4.05.2022, 15:00
Оқылды: 78

Менің әкем, менің анам майдангер

Биыл Ұлы Отан соғысының Жеңісіне 76 жыл толады. Бұл Жеңіс оңайлықпен келмегені халқымызға аян. Ел басына күн туған сағаттарда намысы бар ер азаматтар ержүректілігін, қайсарлығын көрсете білді. Өз Отанын қорғауға келгенде ерліктің ерен үлгісін көрсеткен ол – қазақ халқы.

23

Бүгінгі ұрпақтың бақытты өмірі үшін, туған жеріміздің әр сүйемін қорғау үшін, жеңіс күнін жақындата түсуі үшін майданға алғашқылардың бірі болып,  аттанғандардың ішінде менің ардақты ата-анам Арон Қонақбаев мен Әзима Ниязғалиева да болатын. Ол кезде олар өрімдей жас, арманшыл жас жігіт пен бойжеткен қыз еді. Әкем Белоруссия жерінде 189-шы атқыштар полкінің аға сержанты, байланыс бөлімшесінің командирі болған. 1942 жылы жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде ерлік көрсеткені үшін «Ерлігі үшін» («За отвагу») медалін алады. 1944 жылы Риганы азат етудегі қиян-кескі ұрыста ауыр жараланып, оң қолынан айырылады. Сөйтіп, Риганы азат етуде екінші рет «Ерлігі үшін» медалімен марапатталады.

Әкем жаумен жан аямай арпалысқан сәтте ерлікті жасағаныңды білмей де қаласың деп әңгімелейтін. Рига түбіндегі шайқаста ауыр жараланып, қанға боялып жатсам да, бораған оққа қарамастан байланысты үзбеу үшін сымды тісіммен жалғап жаттым деп еске алатын.

Соғыс бітіп, әкем елге оралды. Майдангер ару Әзима Ниязғалиевамен отау құрып, кейін Жымпитының байланыс торабында ұзақ жылдар жемісті еңбек етті. Ерлі-зайыпты екеуі сегіз бала тәрбиелеп, ардақты ата-ана болды.

Ал анам Әзима туралы айтар болсам, соғыс басталғанда 17 жастағы өрімдей жас комсомол ару болатын. 1942 жылы өз еркімен ауданымыздан бес қыз Отанын қорғауға аттанды. Солардың бірі менің анам Ниязғалиева Әзима болатын. Қиыр Шығыста жапон милитаристерінен қару-жарақ сақтайтын қойманы күзетуде болып, қар төсеніп, мұз жастанып, 1945 жылы анам және майдангер  құрбысы Мүслима Үмбетова  екеуі аман-есен елге оралады.

Елге келгеннен кейін анам 166-кәсіптік техникалық (Сырым колледжі) училищеде ұзақ жылдар оқушылар тәрбиелеуде өзінің мол тәжірибесін жұмсап, аянбай еңбек етті. Сарғайған газет беттеріндегі фото суреттерге үңілсем, менің ата-анамның майдандағы ерліктері, бейбіт өмірдегі жемісті еңбектері көптеп жазылған екен. Ұлы Жеңістің атаулы даталарында берілген орден медальдары, жасаған ерліктері, оқушылармен кездесулері, жүріп өткен өмір жолдары кейінгі ұрпаққа үлгі болады деп ойлаймын.

Кезінде ауданымыздың құрметті ақыны Қама Хабиева менің анама мынадай өлең жолдарын арнапты:

Әзима апа, күрделі тағдыр кешкен,

Алапат ауыр кездер кетпей ме естен?!

Ұзақ өмір жасай бер, бейбіт күнде,

Серпіліп самал желдей көктемде ескен!

Өлең 1986 жылдың 19 маусымында «Қызыл ту» газетінде жарық көріпті.

Менің қымбатты да аяулы әке-шешем, қос қанатым Арон Қонақбаев мен Әзима Ниязғалиеваны есіме алып, олардың майдандағы ерліктерін әңгімелегенді жөн көрдім.

Сұрапыл соғыс бізден алыстаған сайын бүгінгі бейбіт өмірімізді, ашық аспанымызды, туған жерімізді, қасық қаны қалғанша қорғаған майдандангерлер есімі санамызда жарқырай түсіп, жүрегімізде мәңгі сақталмақ.

Дариға Қонақбаева,

ардагер-ұстаз,

Сырым ауданы

Жымпиты ауылы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале