17.06.2021, 16:35
Оқылды: 59

Мерейтоймен құттықтады

Өңір әлеуетінің дамуына сүбелі үлес қосып, ерен еңбегімен танылған ел азаматтарының игі ісін ескерусіз қалдырмай, лайықты түрде еленуі дәстүрге айналғалы қашан. Бұл үрдіс аға буын мен жастардың арасындағы сый-құрметті еселеп қана қоймай, алдыңғы толқынның үлгілі қызметі мен  еңбек жолын насихаттауда маңызы зор екені сөзсіз. Осы мақсатты көздеген аудан әкімінің орынбасары Мейрамбек Аққалиев пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Иманбай Машотов   ауданның құрметті азаматы, кезінде Жәнібек аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, Орда ауданның  партиялық-ұйымдастыру және кадрлық жұмыс комиссиясы төрағасының орынбасары, аудандық қоршаған ортаны қорғау  жөніндегі бас инспекторы, 2004-2007 жылдары  "Nur Otan" партиясы аудандық филиалының бірінші орынбасары қызметтерін атқарған еңбек ері Болат Лұқпановтың шаңырағына арнайы бас сұғып, мерейлі 80 жасқа толуымен құттықтады.  

3BD91980-2C69-4FCC-84B1-6014567891E4

– Ауданымыз құрылғаннан бастап түрлі салада аянбай тер төгіп, табанды еңбек еткеніңізді бөкейлік ағайын жақсы біледі. Сіздей азаматтардың ғибратты  ғұмырын, өнегелі қызмет жолын жастарға көрсету парызымыз деп білемін. Алдымызда жөн сілтер ақылшымыз боп жүре бергейсіз, – деп тілегін арнаған аудан әкімінің орынбасары М.Аққалиев аудан әкімінің алғысхаты мен сый-сыяпатын табыс етті.

– Өңіріміздің  алға жылжып, жарқын жетістіктерге жетуіне сіз де қомақты үлес қостыңыз. Парасатты да байсалды қалпыңызбен сыйлысыз, абырой биігінен түспедіңіз, – деп ілтипат танытқан Иманбай  Машотов та мерейтой иесінің жақсы істері туралы тарқатып айтып берді. 

Сексеннің сеңгіріне шыққан ақсақал да  келген меймандарға зор ризашылығын білдіріп, елдің амандығын тілеп, ақ батасын арнады.

Арайлым Фарит,

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале