліп қалмайды. Мысалы, ертеде қазақы салт-дәстүрді  берік сақтай білген жастар қауымы наурызда алтыбақанда тербетіліп ән айтқан, өзара айтысып, мереке көрігін қыздырған.

Сондай-ақ, Наурызда жастар «Көкпар», «Бәйге», «Қыз қуу», «Жамбы ату» секілді ұлттық ойындарды ойнаған.

Ал, бүгінде ше?! Демек, қазіргі заманның жастары болса, Наурызда көбінесе қазақша күрес, арқан тартысы, тоғызқұмалақ, дойбы секілді спорттық ойындар бойынша бәсекеге түсумен ғана шектеледі.

Түсініп, білген адамға қазақтың барлық салт-дәстүрі тұнып тұрған тәрбие ғой. Демек, Наурыз тойында осындай ежелгі сақталған салт-дәстүрді көрудің өзі бір ғанибет қой, шіркін!

Мүсірбек Айташев,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале