8.05.2020, 16:21
Оқылды: 31

Мерекелік марапат - майдангерге арналды

20200508_121153

Бүгін Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерекесін салтанатпен атап өту мақсатында Қазталов ауданының әкімі Есалиев Альберт Темірболатұлы жастық шағын қан майданда өткізген, ауданымыздағы жалғыз соғыс ардагері Сәрсембиев Жұмат Сақыпұлының шаңырағында болып, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы құттықтауы мен ауылдастарының ыстық сәлемін жеткізді.

Сәрсембиев Жұмат Сақыпұлы 1923 жылы Жаңақала ауданының №8 «Байторы» ауылында дүниеге келген. 1942 жылдың сәуір айында Жаңақала ауданынан Қызыл әскер қатарына алынады. 1943 жылдың қаңтар айында №65 атқыштар полкы қатарын толықтырып,  1943 жылы ақпан айының он үшінші жұлдызында Ростов қаласын жаудан босатуға қатысып, кейін Украина майданы сапымен №58 атқыштар дивизиясы құрамында Орел-Курск, Прохоровка, Усманов қалалары мен бірнеше селоларды жау қолынан босатуға қатысады. Осы  шайқастарда жауынгерлік тапсырманы ойдағыдай орындағаны үшін ерлігі ескеріліп, кеудесіне ІІІ дәрежелі жауынгерлік «Даңқ орденін» қадайды.

- 9 мамыр - көптеген халықтың ұлтына, жеріне, діні мен тіліне қарамастан бірге тойлайтын біздердей ардагерлердің төл мейрамы. Ерлік істер еш уақытта ұмытылмайды. Ұлы Жеңіс мейрамы құтты болсын! Ұрпақтарыма зор денсаулық, шаңырақтарына бақ-береке, еңбектеріне табыс тілеймін! Елімізде ешқашан соғыс болмасын - деді ел тілегін жылы қабылдаған қарт майдангер.

Салтанатты мерекеге орай Жалпақтал Мәдениет үйінің өнерпаздары әннен шашу шашты.

 

Қыдыр Харесұлы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале