5.02.2021, 9:50
Оқылды: 97

«Мені өлеңдерімнен бөліп қарамаңыздар...»

Қазақ поэзиясына өзіндік жеке-дара үнмен келіп, даңғыл жол қалдырған ақын, ұлтының ұлы перзенті – Мұқағали Мақатаев. Жүректің нәзік пернелерін дөп басып, қылын шертетін ақынның поэзиясы қазақ халқының жүрек үнімен үндесіп жатқандай. Қазақ халқының қасиетке толы бар болмысы мен жүрек лүпілі Мұқағали ақынның өлеңдерінде менмұндалап тұрады.

25C38BA0-34A6-44A0-B838-A47DE7D401A6

«Мені өлеңдерімнен бөліп қарамауларыңызды сұраймын» деген ақынның сөзіне терең үңілер болсақ, ақынның тағдыры мен бар өмір жолы өлеңдерімен үндесіп, ақын жанынан сыр шертіп тұрғандай. Ақын өлеңдерінің хронологиясын құрастырар болсақ, ақынның өмірбаяны мен көңіл толқынысын жазып шығар едік. Ауыр тағдыры талай мүжісе де, иілмеген ақын рухы қашан да биігінен аласармақ емес. «Мұқағали Мақатаев – адамдар арасындағы, өмірдегі, табиғаттағы жарастық пен келісімнің жыршысы. Оның өлеңдері шын тебіреністен, шын шабыттан, шын күйзеліс пен шын қуаныштан, шын сағыныштан туған» деген екен Алаштың абыз жазушысы Әбіш Кекілбаев. Расында да, ақын поэзиясына тереңдей үңіліп, шын сезініп оқыр болсаң, ақынның поэзиясында еш жалған сезім жоқ. Бәрі де тап-таза, мөп-мөлдір.

Ақынның өмір жолы қалтарыстар мен бұлтарыстардан құралғанын өлеңдеріндегі сыршыл сезімдермен қоса тарихи деректерден оқып, біліп жүрміз. Ақынның балалық шағы Ұлы Отан соғысымен тұспа-тұс келгені белгілі. Сол кезеңдердегі қазақ балаларының тартқан жетімдік зардабы мен тағдыры ақынның поэзияға келуіне, бала ақынның ұлы ақынға айналуына түрткі болды.

«Біздер – жетімдерміз!

Жетімдерміз!

Жетім болып жүріп-ақ жетілгенбіз:

Дөңгелек жердің шарын допша қуып,

Мазасын тіршіліктің кетіргенбіз»,

деген ақынның осы бір өлең шумағындағы асқан рух пен жігер сол бір замандағы қазақ баласының қилы тағдырын бір-ақ шумақпен жырлап берді. Кеңестік дәуірдің илеуінде иленген ақынның жан дүниесіндегі «Рухани еркіндік» деген ақ көгершін мәңгі тұншығып өте барды. Мұқағали ақынның лирикаға толы поэзиясы мәңгілікпен үндеседі.

Қалқам,

Мен Лермонтов, Пушкин де емен,

Есенинмін демедім ешкімге мен,

Қазақтың қара өлеңі – құдіретім,

Онда бір сұмдық сыр бар естілмеген.

Ақынмын деп қалай мен айта аламын,

Халқымның өзі айтқанын қайталадым.

...Күпі киген қазақтың қара өлеңін,

Шекпен жауып, өзіне қайтарамын...

– деп қазақ поэзиясының есігін айқара ашып кірген Мұқағали Мақатаев болашақпен дәуірлес болып қала береді. Қазақтың қара өлеңіне күпі емес, мәңгі тозбайтын, жарқырап тұратын, көз тартып, жылдармен жасарып, жаңғыратын зерлі шапан жапты десек, қателеспеген болар едік. Ақынның шығармашылығына аға буынымен қоса өз қатарластары, қаламдас достарының да заңғар баға берген мірдің оғындай сөздері әр қазақ баласының Мұқағали поэзиясына деген сүйіспеншілігін оятады. Мысалы, ақынның аға буыны Әбділдә Тәжібаевтің: «Мұқағали Мақатаев – біздің замандағы ғажайып ақындардың бірі. Мақатаев атты алып ақындық жарқын жүзіне, миллион адам миллион түрлі пікір пайымдаса да, ешбір кіреуке, көлеңке түспей келешекке қарай керуен түзеп, көше бермек» деген ойы мен пікірі нақ, дәл айтылған ой.

Келесі ақынның қаламдасы Тұманбай Молдағалиев: «Қазақ жырының аспанындағы аз ғана жұлдыздардың арасынан сенің жұлдызыңды біз оңай танушы едік. Сенің жұлдызың – ең шұғылалы, ең мейірімді жұлдыз» десе, қазақтың Қадыры: «Әдебиетті салынып жатырған ғаламат бір ғимарат, көк тіреген күмбез, сұлулық сарайы деп есептесек, сен соның талантты тас қалаушыларының бірі едің» деп тебіренеді.

Шынында да өз заманында қоғамынан, мемлекетінен жоғары бағасын ала алмаса да, әдеби ортадан, жан жүрегі халқынан жоғары бағасын алған жан. Мұқағали ақынды білмейтін, оқымайтын қазақ әсте жоқ деп ойлаймын. «Үш бақытым» деп әрбір жас ұрпақ көзін ашып, «Өкінбеймін» деп болашаққа беттеп, «Махаббат диологын» жаттап, «Пай-пай өмір!» деп өмірге көз жүгіртеді. Адамның өмірі мен ақынның өлеңдері – мәңгі егіз. Қазақ өлеңіне құбылыс болып келіп, өзіндік үн мен жойылмас жол қалдырған Мұқағали ақынның қазақ халқы барда мәңгі өлмек емес.

Биыл ақынның туғанына - 90 жыл. Ұлттың ұлы перзентіне айналған Мұқағали ақынның шығармашылығын дәріптеу, зерделеу, насихаттау қанша жыл мен замандар өтсе де тоқтамақ емес. Тоқтамайды да. Қаншалықты оқыған сайын, үңілген сайын жаңа сыры мен нәрі тереңдей береді.

Жанна Тұрсынғалиева,

Жаңақала тарихи-өлкетану музей экскурсоводы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале